Бүгін Түркістандағы оқу ордасында ақын, философ, күллі түркі әлеміне танымал тұлға Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толуына орай «Ғасыр данасы – Қожа Ахмет Ясауи» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр. Ашылу салтанатында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова іс-шара мақсатына тоқталып, келген қонақтарға алғысын білдірді.
– Қасиетті Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Бүгін қуанышымызда шек жоқ. Себебі біздегі мақсат – Қожа Ахмет Ясауи ілімін, оның рухани мұрасын бүкіл елге, түркі әлеміне таныстыру. Ғұламалардың ғұламасы Ясауи бабамыздың түркі әлемінде ислам дінінің қалыптасуына, түркі өркениетіне қаншалықты маңызды екенін зиялы қауым ұмытқан жоқ. Жүйелер мен идеологиялар өзгергенімен Ясауи қалдырған асыл дүние сегіз ғасыр өтсе де өз құндылығын жойған жоқ. Тәуелсіздіктің ақ таңында құрылған университетіміз халықаралық мәртебеге ие болып, Ясауи атын иемденді. Сол сәттен бастап, Түркістанға жиылған барша зиялы қауым өкілдері оның ілімін таныту және оны лайықты деңгейге көтеру миссиясын өз міндеттеріне алды. Бүгін міне, конференциямызға еліміздің 13 облысынан 140 мұғалім келді. Сондай-ақ, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан елдерінен Ясауи ілімі мен өмірін зерттеп жүрген айтулы ғалымдар да арнайы келді, – деген ректор «Ясауитану» пәнін мектеп бағдарламасына енгізу, жас буынды Ясауи ілімімен таныстыру, дәріптеу жайлы ой қозғады.
Жиын барысында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтың арнайы құттықтауын жеткізді.
Ректор өкілі Пейами Баттал да аталмыш конференцияның түбі бір түркі жұрты үшін маңызы мен мәні туралы баяндады. Ясауидің ілімі, ізденіс жолы, ұрпаққа қалдырған асыл мұралары туралы тарихи деректермен бөлісті. Жас буынға баба аманаты мен еңбектерін көздің қарашығындай сақтау керек екенін айтты.
Шара барысында Қазақстандағы Ғылым қызметкерлері күніне арналған Ғылым айлығы ашылды. Конференция одан әрі Иран Ислам Республикасы Тебриз университетінің қауымдастырылған профессоры Хусейн Хошбатенидің баяндамасымен өрбіді. Сонымен қатар Өзбекстан Ұлттық университетінің ғалымы Нодирхан Хасанов, Қырғызстан жерінен Жүсіп Баласағұни университетінің зерттеуші маманы Тілек Токтосунов баяндама жасады.
Конференцияда қатысушылар Қожа Ахмет Ясауи ілімін қазіргі таңда қоғамның рухани-адамгершілік және мәдени дамуындағы жетістіктердің өзегі ретінде танылуын қарастырды. Онда тұлғаның шығармаларындағы тіл, әдебиет, өнер, мәдениет, дін, философия, тағы басқа мәселелерді талқылады.
Конференция аясында 5 секция бойынша, атап айтқанда «Қ.А.Ясауи мұрасы және оның рухани танымы», «Қ.А.Ясауидің мұраларын оқу-тәрбие үдерісінде қолдану», «Қ.А.Ясауи еңбектерінің философиялық және тәрбиелік мәні», «Орта ғасырдағы мәтіндер тілі: аударма, лингвистикалық талдау», «Түркі әлеміндегі мәдениет және өнер бағыттары» тақырыптарында жалғасады.
Айта кетейік, конференцияның мақсаты – Орта Азияға, қала берді күллі түркі әлеміне танылған Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеп-зерделеу, осы конференция аясында отандық және шетелдік ғалымдардың ізденістерін бір арнаға тоғыстыру, сондай-ақ тұлғаның даналық хикметтері мен өсиеттерін оқу жүйесіне енгізуді басшылыққа алу. Орта ғасырда қалыптасқан ағартушылық қызмет пен рухани танымдық мұралардың құндылықтарын ашып көрсету.
AdiletTV Түркістан облысы әкімінің баспасөз сілтемесімен хабарлайды