6.3 C
Shymkent
21 ноября, 2024
Ақпарат

Түркия тағы бір мұсылман мемлекетін қорғауға кірісті

Өйткені түрік Үкіметі ол елде жер қойнауындағы қазба байлықтарды барлауға кіріседі.

Сарапшылардың бағалауынша, 15-17 миллиондай халқы бар Сомали федеративтік республикасы (Jamhuuriyadda Federaalka Soomaaliya) әлемдегі ең қауіпті мекендердің бірі болып қалуда.

Экономика және бейбітшілік институты (Institute for Economics and Peace) құратын дүниежүзіндегі апаттар салдарынан тұру үшін қауіпті мемлекеттер рейтингінде Сомали Сирияны, Конго Демократиялық Республикасын және Ауғанстанды артқа тастап, бірінші орынға шықты.

Бейбітшілік институты мен Сидней университетінің Қақтығыстарды зерттеу орталығы бірлесіп құратын «Бейбітшіліктің жаһандық рейтингінде» (Global Peace Index) Сомали әлемде 159-орында (соңынан санағанда бесінші) тұр.

Осының дәлеліндей, күні кеше, 3 тамызда Сомалидің астанасы Могадишода алапат террористік акт болып, 32 адам қаза тапты. 63 адам жараланды.

Түріктің Anadolu агенттігінің хабарлауынша, беліне бомба таққан жанкешті жұртшылық аптап ыстықтан дамылдап, демалып жатқан жағалауға барып, өзін жарып жіберген. Тағы бірнеше содыр қонақүйге басып кіріп, меймандарды шабуылдаған.

Могадишо полициясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Аш-Шабаб» лаңкестері ел астанасындағы Beach View қонақүйіне және Сомали теңізіндегі Liido Beach Somalia пляжына шабуыл жасады.

«Жанкешті жағажайда адамдар тобының ортасында өзін жарды. Тағы бірнеше содыр осы кезде қонақүйде атыс ашқан. Күш құрылымдары түні бойы қылмыскерлердің ізіне түсіп, қудалады. Полицияның мәліметінше, теракт үлкен дүрбелең және хаос туғызды. Әлеуметтік желіде таралған видеодан көрінгендей, қонақүй кешені аумағындағы жарылыстан кейін барлық жерде қаза тапқандардың мүрделері шашылып жатыр. Түркия Сыртқы істер министрлігі Могадишодағы терактіні қатаң айыптады», – деп жазды Anadolu агенттігі.

Қазақстандық сыртқы саясат ведомствосы бұл оқиғаны елеусіз қалдырды: ҚР СІМ ресми сайтында ол туралы ештеңе айтылмаған.

«Аш-Шабаб» террористік ұйымы лаңкестік актісі үшін жауапкершілікті өз мойнына алды. Осыған байланысты Анкара терроризммен күресте Сомалиге қолдау көрсететінін мәлімдеді. Түркия СІМ-і содырлардың шабуылы кесірінен бейбіт тұрғындардың мерт болғаны және жараланғаны туралы хабарды қайғыра қабылдағандарын жеткізді. Сондай-ақ Анкара Сомали халқына көңіл айтты.

Бұл мұсылман елінде енді Түркия армиясы орнығып жатыр. Халықаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, түрік әскерилері қауіпсіздікті күшейту сыртында, Сомалидегі геологиялық барлау жұмыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тартылмақ.

Бұдан бұрын Түркияның Энергетика министрлігі мәлімдегендей, биылғы жылдан бастап, түрік республикасы жер қойнауындағы қазба байлықтарды барлап, қорын анықтау үшін Сомали жағалауында геологиялық барлау жұмыстарын қолға алады. Бірақ бұл үшін елдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту қажет- деп хабарлайды inbusiness.kz.

Қос мұсылман мемлекеті таяуда Ыстамбұлда мұнай-газды барлау және өндіру туралы келісім бекітті. Мұнай мен газды барлау жұмыстары сол келісім аясында жүргізіледі.

Түркия тарапының дерегінше, Oruç Reis бұрғылау кемесі алдағы қыркүйек айының соңында Сомалидің теңіз қайраңына аттанады.

Сомалилік әріптесі, Мұнай және минералды ресурстар министрі Абдиризак Омар Мохамедпен бірге екіжақты келісімге қол қою салтанатына қатысқан Түрік республикасының Энергетика және табиғи ресурстар министрі Алпарслан Байрақтар Түркияның сомалилік теңізде бірден 3 блокта көмірсутек ресурстарын іздейтінін жария етті.

