«Ауылға су тартамыз деп» көшенің астаң-кестеңін шығарды. Алматы облысына қарасты Ынтымақ ауылының тұрғындары осылай деп редакциямызға шағым түсірді. Олардың айтуынша, «елді-мекенге су тартамыз» деп 790 млн теңгеге тендер алған жауапты компанияның жұмысында шикілік көп. Ол аздай су тартқан орындар опырылып, бұқараның баспанасына жетуі қиындаған. Жаяу адам жүрмек түгілі, қараша ауласына кіре алмай көлігін көшеге қоюға мәжбүр. Қаладан қырық шақырым жердегі ауылға Massaget.kz тілшісі барып, тұрмысымен танысып, халқымен қауышып қайтты.
Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар. Құбыр жүргіземіз деп қазылған шұңқырлар таудың етегіне қоныс тепкен елдің ертелі-кеш уайымына айналған. Себебі жер жіпсіп, су сіңіп, шұңқырдың орны былқыған батпақ. Айналасына қоршау да қойылмапты. Журналистер келеді дегенді естігесін бе, біз барған сәтте-ақ жұмысшылар қоршау қойып жанталасып жатты. Ал жергілікті жұрт «су жүргізгендер ауылдың астаң кестеңін шығарды» деп налиды.«Беттері жабылмаған, әлі жатыр. Бүгін халық жиналады дегенді естіп қазір ғана қимылдап жатыр. Жолдың жиегімен жүру мүмкін емес. Қазған топырақтың бәрін асфальтқа төгіп тастаған. Мәшинемен де жүре алмай қалдық. Бірнеше мәрте сиырлар түсіп кетіп әзер дегенде шығарып алдық. Суды тартып еді, бірақ жүйесі дұрыс емес. Қазып тастап кетті. Құбырдың ішіне малдың нәжісі құйылып жатыр. Не машинамен үйімізге кіре алмаймыз, не шыға алмаймыз», — дейді ауыл тұрғыны Алмас Әжібеков.Жүйесіз жүргізілген жұмыстың обалы балаларға болды. Ойын баласы ойда жоқта батпаққа батып кетеме деп алаңдайды ата-ана.
«Қазған кезде бір көшені бітіріп, екіншісіне өтуі керек еді. Ал бұлар деген бәрін бірден қазып тастады. Жасағанынан бүлдіргені көп. Құдай сақтасын, бірақ бала-шаға түсіп кетсе шыға алмайды. Тереңдігі екі метр. Балалар мектепке барады. Аяқ киімдері, шалбарлары бәрі батпақ болып келеді. Менің өзім орталықта тұрам. Соның өзінде осындай қиыншылық бар. Ал ауылдың шетінен келетін балаларға тіптен қиын», — дейді ауыл тұрғыны Динара Жақсылықовна.790 миллион теңгеге тартылған ауыз суға бұқараның көңілі толмайды. Жүйесіз жұмыстан бөлек техникалық талап та сақталмаған. Жауапты компания «құжатта көрсетілген мерзімде жұмысты аяқтаймыз» деп жанығып жұмыс істепті. Алайда асыққан істің аяғында шикілік көп болары кәміл. Мұны мәслихат депутаты да мойындап отыр.