Түркістан облысы, Шардара ауданы әкімдігі және жеке кәсіпкерлердің қолдауымен Ақтөбе облысындағы табиғи су апаты аймағындағы зардап шеккен тұрғындарға көмек қолын созып жатқан 50-ден астам ерікті жастар мен автоволонтерларға Түркістан облысының атынан ауызашар берілді.
Түркістан облыстық “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің басшысы Ернар Бектаев су тасқыны салдарынан зардап шегіп, үй-жайлары мен малдарынан айрылған Ақтөбе жұртшылығына «бұл сынақты да ел болып еңсеріп шығамыз» деген ыстық ықыласын жеткізді.
Ақтөбе облысының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мирхан Ермағанбетов осындай қиын-қыстау кезеңде көмек көрсетіп, қолғабыс жасап өңірмен бірге екендіктерін білдірген Түркістан облысының халқына өз ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.
Белсенділер алғашқы күннен бастап, гуманитарлық көмек пункттерін ашып, сақтық шаралары туралы халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын да жүргізіп жатыр. Ал автоволентерлар халықты эвакуациялау жұмысы кезінде белсенділік танытып, тұрғындарды қауіпсіз орындарға көшіру жұмыстары барысында өздерінің жеке көліктерімен тасымалдауға көп көмегін тигізді.
Атап айтсақ, еліміздегі су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда, көмек көрсету пункттерінде 20000 волонтер жұмыс атқарып жатыр. Олар тұрғындарды су басқан аумақтардан эвакуациялап, қауіпсіздік және құтқару қызметтерінің өкілдеріне ыстық шай мен тамақ үйлестіріп, көмек қолын созуда.
Айта кетейік, Түркістаннан Ақтөбе облысына гуманитарлық көмек тиелген және 10 еріктіден құралған керуен жолға шықты. Көмек көрсету жұмыстары жалғасады.
AdiletTV Түркістан облысы әкімінің баспасөз сілтемесімен хабарлайды