16.3 C
Shymkent
20 сентября, 2024
Түркістан

200 ТОННАҒА ЖУЫҚ ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК КЕРУЕНІ ЖОЛҒА ШЫҚТЫ

Түркістан облысының тұрғындары еліміздің су басқан өңірлеріндегі жағдайға алаңдаушылық танытып, өз көмектерін көрсетіп жатыр. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының тапсырмасымен өңірде гуманитарлық көмекті үйлестіретін штабтар құрылып, жұмыс істеуде. Су тасқыны болған уақыттан бері өңірден Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстарына 371  тонна гуманитарлық көмек жөнелтіліп, еріктілер көмекке барды.  Ал Түркістан халқы атынан 9 ауыр жүк көлігі мен қосымша көліктерге тиелген 200 тоннаға жуық кезекті гуманитарлық көмек керуені жолға шықты. Онымен бірге 50 ерікті жас арнайы автобуспен жіберілді. Олар су тасқыны салдарын жою, ұйымдастыру жұмыстарына атсалысады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» акциясы аясында облыстық өзбек және түрік этномәдени бірлестіктері бірлесе отырып, 5 жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмекті су басқан аймақтарға жөнелтті. Сонымен бірге Сарыағаш, Отырар, Келес, Сайрам, Сауран ауданы мен Кентау қаласы тұрғындары атынан қажетті заттар тиелген жүк көліктері де жолға шықты. Оларға негізінен азық-түлік, көрпе-төсек, киім-кешек және құрылыс материалдары артылған.

 

Іс шарада Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев  атқарылып жатқан шараның маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ күрделі жағдай кезінде көмек қолын созған облыс тұрғындарына, кәсіпкерлеріне, жастарына, өңірдегі Ассамблея мүшелеріне, этномәдени бірлестіктерге алғысын білдірді.

Айта кетейік, облыстан 150-ден астам кәсіби құтқарушы СҚО және БҚО-да су тасқынының алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Түркістан облысындағы және аудан, қалалардағы Жастар ресурстық орталықтарында арнайы штабтар құрылып, гуманитарлық  көмектер қабылдану үстінде. Ерікті жастар апат аймақтарына жіберілді.

Осы уақытқа дейін өңірдің мейірімді халқы су басқан аймақтарға жүк көліктерімен 371 тонна гуманитарлық көмек жолдады. Оған бүгін де қосылып, гуманитарлық көмек көлемі 600 тоннаға жуықтады.  Аудан, қалаларда жеке азаматтар да ұйымдасып, жүк көліктерімен көмектерін жіберуде. Сонымен бірге «Amanat» партиясының Түркістан облыстық филиалы, Іскер әйелдер кеңесі және өзге де ұйымдар қолдау көрсетсе,  ал «Күшіміз бірлікте» қорына қаржы аударылуда. Облыс орталығында орналасқан «Экобазарда» өңірлік кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен гуманитарлық көмек пункті ашылған.  Түркістан облысында гуманитарлық көмек жинау, су басқан аймақтарға қолдау көрсету жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.

Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ТЕМІРЖОЛШЫЛАР НАУРЫЗ МЕЙРАМЫН ТҮРКІСТАНДА ТОЙЛАДЫ

МАҢДАЙ ТЕР, ТАБАН АҚЫНЫ ЖЕГЕНГЕ ЖАЗА БАР МА НЕМЕСЕ ДЕПУТАТ УӘДЕСІНДЕ ТҰРА МА?!

AdiletTV

КЕНТАУДА ЖАҢА ГАЗ ТУРБИНАЛЫ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫН САЛУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

Пікір қалдырыңыз