Шымкент

ШЫМКЕНТ: ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНДА 26 БАЛАЛАР ОЙЫН АЛАҢШАСЫ САЛЫНУДА

Шымкент қаласының Еңбекші ауданында қолға алынған 39 аула реттеліп, 26 балалар алаңшасын салу жұмыстарының алғашқы легі аяқталды. Мамандардың мәлімдеуінше, барлық нысандар тамыз айында толығымен пайдалануға беріледі. Аудан әкімдігінің қызметкерлері мен БАҚ өкілдері сол алаңшаларда болып, атқарылған істің сапасын көріп шықты.

Биыл 10-ға жуық мердігер компаниялардың қолға алған жұмыстары қызу қарқынмен басталды. Қала әкімінің қала аумағындағы инфрақұрылым жүйелерін дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Еңбекші ауданында аулаларды абаттандыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Ең алдымен, көпқабатты үй тұрғындары мен аудан әкімдігінің көңілінен шығып отыр. Алайда, жұмыс енді басталды. Әлі атқарылар тірлік көп. Бастысы, іс сапалы болуы тиіс.

200 мыңнан аса тұрғыны бар Еңбекші ауданында орналасқан 283 көп қабатты тұрғын үй 132 аулаға біріктірілген. 2021 жылдан бастап абаттандыру жұмыстары «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында іске асырылуда. Бүгінде 39 көп қабатты тұрғын үйдің ауласы абаттандырылуда. Оның ішінде 26 аулада балалар алаңшасының құрылысы аяқталып, мердігерлерден қабылдау жұмыстары жүріп жатыр.

Сондай-ақ, тұрғындардың ұсынысымен “Елтай” тұрғын алабы, Найзатас көшесінің бойынан “Халық қатысатын бюджет” жобасы аясында заманауи балалар ойын алаңшасы орнатылды. Президенттің тапсырмасына сәйкес бұқаралық спортты дамыта отырып, салауатты өмір салтын қалыптастыру ісін жүзеге асыру мақсатында аудандағы ойын алаңшаларын қайта жасақтау, аулаларды абаттандыру жұмысы биыл да жалғасады, дейді мамандар.

Айта кетейік, 2023 жылы “Халық қатысатын бюджет” жобасы аясында Шымкент қаласы Тұран ауданында 10 балалар ойын алаңшасын орнату жоспарлануда. Бұл туралы Тұран ауданының әкімі Боранбай Болатбеков брифинг барысында мәлімдеді. Қазіргі уақытта Тұран ауданында барлығы 296 балалар ойын алаңшасы бар. Ал, биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында аудан аумағында 10 балалар ойын алаңшаларын орнату жоспарланған.

Пікір қалдыру