Ақтөбе облысында полицей Әділ-Қаһар Қадіров бір отбасын өрттен аман алып қалды, — деп хабарлайды Aspan.info тілшісі ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Наурыздың 1-і күні Байғанин ауданының аға инспекторы Әділ-Қахар Қадіров жұмысқа бара жатқанда көршілерінің үйінен қою түтін шыққанын көрген. Полицей жақынырақ келіп, өртті көрді.
«Әділ-Қаһар үй иесін айғайлап оятып, кәмелетке толмаған үш баланы бірінен соң бірін көтеріп әкетті. Ол ең кенжесі 5 жасар баланы көтеріп келе жатқанда, есінен танып құлап қалды», — деп нақтылады полиция.
Осы кезде өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем қызметкерлері келіп, полицейді үйден шығаруға көмектесті. Ол уланып ауруханаға жатқызылды. Қазір тәртіп сақшысының өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.