3.3 C
Shymkent
13 декабря, 2024
Жаңалықтар Қоғам Түркістан

ТҮРКИЯ ЕЛШІСІ ТҮРКІСТАНДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕРГЕ ЖОҒАРЫ БАҒАСЫН БЕРДІ

Түркістанға Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мустафа Капуджу келді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды елшімен кездесіп, екіжақты байланыстарды нығайту жөнінде пікір алмасты.
– Қасиетті Түркістанға қош келдіңіз! Түркістан – Түркі әлемінің рухани-мәдени орталығы. Халқымыз үшін өте қастерлі мекен. Мұнда дін қайраткері Қожа Ахмет Ясауи, Қазақ елінің болашағына қызмет еткен хандар, билер, батырлар жерленген. 2018 жылы Түркістан облысы құрылып, тарихи шаһардың жаңа тынысы ашылғанын білесіздер. Бұл ретте түрік бауырлардың Түркістанға деген ықыласы ерекше екенін айта кеткен жөн. Біз осы рухани, мәдени, тарихи тамырластықты тереңдетуіміз керек. Түркия жастарына Түркістан, Қожа Ахмет Ясауи туралы мағлұмат берілсе, туристер саны артатыны анық. Түрік кәсіпкерлері өңірге инвестиция салып жүр. Дегенмен, экономикалық байланыстарды нығайта түсу керек. Өңірімізде инвесторларға, кәсіпкерлерге инфрақұрылым, салық және өзге де мәселелер бойынша қолдау көрсетіледі. Түркия кәсіпкерлерін Түркістанда жұмыс істеп, жобаларды жүзеге асыруға шақырамыз! – деді Дархан Сатыбалды.
Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мустафа Капуджу құрметпен қарсы алған өңір басшысына, Түркістан жұртшылығына алғысын білдірді.
– Түркістанға екінші рет келіп тұрмын. Өзгерістер бірден байқалады. Қала дамып жатыр екен. Қожа Ахмет Ясауи – Анадолы үшін де ортақ рухани тұлға. Былтыр елімізде жер сілкінісі болған кезде Қазақстаннан, оның ішінде Түркістаннан қолдау көп болды. Тарихи шаһардың маңызы ескеріліп, Түркістанда Түркияның ресми консулдығы ашылды. Сіздің игі істі бастамаларға қолдау көрсеткеніңізден де хабардармыз. Алғысымды білдіремін. Экономикалық байланыстарды нығайту туралы ойыңызды қолдаймын. Түркістанның инвестициялық әлеуетін кәсіпкерлерімізге таныстыруға күш саламыз. Бұл ізденістер Түркия инвесторларын да қызықтырады деген ойдамын, – деді Түркия елшісі.
Қос тарап жан-жақты байланыстарды тереңдете түсуге уағдаласып, естелік сыйлықтармен алмасты. Aspan.info Түркістан облысы әкімінің баспасөз сілтемесімен хабарлайды
Бөлісу

Related posts

Алматыда жер сілкінісінен кейін мектеп жарықшақтармен жабылды

Ипотекалық қызмет Қазақстанда уақыттың өзгеруіне байланысты «зардап шеккен».

Түркістан облысында көпірдің бір бөлігі опырылғаны үшін ҚТЖ-ға айыппұл салынды

Leave a Comment