Шымкент

ШЫМКЕНТ: ИНФРАҚҰРЫЛЫМ – ЕЛ ИГІЛІГІНЕ

Бүгінде Шымкент қаласында тұрғындарды таза ауыз су, сапалы электр қуаты және табиғи газбен қамту бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Инфрақұрылым желілерін жүргізу барысында, әсіресе, қаланың орталығынан шалғай орналасқан шеткі шағын аудандар мен тұрғын алаптарға басымдық беріліп отыр. Солардың бірі Еңбекші ауданына қарасты Жұлдыз елді мекеніндегі Жаңа құрылыс аймағы. Аудан әкімі Досбол Есілбек пен БАҚ өкілдерінен құралған арнайы топ аталған жердің инфрақұрылымдық жүйесі мен алдағы жұмыс жоспарымен танысты.

Аудан аумағындағы 29 шағынаудан мен тұрғын алаптардың халық шоғырланған негізгі бөлігіне бүгінде инженерлік жүйелер тартылған. Жергілікті халықтың 94,5%-ы ауыз сумен, 98,3%-ы электр жарығымен, 90,7%-ы табиғи газбен қамтылған. Ал, жаңадан қосылған Қарабастау, Жұлдыз, Қаратөбе, Тоғыс, Жыланбұзған, Айнатас елдімекендеріне су құбырлары жаңадан тартылуда. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы «Исфиджаб» тұрғын алабын ауызсумен қамтитын компания анықталуда.

Шымкент қаласының 2025 жылға дейінгі кешенді даму жоспарының аясында жүргізіліп жатқан бұл жұмыстардың уақтылы әрі сапалы орындалуын қала әкімі Мұрат Әйтенов жеке бақылауына алған. Нақтырақ айтсақ, Еңбекші ауданы аумағында 7 елді-мекеннің қамтылмаған жаңақұрылыс аумақтарын сапалы ауыз сумен қамту үшін “Сарыағаш-Аман” ЖШС тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Жұмыстар 2022 жылы бастау алып, “Тоғыс” тұрғын алабында қосымша ұнғыма қазылған болатын. Қазіргі таңда “Қарабастау” тұрғын алабы, Жаңақұрылыс аймағында құрылыс жұмыстары қарқын алуда. Жыл қорытындысымен аудан аумағында халық шоғырланған аймақтар толық сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.

Айта кетейік, бүгінде мегаполис тұрғындарының 93 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Жыл соңына дейін, Тұран, Ақтас-1, Ақтас-2, Нұртас, Батыс, Сәуле-276 орам, Ақжар және Арғымақ елді мекендеріне табиғи газ желісі жеткізіліп, көрсеткіш 94,7 пайызға жетеді деп күтілуде. Нәтижесінде 34 мыңнан астам адам табиғи газ жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады.

Пікір қалдыру