Премьер-Министр шағын өнеркәсіптік парктерді дамытуды ұсынды.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен бүгінгі Үкімет отырысында қаңтар-ақпан айларындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды, деп хабарлайды adilettv.kz.
Ел экономикасының жыл басынан бері орнықты өсіп келе жатқанына тоқталған Үкімет басшысы есепті кезеңде барлық негізгі макрокөрсеткіштер бойынша оң динамикаға ие өңірлер арасында Шымкент қаласын атап өтті. Премьер-Министр өңірлердегі бизнес-бастамаларды қолдау мақсатында Алматы мен Шымкент қалаларының тәжірибесіне сүйене отырып, индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктерді дамытуды ұсынды. Биылғы жылы қала бюджетінің шығысына 534,3 млрд.теңге жоспарланған. Есепті кезеңге 62,6 млрд.теңге қаржы қаралып, нақты 61,9 млрд.теңгесі игерілген, яғни жоспар толықтай орындалған. Әлихан Смайылов алдағы айларда экономиканың тұрақты өсу қарқынын сақтаудың маңызды екеніне тоқталып, министрлерге өңір әкімдерімен бірлесе экономиканы әртараптандыруда, тұрақты жұмыс орындарын құруда нақты тапсырмалар жүктеді.
Оның айтуынша, іскерлік белсенділікті арттырып, экономиканы сапалы дамуы үшін ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту, жоспарланған инвестициялық жобалар пулын жүзеге асыру жұмысын күшейту қажет. Бұл әсіресе, шикізаттық емес салаларға қатысты.
«Бизнеспен тұрақты түрде диалог жүргізіп, олар көтерген барлық түйткілді мәселелерді шешу қажет. Нәтижелі жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және халықтың нақты табысын арттыру негізгі басымдық», — деп атап өтті Премьер-Министр.
Қорытындылай келе, Үкімет басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудың және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаржылық тәртіпті күшейту жөніндегі жұмысын жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.