10.3 C
Shymkent
8 сентября, 2024
Жаңалықтар Қоғам Түркістан

ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТА БОКСТАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАРЫС БАСТАЛДЫ

Бүгін Созақ ауданындағы «Нұр-Аман» сауықтыру кешенінде бокстан жастар мен жасөспірімдер арасында аудан әкімінің жүлдесі үшін ұйымдастырылған халықаралық жарыс жалауын көтерді.

Байрақты бәсекенің ашылуында Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков жас спортшыларға ізгі тілегін арнап, спорт саласы бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жобаларға тоқталып өтті.

«Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Бүгінде спортты дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Өткен жылы ауданда спорт саласы бойынша 8 жоба іске асып, жылды табысты қорытындыладық. Келер жылы осы бәсекені заман талабына сай жабдықталған спорттық-сауықтыру кешенінде өткізетін боламыз. Осындағы спортты жанына серік еткен жастарымыз халықаралық сайыстарға тұрақты қатысып, әрдайым жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектеспін», деді аудан басшысы.

Ардагер спортшы Шәдібеков Анарбай құттықтау сөз сөйлеп, ақ батасын берді.

Айта кетейік, аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде өткізіліп жүрген халықаралық жарысқа көршілес Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан мемлекеттері мен еліміздің бірнеше өңірінен 25 команда қатысуда. 18 салмақ бойынша жиналған 300-ге тарта жас спортшы өзара сынға түсіп, кіл мықтының ішінен кім мықтыны анықтайды. Жарыс сәуір айының 5-не дейін созылады.

AdiletTV Түркістан облысы әкімінің баспасөз сілтемесімен хабарлайды

Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

AGROMASH Қазақстанның оңтүстік өңірінің фермерлерімен кездесті

АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ ЖАЛПЫҒА БІРДЕЙ ДЕКЛАРАЦИЯСЫ

AdiletTV

Қазақстандық азамат полицейлерді видеоға түсіргені үшін қамауға алынды. Сот оның жағына шықты