20.3 C
Shymkent
17 сентября, 2024
Ақпарат Түркістан

ҰЛЫ ЖЕҢІС КҮНІ АТАП ӨТІЛДІ

Түркістан қаласындағы «Жеңіс» саябағында Жеңістің 79 жылдығына арналған мерекелік іс-шара өтті. Оған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, соғыс және тыл ардагерлері, әскерилер, жастар және қала тұрғындары қатысты. Саябақтағы мемориалдық кешені тақырыпқа сай безендіріліп, келушілерге Отан қорғаушылар мен Жеңіс күніне арналған көрме ұсынылды.

Арнайы әскери оркестр сүймелдеуінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалған соң жиынға қатысушылар Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ерлерді, ел басына күн туған кезде өмірін құрбан еткен жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Жеңіске жету жолында жанқиярлықпен қаза тапқан батырлар рухына тағзым етіп, Ел азаматтары ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Түркістан облысының әкімі көпшілікті Жеңіс күнімен құттықтап, бұл мерекенің маңызына тоқталды. – Баршаңызды Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы «Ерлік – тайсалмас табандылық пен қайыспас қайсарлықтан шығады» дей келе азаматтарды ерлік жасауға шақырған. Бұл ретте Қазақстанымыз ержүрек батырларымен мақтанады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жеңіс күнімен құттықтауында «Қазақстан адамзаттың ортақ жеңісіне, жер бетінде әділдік пен бостандықтың салтанат құруына өлшеусіз үлес қосты. Аға буынның екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ерлігі мен еңбегі өскелең ұрпақ үшін қайсарлықтың, жанқиярлықтың және отаншылдықтың озық үлгісі болып қалатыны сөзсіз»,-деді. Биыл Ұлы Жеңіске 79 жыл толып отыр. Адамзат тарихындағы ең алапат сол майданда қазақ халқы шешуші рөл атқарғаны белгілі. Еліміздің ержүрек жігіттері мен қайсар қыздары әлемде бейбітшілік туын желбірету үшін қан төкті. Ерлік көрсетіп, Ұлы Жеңіске үлес қосты. Тылда еңкейген қария мен балалардың өзі күндіз-түні еңбек етіп, жеңісті жақындатты. деді Дархан Сатыбалды.

«Жеңіс» саябағындағы мазмұнды жиында түркістандық «Жаңа леп» ұжымы «Ер есімі – ел есінде» театрландырылған музыкалық қойылымын ұсынды.

Адамзат тарихындағы ең сұрапыл да зұлматты кезеңнің бірі — Екінші дүниежүзілік соғыс. КСРО-да 1941 жылдың маусымында басталып, үздіксіз 5 жылға созылған соғысқа әлемнің көптеген елдері араласып, 35 млн адам ұрысқа тікелей қатысты. 1 418 күнге жалғасқан соғыстың ақырғы нүктесі 1945 жылдың 9 мамырында қойылды. Кеңестер Одағының фашистік Германияны тізе бүктіруі туралы капитуляция актісіне 1945 жылдың 8 мамырында қол қойылған болатын. Дегенмен, Ұлы Жеңістің мерекесі 9 мамыр күні тойланатын болып шешім қабылданғаны белгілі. Яғни, 9 мамыр — Жеңіске қол жеткен күн! Дүние елдерін шарпыған соғыстан сол тұстағы Кеңестер Одағының құрамындағы Қазақстан да тыс қалған жоқ. Мәліметтерге сүйенсек, сұрапыл соғысқа Қазақстаннан 1 млн 200 мың жауынгер майданға аттанған екен. Бұл республика халқының 18-50 жас аралығындағы ересектердің жетпіс пайызын құрады. Қазақстан азаматтары сұрапыл соғысқа қатысып қана қойған жоқ, ұрыстардың алғы шебінде ерен ерліктер көрсетті. Аттанғандардың 600 мыңы немесе тең жартысы соғыстан қайтып оралмады. Қазақстандық 500-ге жуық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанды. Сондықтан да, еліміз үшін 9 мамыр мерекесінің орны ерекше. Өйткені, Қазақстан тарихындағы Жеңіс күні — бұл бабаларымыздың ерлігі мен батырлық даңқы айшықталған күн. Сондықтан да, ел басына күн туған сәтте туған жердің намысы үшін майданға аттанып, Отан үшін жанқиярлық ерлік көрсеткен жаужүрек қаһарман бабаларымыздың ерлігін естен шығаруға болмайды. Сол үшін де 9 мамыр күні — қайсарлықтың, қайтпас рух пен жалынды жігердің хас үлгісін көрсеткен барша соғыс және тыл ардагерлерінің алдында тағзым етуге тиіспіз. Осы күні болашақ үшін құрбан болған миллиондаған адамдарды еске алып, мерекені Отанға деген сүйіспеншіліктің нышаны ретінде атап өтуге де тиіспіз.

