Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы Жетісай ауданына жасаған іс-сапары барысында «Керімхан» шаруа қожалығының егіс алқабында болып, қытай технологиясымен мақта дақылын егу жұмыстарының барысымен танысты. Мақта шаруашылығына қатысты түйіткілді мәселелердің шешілу жолдары талқыланып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды.
Қожалық иесі Мұрат Құрбанов өткен жылы иелігіндегі 160 гектар егістік жерінің 10 гектарына қауын ексе, 150 гектарына мақтаның «Сұлтан» сортын егіп орта есеппен гектарынан 31,5 центнерден өнім алған. Ал, биылғы жылы 100 гектарға мақтаның жергілікті «Мақтарал 50/27» сортын, 40 гектарға «Сұлтан» сортын және 20 гектар жерге Қытай елінен әкелінген мақта шитін себуде. 11 ауыл шаруашылығы техникалары бар қожалықта бүгінде жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған.
Одан бөлек, бүгінгі таңда 1278 гектар жерге қырыққабат, 1920 гектар жерге мақта, 355 гектар жерге қызанақ, 212 гектар жерге қияр, 197,5 гектар жерге баклажан, 179 гектар жерге болгар бұрышы, 15389 гектар жерге бақша, 523 гектар жерге дәндік жүгері мен 2098 гектар жерге жаңа жоңышқа дақылдары егіліп отыр. Егін егу жұмыстары әлі де жалғасуда.