14.3 C
Shymkent
4 октября, 2024
Жаңалықтар Қоғам Шымкент

ОҚМПУ ҚАБЫРҒАСЫНА ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВТЫҢ ЕСКЕРТКІШ ТАҚТАСЫ ІЛІНДІ

«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген халық нақылы бекер айтылмаса керек. Елі үшін еңбек етіп, ғибратты ғұмыр кешкен Өзбекәлі Жәнібеков шынында да қазақ елі аман-сау тұрғанда арымайтын, уақыт жылжып, ғасыр өткен сайын елінің дара азаматы болып қала беретін ұлтымыздың ұйытқысы екені хақ.

Тарихы 90 жылға жуықтаған Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне былтырдан бері Өзбекәлі Жәнібеков атауы берілгені белгілі. Аз уақыт ішінде университетте нар тұлғаның қайраткерлігін дәріптеуде көптеген жұмыстар атқарылуда. Қайраткерлік рухтың тәлім-тәрбиеге қосар үлесі ескерілгені болар, оқу орны ішінен былтыр «Өзбекәлі Жәнібеков орталығы» ашылса, бүгін университет қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. «Жәнібеков оқулары – 1» тұңғыш ғылыми-теориялық конференциясы бастау алды.

«Қазақ руханиятының шынайы жанашыры һәм жоқшысына айналған Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен қызметі туралы талай-талай естеліктер айтылды, айтыла береді. Жақында «Рух сардары» атты ақындар айтысын өткіздік. Мақсатымыз Жәнібековтың халыққа еткен еңбегін насихаттау, дәріптеу. Ел ағасы, ұлт жанашырының азаматтық болмысын, тілге, мәдениетімізге жасаған жанашырлығын өскелең ұрпақтың есінде сақтауда әлі де игі істерді жалғастыра беруге тиіспіз» деп бастады алқалы жиынды Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің басқарма төрағасы-ректор міндетін уақытша атқарушы Гүлжан Сүгірбаева.

Конференцияның ресми бөлімі Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хатымен бастау алды. Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Бахтияр Өнербаев та сөз алып, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың конференция қатысушыларына арнаған құттықтау хатын жеткізді.

– Тарихи мұрамызды зерделеп, оны өскелең ұрпақтың санасына сіңіруде осындай жиындардың маңызы зор. Өзбекәлі Жәнібеков саналы ғұмырын қазақ халқының өсіп-дамуына, жаңаруына, мәдениеті мен өркениетінің өркендеуіне арнаған тарихи тұлға. Тарих пен ана тілімізге қосқан үлесі бір төбе. Қазақтың Наурыз мейрамымен қауышуына, тайқазанның Түркістанға қайтарылуына, ел аумағында этнографиялық музейлердің ашылуына ерекше үлес қосты. Осындай тұлғаның ғибратты ғұмыры, ел мүддесі жолындағы еңбегі қашанда жастарға үлгі-өнеге болары сөзсіз, – деді Бахтияр Әлтайұлы.

Сондай-ақ, конференция аясында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұлт жанашыры атанған ғалым-этнографтың жәдігерлерін ала келіпті. Көрмеге 60-тан аса жәдігерлер, олардың қатарында Өзбекәлі Жәнібековтің балалық шағы мен қызметтік жылдарындағы фотосуреттерін, өзінің тұтынған заттары – фотоапараты, қол сөмкесі, қаламы, шапаны, бас киімін, қаламынан туған «Отырар», «Қазақ киімі», «Жолайрықта», «Тағдыр тағылымы», «Эхо» сынды кітаптары мен мақалаларын, қызмет атқарып жүргенде берілген естелік заттарын, жұмыс бөлмесінде пайдаланған мәрмәрдан жасалған қаламсабын жиналған қауым қызығушылықпен тамашалады.

Конференцияда қайраткер тұлғаның тарихи-этнографиялық мұралары, тұлғатану бағыты, еңбектеріндегі ұлттық тәрбие және педагогикалық құндылықтар, ұлттық қолөнер туралы зерттеулері жинақталып, тың деректер таныстырылады. Зерттеу еңбектер қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жазылып, конференция материалдары бойынша электронды еңбектер жинағы шығарылады.

«Шымкент келбеті»

Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

БАӘ-де Kazakhstan Kagazy экс-бас директоры ұсталды

«Барменге обматерил». Желіде Қуандық Бишімбаевпен жаңа видео талқылануда

Алматы маңында өлі табылған ер адамның жоғалып кетуінің егжей-тегжейлері белгілі болды