31.3 C
Shymkent
Шілде 16, 2024
Жаңалықтар Қоғам Түркістан

ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНЫНДА ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ТОЙЛАНДЫ

Сайрам ауданында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына арналған салтанатты іс-шара өтті. Жаңару мен жақсылықтың нышаны саналатын, адамдарды шаттық пен бақытқа кенелтетін осынау айтулы мейрамды аудан тұрғындары да айрықша қуанышпен қарсы алды.

Мерекелік бағдарлама Ақсукент ауылындағы орталық саябақта Қызыр бабаның «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!» деген ақ батасымен басталды. Аудан әкімі Арман Сәбитов аудан тұрғындарын құттықтап, жүрекжарды лебізін жеткізді.

– Баршаңызды жер мен көктің жаңарып, тіршіліктің бастауы болған Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз – бұл, жыл басы ғана емес, ең алдымен, жасампаздық пен жақсылықтың, рухани тазару мен үйлесімнің, бейбітшілік пен берекенің белгісі. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде, Наурыз мейрамын жаңаша сипатта атап өтуді айтқан болатын. Соның негізінде енгізілген Наурызнама онкүндігіне Сайрам халқы да ерекше үлестерін қосты. Ежелден жаңару мен жаңғырудың бастауы, ырыс пен ынтымақтың арқауы болған әз-Наурыз еңбектеріңізге толағай табыстар әкелсін. Ерекше еңбекқорлығымен еленетін сайрамдықтар осынау Ұлыстың ұлы күнінен серпін алып, алдағы жұмыстарға барынша атсалысатынына сенемін. Ауданымыздың абыройы ынтымақпен арта берсін! Баршаңызға зор денсаулық, баянды бақыт, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, ағайын! – деді аудан әкімі.

Салтанатты шара аясында тұрғындар қазақтың төл өнері – қыз бен жігіт айтысын тамашалады. Аудан басшысы бүлдіршіннің тұсауын кесті. Бұдан бөлек салт-дәстүрді өскелең ұрпақ бойына сіңіру мақсатында шашу шашылып, бесікке салу, аластау жоралғылары жасалды.

Жиналған жұрт арқа-жарқа болып амандасатын мазмұнды мейрам қарсаңында киіз үйлер тігіліп, келген қонақтар ақ дастарханның басты асы саналатын Наурыз көже, қымыз және басқа да қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты. Нағыз тойда қазақы нақыштағы қойылымдар, спорттық жарыстар, гір тасын көтеру, арқан тартысу, асық ату, ойын түрлері ұйымдастырылып, мықтылар бақ сынады. Ал жастар жағы алтыбақан теуіп, мейрамды тамашалауға келген тұрғындарға аудан өнерпаздары шат-шадыман көңiл күй сыйлады.

AdiletTV Түркістан облысы әкімінің баспасөз сілтемесімен хабарлайды

Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

1688 Alibaba Қазақстан нарығына шықты

admin

Степногорсктегі авария, қуғындау және атыс. Полиция толық ақпарат берді

admin

Қазақстан мұнай өндіруді ерікті түрде қысқарту мерзімін ұзартады