Жаңалықтар

БІЛІМ БӘСЕКЕЛЕСІНДЕ БӘСІ БИІК УНИВЕРСИТЕТ

Әлемде адам капиталын дамытуға лайықты мүмкіндіктерді жасап жатқан қазіргі кезеңде бәсекеге қабілетті болашақ өскіндерді өмірге даярлауда білім беру сапасын артыру маңызы күн санап арта түсуде. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың бастамасымен бұл бағыттағы жұмыстар серпін алып, ілкімді іс-шаралар жүзеге асырылуда. Білім мен білігі ұштасқан, озық технологияны еркін меңгерген педагогикалық мамандарды даярлау міндеті де қаурыт қолға алынды. Бұл дегеніміз ел ертеңін ойлау болып табылатыны баршаға аян дүние. Сондықтан да болашақ ұстаздардың сапаға сай маман иесі болып қалыптасуы олардың қазіргі қарқынды дамудағы динамикалық өмірге еркін қатысуға деген құзыреттілігі жоғары оқу орындарының алдында тұрған басты міндет болып тұр.

ПЕДАГОГИКАҒА СҰРАНЫС ПЕН ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ АРТЫП КЕЛЕДІ

Ғылым мен технология қарыштаған жаhандану дәуірінде қоғамның болашақ құрылысшылары өскелең ұрпақтың ақыл-ойы мен білімін бәсекеге қабілетті ету аса қажеттілік шарттылығына айналғаны белгілі қағида. Осынау қағиданы жас ұрпақ санасына сіңіріп, болмысына дарыту мектеп ұстаздарының басты міндеті. Сондықтан да қалыптасқан жағдайға сай мектеп ұстаздарына деген көңіл ерекше бөлінуде. Атап айтқанда, 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша жыл сайын мұғалімдердің жалақысы көтеріліп келеді. Бұл құқықтық құжат ұстаздарды міндетіне жатпайтын функциялардан босатуға мүмкіндік берді.

Президент жолдауын жүзеге асыру аясында 2023 жылдың қаңтарынан бастап мұғалімдердің жалақысы тағы да жиырма бес  пайызға өспек. Қазір мұғалімдердің көпшілігі аптасына бұрынғыдай 6 күн емеc, 5 күн жұмыс істейді. Сондай-ақ еңбек өтілі 25 жылдан асатын ұстаздар арнайы медальдармен марапатталатын болды.

Мемлекет қолайлы жағдай жасау үшін жұмысты жалғастыруда. Соңғы ресми деректерге сүйенсек биылғы жылдың өзінде мектеп мұғалімдерін қолдау үшін мемлекет бюджетінен 200 миллионға жуық қаражат жұмсалыпты. Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында, әсіресе ауылдарда ыңғайластырылған мектептер пайдалануға берілмек. Ұстаздық мамандыққа түсу талабыда қайта қарастырылды.

Ұстаздық мамандығына деген талаптар мен  сұраныстардың артуымен қатар оған деген қызығушылық та оянды. Осы орайдан алғанда қазір Республикамыздағы  көптеген жоғары оқу орындарының әсіресе «Бастауышта оқытудың педодагогикасы мен  әдістемесі» мамандығы бойынша болашақ мұғалімдерді дайындауды жаппай қолға алғаны қуантарлық  жағдай болып отыр.

САПА МӘСЕЛЕСІ ҚАНДАЙ?

Топырлатып диплом алып жатқан  сол түлектер бастауыш сынып мұғалімі деген атаққа лайық па? Министрлік тарапынан осы мамандыққа қатысты жүргізілген тексерулер көптеген оқу орындарындағы профессор оқытушылар құрамы сапасының сын көтермейтінін анықтап көрсетуде. Жабылғандары да көп. Бұл мамандық иелері еліміздің бүгінін бекітетін, ертеңін жеткізетін ең жауапты дәріскер тәрбиешілер ғой.

Сондықтан да жауапты  құзырлы органдар, ата-ана, қоғамдық қауымдастықтар бұл мамандық иелерін материалдық-техникалық базасы уақыт сынынан сүрінбей өткен, бүгінгі талапқа сай оқу орындарында, яғни іргелі университетте ғана даярланса деген ұсыныстар мен талаптарды қоюда. Бұл уақыт  талабы мен мамандыққа деген зәруліктен, яғни саналы көз-қарастан туындаған ұсыныс. Шынында да қазір бастауыш сыныптарда сабақ беріп жүрген мұғалімдердің көбісінің кәсіби біліктілігінің төмендігін құзырлы органдар тексеруінен алынған нәтижелерден, ақпараттық басылымдар мен арнайы хаттамалық ескертулерден белгілі болып отыр.

Мұндай  жағдайлар  Қазақстан Республикасы Сенатының тағы да басқа құзырлы органдардың талдауында да ашық айтылды.  Сонымен қазіргі басты міндет заман ағымынан қалыспай, дамыған елдер үлгісі ұстанымында жұмыс істейтін мұғалімдерді даярлау болып отыр. Осы міндет үдесінде Ә.М.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті нәтижелі жұмыстарды атқаруда.

Атап айтқанда университет әлемдік және отандық жетекші оқу орындарымен мақсатты ынтымақтасты қатынасты жолға қойды. Белгілі мақсат-міндеттерді жетілдіру аясында Малайзияның, Өзбекстан мен Ресейдің және Қазақстандағы  белгілі университеттермен бірлескен іс-тәжірибе алмасу мақсатында меморандум жасалған. Онда ғылыми-тәжірибелік ізденістерді жандандыру жоспары бекітіліп ынымақтастық келісімдеріне қол қойылды.Қазіргі таңда нәтижелі жұмыстар атқарылуда.

Сондай-ақ студенттердің академиялық ұтқырлық байланысы бойынша Қазақстанның беделді оқу ордасы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеттерімен де қарым-қатынас жалғасуда. Студенттеріміз әр түрлі олимпиадаларға қатысып жүлделі номинацияларға ие болуда. Ғылыми жобаларын қорғауда топ жарған студенттеріміз бар. Студенттер айналысатын «Жас педагог», «Жас психолог» «Ғылыми тәжірибелер алаңы» т.б. бірлестіктерінде зерттеу жұмысына бейімділікті қалыптастыруда жемісті жұмыстар жалғасын табуда.

Бүгінгі таңда Ә.М.Қуатбеков атындағы Халықтар Достығы университеті білім беру сапасы бойынша тәуелсіз бағалаудың нәтижесінде жоғарғы оқу орындары арасында оң баға алғандар қатарында. 1921 жылғы білім беру бағдарламасының рейтингісі бойынша да үздік жиырмалыққа еңген болатын. Сондай-ақ аккредиттеу және тәуелсіз агенттігінің 2022 жылғы ҚР ЖОО-ны ұлттық сұраныс рейтингісінде де оң бағалауға ие болды.

Университет білім беру, ғылым мен инновациялық дамыту, әлеуметтік-мәдени даму және халықаралық ынтымақтастықты нығайту сынды негізгі жүйеде жұмысын тиімді жалғастыруда. Нәтижелер жақсы. Жетістіктерге қол жеткізуде «Педагогика және психология» кафедрасыныңда қосқан елеулі үлесі мол. Кафедра 6В01110-«Педагогика және психология», 6В01210-«Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу», 6В01310-«Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі», 6В01910-«Дефектология», 6В01430-«Музыкалық білім» білім беру бағдарламаларын сұранысқа сай даярлауда үдеден шығуда. Шәкірттеріміздің өндірістік тәжірибеден өтуін және жұмысқа қабылдануын  қамтамасыз ету мақсатында білім беру мекемелері мен меморандумдар жасалған. Нәтижесінде түлектеріміздің жұмысқа орналасуы 72%қамтып отыр.

500 орындық жатақхана студенттер игілігіне берілді

Университетте әлеуметтік аз қамтылған, жалғыз басты аналар т.с.с., әлеуметтік қолдауға зәру отбасыдан оқуға қабылданған студенттерге әлеуметтік нақты көмек көрсету шаралары да қолға алынған.

Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі білім беру бағдарламасы мамандарын дайынтайтын «Педагогика және психология» кафедрасын, ұстаздығы үздік, үлгілігі мол белгілі ғалым, 2009-2015 жылдардағы «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік гранттарының, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Ерең еңбегі үшін» медалінің, Төле би ауданының құрметті азаматы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Е.О.Омар басқаруда. «Педагогика және психология» кафедрасының профессор оқытушы құрамының біліктілігі мен кәсібилігі өте жоғары. Кафедрада 4 ғылым докторы, 4 ғылым кандидаты, 1 PhD докторы, 10 жуық магистр аға-оқытушылар  оқу үрдісін қамтамасыз етуде.

Талантты ұстаздың шәкірттері де талапты болады қағидасын ұстаздар, ата-аналар қауымы жақсы біледі. Осы қағиданы ұстанған университетіміздің негізін қалаған профессорлар Ә.Ж.Елтаев, У.О.Камардинова сияқты ұлағатты ғалым ұстаздарымыз университет мақтанышына айналған тұлғалар. Ә.Ж.Елтаев Санк-Петербург (бұрынғы Ленингад) ғылыми мектебінің, ал Ұ.О.Камардинова әйгілі Мәскеудегі Ломоносов атындағы университеттің түлектері. Ғылыми дәрежелерін де айтулы ғылым ордаларында қорғаған ғалымдар. Олар шәкірттеріне тікелей өздерінің өнегелі өмір жолымен, ғылыми-әдістемелік зерттемелік әрі тәлімгерлік жұмыстары арқылы үлгі көрсетуде. Ол кісілер еңбекқорлығымен ұжымдастары арасында үлкен беделге де ие ұстаздар.

Қазіргі таңда университетіміз талапқа сай ұлттық орталық аккредиттеген академиялық оқыту бағдарламаларды қолданып, педагогтардың біліктілігін арттыра отырып, педагогикалық білім алатын студенттерді даярлау, сапасын арттыру, педагогтың замануи этикалық стандартын қамтамасыз ету, тәжірибелік дайындық және еңбек нарығын лайықты кадрлармен қамтамасыз ету бағытында жемісті жұмыстар атқаруда.

Ескере кететін өте өзекті мәселенің бірі қазіргі таңда студенттердің жатақханаға зәру екендігі де баршаға белгілі. Бұл мәселе  университет тарапынан шешімін тапқан. 2022 жылы  500 орындық жатақхана тұрғызылып студенттер игілігіне берілді. Онда барлық  жағдайлар жасалған.

Қазіргі басты мәселенің бірі білім саласын цифрландыру болып отыр. Өйткені заман көшіне ілесу – уақыт талабы. Университеттегі оқу аудиторияларының барлығы да компьютерлік техникалармен жабдықталып интернетке жалғанған. Университет әкімшілігі бұл мәселеге айрықша көңіл бөлуде.  Сайып келгенде университетімізде білім беру үрдісінде цифрлық ресурстар кеңінен қолданысқа ие. Ұлт болашағының көсегесін біліммен көгертетін елдің ертеңінің кемел, еңсесінің биік болу мақсатын жүзеге асыруда университетіміз барлық жағдайды жасауда. Біздің білім бәсекесінде бәсіміздің биік болуы басты мақсатымыз және оған мүмкіндігіміз мол. Педагогикалық мамандық таңдаудың маңыздылығын ескере отырып, біздің университетті таңдасаңыз қателеспейсіз.

С.ҚЫПШАҚБАЕВА,

Академик Ә.М.Қуатбеков атындағы

халықтар достығы университеті,

«Педагогика және психология»

кафедрасының аға оқытушысы

Қатысты жазбалар

Шымкентте 2500 адам қысқа мерзімді оқуға жолданады

admin

«Байдың тойында шулаған елді өзіне ұйытып әкетті»: танымал асаба Тамара Асар жайлы естелікпен бөлісті

AdiletTV

КНБ задержан заместитель акима г.Шымкента 49-летний Исахов Максут Пернебаевич

AdiletTV

Пікір қалдыру