Шымкент гарнизонының әскери қалашығы мен әскери бөлімінің аумағында «Он бес игі іс» акциясы аясында сенбілік ұйымдастырылды. Оған отбасыларымен бірге әскери қызметшілер мен тұрғындар қатысты.
Құрғақ шөптерді жинау, аумақтарды қоқыстардан және қураған бұталы өсімдіктерден тазарту, ғимараттарды сырлау, ағаштарды әктеу, жиектастарды бояу және тағы басқалар – сенбілік шеңберінде тазалық пен жайлылықты қалыптастыруға ықпал ететін жұмыстардың дәстүрлі тізімі.
Тазалау және көгалдандыру жұмыстарын өз бақылауына алған гарнизон бастығы полковник Әмірқожа Айтқожин қалашық пен әскери бөлімнің секторларға бөлінген аумағын аралап шығып, абаттандыру бойынша қосымша жұмыстардың қажетті көлемін анықтап тапсырмаларды қойды. Әскери қызметшілер еңбек құралдарымен қаруланып, әскери бөлім ғимараттары мен әскери қалашық үйлерінің айналасын тазартты. Олар ағаштардың діңгек шеңберлерін өңдеп әктеді, гүлзарларды алдағы гүл отырғызуға дайындады. Ең кішкентай көмекшілер үшін арнайы тәттілер үстелі ұйымдастырылып, әр балаға сусындар мен тәттілер таратылды. Тазалық мерекесінің соңында әскери қызметшілер отбасыларымен бірге көшет отырғызды.