Орталық Азия елдерінде күн қатты ысып, ауа температурасы көптеген жылдың рекордын жаңартты. Биыл өңірде жаңбыр жаумаған, су деңгейі де төмендеп кеткен. Қуаңшылық кесірінен экономикалық проблема туындады. Өңірдегі құрғақшылық зардабы шаруалар мен малшыларға ғана емес, қарапайым адамдарға да тиіп жатыр. Халық орашолақ әрекеттерге жауаптыларды, проблеманың шешілмеуіне кінәлілерді іздеп әлек.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ
Қатты қуаңшылық ең алдымен шаруалар мен малшыларға ауыр тиеді. Маңғыстау облысында тұратын қоғам белсендісі Жәнібек Қожық Азаттық радиосына ауыл ақсақалдарының биылғыдай қуаңшылықты өмірі көрмегенін айтты. Ол қуаңшылық келе жатқаны көктемде белгілі болғанын айтып, дер кезінде шара қабылдамаған шенеуніктерді кінәлады.
Маңғыстауда шөлді жер көп. Дегенмен, мал шаруашылығына жарамды жерлер де бар. Сондықтан ауылдардың шығыны қой, сиыр, жылқы санымен өлшенеді. Бірақ қанша мал қырылғанын ешкім нақты айта алмайды.
Қазақстанның көп бөлігінде мал жайылымға шыға алмай, жем-шөп күрт қымбаттады. Маусымда «малшылар жылқыларына картон қағазын беріп жатыр» деген ақпарат шықты.
Жәнібек Қожық жұрт малына беру үшін Ақтаудан картон қағазын тасығанын, бірақ қазір «картон да жетіспей жатқанын» айтады.
Қазақстан үкіметі жағдайдың күрделі екенін кеш мойындады. Бірақ Қазақстанның басқа облыстарынан шөп әкеліп, оны тиімді бағамен сату шарасын қабылдады. 26 шілдеде ауыл шаруашылығы министрлігі жем-шөп экспортына алты айға тыйым салды.