Салтанатты рәсімнен кейінгі баспасөз конференциясында Байрақтар Түркияны «әлемде судың терең тұңғиықтарында кен орындарын игере алатын кемелердің флотына ие бірегей елдердің бірі» деп атады.

Оның ақпаратынша, Түрік мұнай корпорациясы терең суларға бұрғы салатын 4 және сейсмикалық 2 кеме көмегімен түрлі теңіздерде қарқынды барлауын жалғастыруда.

Осындай зерттеулердің арқасында Түркия 2020 жылғы тамызда Қара теңізде табиғи газдың мол, әрі ел үшін маңызды қорын тапты. Сондай-ақ тез арада шикізат өндіруге кірісіп кетті. Қазіргі кезде Түркия Сакарья газ кен орнында күніне 5,5 миллион текше метр көгілдір отын өндіруде.

Байрақтардың айтуынша, Түркия өз аумағымен шектелмей, мұнай мен газды өзге географиялық аймақтарда да белсенді өндіре бастайды.

«Түркия атынан Turkish Petroleum бас менеджері қол қойған келісім Сомали теңізінде 3 блоктағы кен орындарын игеруге бағытталған. Әрбір блок 5 мың шаршы шақырымды құрайтын алаң түрінде болып келеді. Бұл алаңдарда Түркияға барлау мен өндірудің айрықша құқығы беріліп отыр. Біз сондай-ақ Өнім бөлісу туралы келісім бекіттік», – деді министр Алпарслан Байрақтар.

Белгілі болғанындай, сөз етілген блоктардың екеуі жағалаудан шамамен 50 шақырым, біреуі – 100 шақырымдай қашықта жатыр. Бастапқы кезеңде түріктер осы учаскелерде бірнеше ай бойы өте маңызды 3D-сейсмика зерттеулерін жүргізеді. Бұл жұмыстар Oruç Reis кемесі арқылы жүзеге асырылады.

Зерттеу қорытындысында алынған нәтижелерге сәйкес, ары қарай бұрғылау жұмыстарын жүргізеді және сол арқылы қоры мол кен орындарын ашуға үмітті.

«Бұл – екі ел үшін де тарихи қадам. Үш блокта теңіздің тереңдігі 2 мың метрге дейін барады, кейбір тұсында 3 мың метрлік шыңыраулар бар. Теңіз түбін зерттеу барысында біз 4 мың метр тереңдікке дейін бұрғы саламыз. Яғни, су бетінен санағанда, жалпы ұзындығы 7 шақырымға дейін тереңдейтін боламыз», – деді Түркияның Энергетика министрі.

Өз кезегінде Сомалидің Мұнай министрі Абдиризак Омар Мохамед Түркияның 3 блокта қатарынан сейсмикалық барлау мен бұрғылау жұмыстарын бастауға батыл бел буғанына көңілдері толғанын жеткізді.

«Бұл екі ел үшін де тарихтың жаңа беті. Қазынаны өндіру екі ел үшін тиімді болады. Бұл сондай-ақ қос мемлекет арасындағы ынтымақтастықты нығайтады. Барлау үшін бұрғылау келесі жылдың басында басталады деп жоспарладық», – деді сомалилік министр.

Түріктер мен америкалықтардың арқасында келесі жылы Сомали бейнесінде әлемде жаңа мұнайлы ел пайда болмақ.

Түркия кейінгі жылдары Сомали федеративтік республикасына баса назар аударып, оның ресми билігімен ықпалдастығын күшейте бастады. 2017 жылы Анкара Могадишода дүниежүзіндегі ең бір ірі түрік әскери-теңіз базасын құрды.

Сонымен қатар өзге елдер, тіпті гуманитарлық ұйымдардың біразы лаңкестік жайлаған бұл елді алыстан орағыта өтіп жүргенде, Түркия батылдық танытып, Сомалиде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, мектептер, ауруханалар салуға қомақты инвестиция құйып жатыр.

Мамандардың бағалауынша, Сомалиде мұнай қоры 30 миллиард баррельден асады. Бұл елдің қауіпсіздігіне үлес қосып жатқан тағы бір жаһандық держава Американы да қызықтырғаны – осы қара алтын. Асығыс қимылдап, әбжілдік танытқан АҚШ-тың Coastline Exploration компаниясы көмірсутек кен орындарын игеруді бастап кетті.