Атаулы жиынға қатысқан қонақтар бұл мерекенің маңыздылығына тоқталып, жастарды отаншылдыққа бастайтын келелі ойларын айтты.

Соғыстан кейінгі алғашқы бейбіт жылдарда Жеңіс күнінің басты кейіпкерлері майданнан оралған жауынгерлер болды. Түркістан облысынан 140 мың соғыс алаңына аттанған болса, бүгінде сол азаматтардан облыс көлемінде 11 ақсақалымыз ғана қалған. Алайда ардагерлердің ерен ерлігін, тыл еңбеккерлері балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген азаматтар мәңгілік есте сақтайды.

Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсету, олардың ерліктерін ұрпаққа дәріптеу – ортақ міндет. Мереке қарсаңында Түркістан қала көрінісі де 9 мамыр жеңіс күніне лайықталып бейзендірілген. Жол бойындағы баннерлерге ұлы отан соғысы туралы әсерлі сөздер мен соғыс ардагерлерінің суреттері ілінген. Өйткені, біз – жеңімпаз буынның ұрпағымыз. Жеңіс күніне орай облыс әкімі Дархан Сатыбалды 102 жастағы түркістандық ардагер Немет Әбдірасиловтың үйіне арнайы барып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді. Екінші дүниежүзілік соғысының ардагеріне құрмет көрсетіп, сый-құрмет көрсетті.

Қазақстаннан майданға аттанған 1 миллион 200 мың жауынгердің 600 мыңы соғыстан қайтып оралмады. Кеңес Одағының 27 миллионға жуық адамын жалмаған қанды қырғынға елімізден аттанғандардың ішінен 500-ден астам жауынгер 1934 жылы бекітілген ең жоғарғы Кеңес Одағының Батыры атанған болатын, оның 100-ден астамы — қазақтар. Отанын қасық қаны қалғанша қорғаған жандардың ерлігі мәңгілік жадымызда сақталады. Уақыт сынаптай сырғып, жылдар өтсе де, ерлік ешқашан ұмытылмайды. Сол бір қаһарлы соғыс жылдары алыстаған сайын етігімен су кешкен ерлердің қадірін ұғына түсетіндейміз. Сондықтан да халық ұзақ күткен Ұлы Жеңісті жақындатуда майданда да, тылда да күрескен жанның барлығы айрықша құрметке ие! Бүгінгі ұрпақ ардақты ардагерлеріміз танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Ерлікпен жеткен Жеңіс күні тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қалатыны сөзсіз.

Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

2,5 МЛН ТЕҢГЕНІҢ ВЕЛОСИПЕДТЕРІН ҰРЛАҒАН КҮДІКТІ ҚҰРЫҚТАЛДЫ

AdiletTV

GOOGLE DEVELOPER GROUPS АТТЫ IT КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ.

AdiletTV

ТҮРКІСТАНДА ЯСАУИ ХИКМЕТТЕРІН ЖАТҚА АЙТУДАН САЙЫС ӨТТІ

admin

Пікір қалдырыңыз