Қоғам

Мұрат Әйтенов шымкенттіктерді Көрісу күнімен құттықтады

Қала әкімі «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығындағы» қариялардың амандығын сұрап, батасын алды.

Шымкенттік тұрғындар Әз Наурыздың алғашқы мерекесі – Көрісу күнін атап өтуде, деп хабарлайды adilettv.kz.

Таңертең Астана алаңынан бастау алған мереке қаланың бірқатар көрікті орындарында және Shymqala этноауылында жалғасты. Қыстан көкорай көктемге аман жеткен жұртшылық Көрісу күнінің игі дәстүрін жалғап, бір-бірінен саулық сұрасып, төс қағыстырды. Бұл күні қала әкімі Мұрат Әйтенов шымкенттіктерді Көрісу күнімен құттықтап, ұлыстың Ұлы күні қарсаңында ұрпақтар сабақтастығын жалғастырмақ ниетте қала жастарымен көрісіп, «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығындағы» қариялардың амандығын сұрап, батасын алды. Ал, ұлттық киім киген, домбырасын бауырына басқан өнерпаздар ән-жырдан шашу шашып, Көрісу мерекесінің көркін қыздырды. Абыз ақсақалдар мен әжелердің жас буынмен жарқын жүздесуі ұлт болашағы, жастар тәрбиесі, ұлттық құндылықтар турасындағы тағылымды сұқбатқа ұласты. Айта кетейік, аталған орталықта күн сайын мұнда 700-ден астам тұрғын 30 шақты қызмет түрін алады. Заман талабына сай, жабдықталған орталық – бүгінде қариялардың басын қосатын алаңға айналып отыр.

Сондай-ақ, қаланың айшықты жері Абай саябағында Шымкент-Цирк, Абай атындағы қалалық орталық кітапхана, Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейі мекемелері көрісіп, әннен шашу шашып, дәмнен ауыз тиді. Ұлы Абай айтқандай, «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» мәре-сәре болысты. Ұлттық киім киген, домбырасын асынған көпшілік қала тұрғындарына мерекені сезіндірді.

– Көрісу – адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін ізгі амал. Бұл күннің өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын тағылымы мол. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігі табиғат-анамен тығыз байланысқан халқымыз үшін Көрісу дәстүрі – жаңару мен жасампаздықтың, ырыc пен берекенің бастауы, – дейді қала тұрғыны Мақсат Әмірбеков.

Қатысты жазбалар

БӘЙДІБЕК БИ-АРҒЫНБЕКОВ ЖОЛАЙЫРЫҒЫ – МЕГАПОЛИС ҮШІН МАҢЫЗДЫ ЖОБА

admin

БІЛІКТІ ҰСТАЗ – ДАРЫНДЫ ШӘКІРТ

admin

Қазақстан айырбастау пункттеріндегі 4 наурыздағы валюта бағамы

AdiletTV

Пікір қалдыру