Соның арқасында тарихтағы тұңғыш сомалилік мұнай биылғы 2024 жылы өндіріліп қалуы да мүмкін.

Reuters таяуда, шілде айында Сомали мен Эфиопия арасындағы келіссөздерде басқа емес, дәл осы Түркия араағайын болатынын жазды. 2024 жылғы 1 қаңтарда Аддис-Абеба билігі әлем мойындамаған сепаратистік құрылым Сомалилендпен теңіз порттарын жалға алу туралы келісім бекіткеннен кейін Эфиопия мен Сомали арасындағы қарым-қатынас нашарлап кеткен болатын.

Ол келісімге сәйкес, құрлықта қамалған Эфиопия 20 шақырымдық жағалаулық желіні арендаға алу арқылы теңізге тікелей шығатын төл жолына қол жеткізеді. Оған айырбас ретінде Эфиопия Сомалилендтің тәуелсіздігін мойындайтын болды.

Осыдан кейін Могадишо бұл келісімді заңға қайшы деп атап, көрші Эфиопиядан елшісін кері шақырып алды. Бұл – дипломатиялық қатынастардың доғарылғанын білдіреді. Шиеленісті жағдайда Түркияның араағайындығы нендей нәтиже әкелетіні белгісіз.

«Кейбір қауесеттерге қарағанда, Сомали өз ұстанымын біршама жұмсартқан. Өйткені бұған дейін ол Эфиопия Сомалилендпен арадағы келісімінен бас тартып, оның күшін жоймайынша, бұл елмен ешқандай диалог құрмайтынын мәлімдеген болатын. Дегенмен, текетірестің тез шешілетініне сену қиын», – деп хабарлады Reuters анонимді дереккөзіне сілтеме жасап.

Агенттіктің мәліметінше, 2011 жылы Президент Реджеп Тайып Ердоғанның Могадишоға сапарынан кейін Сомали мен Түркияның арасы жылып, бір-біріне жақын одақтасқа айналды.

Ақпан айында тараптар қорғаныс пактіне қол қойды. Ол бойынша Түркия армиясы Сомалиге өзінің территориялық су айдынын қорғауға, егемендігі мен жерінің тұтастығын сақтауға көмектеседі. Ендеше Эфиопия бәрібір Могадишоның рұқсатынсыз, 20 шақырымдық теңіз жағалауын еркін пайдалана алмауы мүмкін.

Немесе бітімге келе алмаса, мұның соңы төрткүл дүниенің тағы бір түкпірінде жаңа соғыс өртінің тұтануына соқтыруы ғажап емес. Addis Standard газетінің жазуынша, әлем мойындамаған Сомалиленд Эфиопияға сондай-ақ өз аумағында әскери теңіз күштерінің базасын құру мүмкіндігін ұсынбақ. Бұл ол аумаққа көршінің әскері кіреді және оккупациялайды деген сөз.

Сомали Президенті Хасан Шейх Мохамуд жағдай ушыға берсе, Эфиопияға қарсы іс-қимылдарға еш бөгеліссіз кірісетінін мәлімдеді. Көршісінің осы мәлімдемесінен кейін, Эфиопияның Қарулы күштерінің бас штабы бастығының аға кеңесшісі Алемешет Дегифенің айтуынша, Аддис-Абеба төл армиясын ұрыс жағдайына көшіре бастады. Бұл «елдегі жағдайды тұрақсыздандырудың ішкі және сыртқы талпыныстарына тосқауыл қою үшін» жасалыпты.

Бүгінде Сомалилендті халықаралық қоғамдастық Сомалидің бір бөлігі ретінде таниды. Бірақ өткен ғасырдың сексенінші жылдарында басталып, ұзаққа созылған көпжақты азаматтық соғыстан Сомалидің әбден қансырағанын, орталық билігінің әлсіздігін пайдаланып, 1991 жылғы көктемде Сомалилендтің жергілікті басшылары біржақты түрде оның «мемлекеттік егемендігін» жариялады.

Бөлісу

Related posts

2024 ЖЫЛДЫҢ І ТОҚСАНЫНДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ НЕГІЗГІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КӨРСЕТКІШТЕРІ ЖАҚСАРА ТҮСТІ

«АБАЙ ӘЛЕМІ» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУ ӨТТІ

ОБЛЫС ӘКІМІ ШІРКЕЙГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ЖҰМЫСТАРЫМЕН ТАНЫСТЫ

Leave a Comment