1.3 C
Shymkent
24 ноября, 2024
Оқыс оқиға

Жетісу облысында 13 жастағы бала суға ағып кетті

Жетісу облысында 13 жастағы бала ағыны қатты өзенге құлап, қайтыс болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Almaty.tv телеарнасының мәліметінше, қайғылы жағдай 28 шілдеде Текелі қаласында Қора өзенінде болған. Аят үйінен шығып кеткеннен кейін арада 10 минут уақыт өтпестен қаралы хабар жетіпті. Тұңғыш баласынан айрылған ата-ана қазір қайғыдан қан жұтып отыр.

Бастауын Жетісу Алатауынан алатын Қора өзені Текелі қаласының ішімен өтеді. Ағыны адам түгілі, ауыр техниканы да аударып тастайды. Қайғылы жағдай міне осы өзенде болған. Ағайынды екі бала үйден шығып достарына ойнауға бармақ болады. Сол сәтте Аяттың жанында болған ағасының айтуы бойынша, інісі қолын жумақ болғанда аяғы тайып, суға құлап, лезде ағыс алып кеткен екен. Артынша ағайын-туысы жеткіншектің денесін үш шақырым жердегі су қоймасынан тапқан.

«Қасында өзінен бір жас үлкен бауырымның баласы болған, оның айтуынша жүгері жеп келе жатқан, соны тастап, қолын шаямын дегенде тайып кеткен. Бауырымның баласы хабар берген. Алайда жедел жәрдем алғашқы көмек көрсеткенше, жеткіншек көз жұмған», — дейді Текелі қаласының тұрғыны Ұлан Есімбеков.

«Бұл бірінші жағдай емес, бұған дейін де қанша рет осындай жағдай болған. Бірнеше рет ата-аналар әкімшілікке барды. 4-5 күн болған жоқ, кішкентай бала осы жерден суға кетті. Бірақ шүкір, ол бала тірі қалған. Ал егер қаза тапса, тағы кім кінәлі болады?», — деді Текелі қаласының тұрғыны Айжан Оразалинова.

Мұндай жағдай өзен маңында бір емес бірнеше рет болғанға ұқсайды. Әйтсе де, қала әкімшілігі мен төтеншеліктер тарапынан арқырап жатқан «ажалды өзеннің» жағалауына не қоршау, не қауіп белгісі мен ешқандай ескерту тақтайшаларын орнатпаған. Ол аздай, көктемде қызыл суы арнасына сыймай ағатын Қораның бойында мектеп тұр. Айдың-күннің аманында қайғы жұтып отырған қала тұрғындары «баламыз сабақтан келгенше шықпа жаным, шықпа деп отырамыз» дейді. Мектеп әкімшілігі бұл жағдайдан соң әкімдіктен қауіпсіздік шараларын нығайтуды сұрап, хат жолдаған екен. Алайда қала әкімінің орынбасары ескерту белгісін орнатумен шектелетінін айтты.

«Мектеп кезінде төтенше жағдайға байланысты түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Өзеннің жағасы тротуар емес, мектептің қоршауы бар. Адам өміріне қауіпті деген стенд қоямыз», — дейді Текелі қаласы әкімінің орынбасары Ержан Нұржігітұлы.

Бастауын таудан алатын Қора өзенінің ұзындығы 90 шақырым. Қала ішімен өтетін ағынды судың жағалауын қоршау жақын күндері қарастырылмайтын сыңайлы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ

Бөлісу

Related posts

ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦЕЙЛЕР СУҒА БАТЫП БАРА ЖАТҚАН ТҰРҒЫНДЫ ҚҰТҚАРДЫ

Алматыда ер адам әйел жүргізушінің көлігіне мініп, оны ұрмақ болған

AdiletTV

Семейде жоғалып кеткен ағайынды жасөспірімдердің бірінің денесі табылды

AdiletTV

Leave a Comment