
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті алыс шетелдердің жетекші университеттерімен ынтымақтастықты жақсарта түсуде.Күні кеше ЕҰУ Франция университеттерімен меморандумға қол қойды. Қол қою рәсімі Париждегі Қазақстан-Франция жоғары оқу орындарының VII форумы аясында өтті.
Шара Қазақстан мен Франция арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуына арналған. Форумға екі елдің ғылым және жоғары білім министрлері қатысты. Алқалы жиын аясында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ғылым, коммерцияландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Жанна Құрманғалиева Бордо Монтень университетінің, Париж колледжінің және инжиниринг жоғары мектебінің өкілдерімен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Сонымен қатар кездесу барысында ЕҰУ делегациясы Шығыс тілдері мен өркениеттері ұлттық институтымен және Жан Мулен Лион университетімен ынтымақтастықты нығайту мақсатында келіссөздер жүргізді, Vatel бизнес мектебімен туризм және қонақжайлылық және Париж Саклай университетімен іскерлік байланыстар орнатты. Атап көрсетерлік жайт, ЕҰУ-да әлемнің 29 елінен студенттер оқиды. Университет бірлескен ғылыми жобалар, академиялық ұтқырлық бағдарламалары және екі диплом бойынша мүмкіндіктерді кеңейтіп, шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнатқан. Францияның білім беру ұйымдарымен байланыс нығайып келеді. Олардың арасында Савой университеті, Лион католик университеті, Ұлттық шығыс тілдері және өркениеттер институты, Лион университеті, Пуатье университеті, ФАКО Париж, Лиллдегі Жоғары инженерлік мектеп, Марн-Ла-Валле университеті бар. Болашақта бұл игі істер қанатын кеңге жая беретін болады. М.Балқыбекұлы