Елімізде енгізілген Наурызнама онкүндігінің алтыншы күнінде Сайрам ауданында 6300 дана көшет егілді. Жаңару мен жаңғырудың жаршысына айналған аталмыш дәстүр Ақбұлақ ауылында басталды.
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өткен шараға Сайрам ауданы әкімі Арман Сәбитов, «Таулы Қарабах» ардагерлер мен мүгедектер одағының төрағасы, Ауған соғысының ардагерлері, Қоғамдық кеңес мүшесі, бұдан бөлек, аудандық «Исфиджаб» ЖШС және «Пульс Сайрама» басылымдарының қызметкерлері, «Қоғамдық келісім» мен мемлекеттік мекемелердің бөлім басшылары, қызметшілері және ауыл тұрғындары қатысты.
«Ардагерлер саябағының» ауласына отырғызылған емен, шырша ағаштарының шыбықтары айналаның шырайын ашты. Ізгі бастамаға қолдау білдірген аудан басшысы зиялы қауым өкілдерімен бірге ағаш көшеттерін отырғызды. Сондай-ақ аталмыш бастаманың мәні айрықша екенін, алдағы уақытта абаттандыру жұмыстары жүйелі жалғасатынын жеткізді. Әрбір тұрғын табиғатқа деген құрметін өз босағасынан бастап, аудан аумағын көк майсамен көмкеруге атсалысуы абзал екенін айтты.
Айта кетейік, аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, Сайрам ауданындағы елді мекендерді абаттандырудың 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілген болатын. Биыл көктемде аудан бойынша 23 300 дана көшет отырғызу жоспарланған. Бүгінде бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі