6.3 C
Shymkent
21 ноября, 2024
Ақпарат

Алматылықтар олимпиада чемпиондарын ыстық ықыласпен қарсы алды

Олимпиада чемпиондары елге орала бастады. Франциядан Алматыға табан тіреген спортшыларды әуежайдан жанкүйерлері, туыстары, достары және БАҚ өкілдері ыстық ықыласпен қарсы алды.

Париж төрінде көк байрағымызды көкте желбіретіп, ел абыройын асқақтатып, дзюдо спортынан Қазақстаннан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атағын жеңіп алған Елдос Сметов, қола медаль иеленген Ғұсман Қырғызбаев сынды саңлақтармен қатар, дзюдодан өнер көрсеткен Қазақстан құрамасы мен бапкерлер жанкүйерлер алдынан жүріп өтті.

Олимпиада ойындары — тек спорттық шара ғана емес, ол барлық мемлекеттердің ерік-жігері мен намысы додаға түсетін аламан.

Бұған дейін Сметов үшін жеребе оңай болмағанын жазған едік деп хабарлайды-KAZINFORM.

Іріктеуде Торнике Чкадуаны (Нидерланд), Дильшот Халматовты (Украина) жеңді. Одан кейін ширек финалда Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Янг Ю Вейді (Тайпей,) жартылай финалда әлем чемпионы, Еуропа чемпионатының 3 дүркін жеңімпазы Франсиско Гарригостан (Испания) қосымша уақытта (golden score) айласын асырды. Финалда франциялық Лука Мхеидзенің осал тұсын тапты.

Тараздық татами шебері осыған дейін 2016 жылы Рио Олимпиадасында финалға шыққанымен қарсыласына есе жіберіп, күміспен күптелген. Ал Токиодағы ойындарда Торнике Чкадуаны жығып, үздік үштікті түйіндеген. Ал бүгін Елдос өміріндегі басты белдесуде бар шеберлігін паш етті.

Еске салайық, Елдос Сметов соңғы үш Олимпиада ойындарына қатысып, бәрінен олжалы оралды. 2016 жылы Риода күміс жүлде жеңіп алса, Токио Олимпиадасын қола жүлдемен аяқтады. Осы жолы алтынын мойнына тақты.

Париж Олимпиада ойындарында қола медаль иегері атанған татами шебері Ғұсман Қырғызбаев қазақстандықтарға қолдау көрсеткендері үшін алғысын білдірді.

«Алматы әуежайындағы атмосфера тамаша. Қазақ еліне рахмет. Алтын алам деп барғанмын. Бұйырғаны қола болды. Бар күш -жігерімді салдым. Бірақ қола алдым. Бәрі кереметі болды»,- деді Ғұсман Қырғызбаев.

Естеріңізге сала кетсек, Қырғызбаев алғашқы айналымда испаниялық татами шебері Давид Гарсия Торнемен белдесіп, қарсыласын жарыс жолынан тайдырса, екінші белдесуінде Олимпиада ойындарының екі дүркін жеңімпазы Оңтүстік Корея өкілі Ан Баулдан айласын асырып, ширек финалға шықты. Жартылай финалда 24 жастағы бразилиялық дзюдошы Виллиан Лимадан ұтылып қалды. Қола медаль үшін белдесуде сербиялық татами шеберін жеңіп, қола жүлдегері атанды.

Айта кетейік, Ғұсман Қырғызбаев – 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2019 және 2022 жылдары өткен Азия біріншіліктерінің қола медаль иегері.

Бөлісу

Related posts

ОБЛЫС ӘКІМІ ШІРКЕЙГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ЖҰМЫСТАРЫМЕН ТАНЫСТЫ

Мемлекеттік корпорация ұсынған жаңа қызмет көлікті қайта тіркеу процесін жеңілдетеді

AdiletTV

САРБАЗДАР ЕЛГЕ АДАЛ ҚЫЗМЕТ ЕТУГЕ АНТ БЕРДІ

AdiletTV

Leave a Comment