Жазғы Олимпиаданың жүлдесі жайлы әңгіме туындаса, қазақстандық боксшыларға сенім артатын жанкүйер көп. Токио Олимпиадасында алтын медальдің бұйырмауын сәтсіздікке балап, өзімізді жұбатқандай болып едік. Париж Олимпиадасынан кейін жұртшылық Қазақстан бокс федерациясының жұмысына қан жүгіртетін оң өзгерістер қажет екенін жарыса жазды. Тұрғындардың пікірі назарға алынды ма екен, әлде федерацияның тың жоспары бар ма екен, кеше Қазақстан Бокс федерациясы Париж Олимпиадасының қорытындысы бойынша кеңес өткізіп, бокстан ерлер командасының бапкерлік құрамы толығымен жұмыстан шеттетілді. «Алтын медаль» ұрпақтары Василий Жиров. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін жеке құрама ретінде 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарына қатысты. Бірден 11 жүлде еншілеп, командалық есепте 24-орынға жайғасты. Бокстан 1 алтын медаль бұйырды.
Шынын айту керек, осы Олимпиададан бастап «бокстан міндетті түрде алтын аламыз» деген сенімділік қалыптасты. Атланта төрінде Балқаш қаласының тумасы, Қазақстанның және Азияның бірнеше дүркін чемпионы Василий Жиров 81 келіге дейін салмақта 5 қарсыласын жеңіп, алтын медаль иеленді. Сондай-ақ, шеберлігі үшін Баркер кубогінің иегері атанды. Мансабын сәтті аяқтаған ол кейін АҚШ-қа қоныс аударып, әйгілі промоушнмен келісімшартқа отырды. Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ыбрайымов Төрт жылдан кейін Сидней Олимпиадасы ойындарында Қазақстан құрамасы 7 медаль алса да бұрынғы көрсеткішін жақсартып, командалық есепте 22-орынды иеленді. Бұған бокста 57-ге дейінгі және 71 келіге дейінгі салмақта ел қоржынына түскен екі алтын себеп болды.19 жасында Азия чемпионы атанған Бекзат Саттарханов бір жылдан кейін Олимпиада ойындарына алғаш рет қатысып, бірден топ жарды. Өкінішке қарай, 2001 жылы жаңа жыл қарсаңында жол апатынан қайтыс болды.
Ермахан Ыбрайымов сол кезде 28 жаста еді. Ол 1996 жылғы Олимпиада ойындарында бақ сынап, қолаға қол жеткізген еді. Сиднейде финалда румын Марьян Симьонды жеңіп, алтынды мойнына тақты. 2002 жылы кәсіби мансабын аяқтап, бапкерлік қызметті бастап, ұлттық құраманы басқарды.
Бақтияр Артаев Ермахан Ыбрайымов басшылығымен қазақстандық боксшылар 2004 жылғы Афина Олимпиадасына қатысты. Бұған дейінгі Олимпиадалардан кейін боксшыларға үлкен сенім артылып, «алтын алуы міндетті» деген түсінік қалыптасқаны жасырын емес. Бұл Олимпиадада 21 жастағы Бақтияр Артаев жасындай жарқылдады. 69 келіге дейінгі салмақты алтын алып, Баркер кубогін иеленді. Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін «Барыс» орденімен де марапатталды. Алайда ол төрт жылдан кейін өткен Бейжің Олимпиадасында білгенінен жаңылып, ширек финалдан әрі аса алмады. Кейін мемлекеттік қызметші атанып, бокстан ұлттық құраманы басқарды.
Бақыт Сәрсекбаев Бейжіңдегі Олимпиада ойындары Қазақстан үшін сәтті болған жоқ. Соңғы күнге дейін ұлттық құраманың қоржынында тек 2 алтын медаль болды. Біреуін ауыр атлет Илья Ильин жеңіп алды. Айта кетейік, кейін допинг дауына байланысты ол атақтан айырылды. Қытайлық ауыр атлет Цаж Лэй де алтын медалін қайтарып, екінші орын иеленген отандасымыз Алла Важенина автоматты түрде Олимпиада чемпионы атанды. Олимпиада ойындарының соңғы күнінде бокстан 69 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан Бақыт Сәрсекбаев кубалық Карлос Бантоны жеңіп, Қазақстан құрамасы дәстүрден «жаңылмай», бокстан алтын алды. Бір жылдан кейін Сәрсекбаев бокстағы мансабын аяқтап, Қазақстанның әуесқой бокс федерациясын басқарды.
Серік Сәпиев
Лондон-2012 Олимпиада ойындары басталмай жатып, «69 келі салмақ қазақстандық боксшыларға тиесілі» деген түсінік қалыптасқаны анық. Бұл жолы 2 дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиев ел намысын қорғады. Айтпақшы, ол Бейжің Олимпиадасына да қатысқан болатын. Бірақ, жүлде бұйырмады. Десе де, төрт жылдан кейін алтын алу маңдайына жазылыпты. Қала берді, Баркер кубогін иеленді. Кейін ол мансабын аяқтап, депутат атанды. Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы болды.
Данияр Елеусінов
2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарында Данияр Елеусінов Қазақстанның бокстан алтын медаль алу дәстүрін жалғастыра алды. Финалда өзбек Шахрам Ғиясовты жеңді. Олимпиададан кейін сәл үзіліс алып, бір жылдан кейін кәсіби спортқа қадам басты. Өкінішке қарай, Даниярдың бұл жүлдесі соңғы 8 жылда ел қоржынына түскен Олимпиаданың соңғы алтыны болып қалуда.
Қазақстан боксындағы қара жолақ
Токио Олимпиадасы 2020 жылы өтуі керек еді, бірақ коронавирустық инфекция салдарынан бір жылға шегерілді. Бұл Олимпиададан да бокстан алтын жүлде күткеніміз рас. Өкінішке қарай, өзге салмақтар былай тұрсын, қазақ боксшыларының салмағы саналған 69 келіден де алтын бұйырмады. Қола жүлдені Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Қоңқабаев иеленді.
Әрине, Токио Олимпиадасынан кейін басқа-басқа, боксшыларды сынағандар көп болды. Себебі, қазақстандық жанкүйерлер кез келген Олимпиадада бокстан кем дегенде бір алтын бұйыратынына сенімді еді. «Қанымызға жақын спорт» деп ерекше мән беріп, тақым қысатын.
2021 жылы сол кезде бокстан ҚР Мемлекеттік жаттықтырушысы Бақтияр Артаев сәтсіз Олимпиада үшін қазақстандықтардан кешірім сұрады. Ол ел боксындағы проблемалар жүйелі түрде орын алып жатқанын, оны шешу үшін талдау жүргізілетініне сендірді.
Өзгерген ештеңе жоқ
Париж Олимпиадасы ойындарынан да алтынсыз қайттық. Бұл жолы бас бапкер Мырзағали Айтжанов кешірім сұрады. Кейін қызметінен кететінін сезді ме екен? Ол сәтсіздікті инфрақұрылым сияқты ауқымды мәселемен емес, боксшылардың басына бақ қонбағанымен байланыстырды. Сонда миллиардтаған бюджеттік инвестицияларға негізделген сала сәттілікке сүйеніп отыр ма?
«Біз қолымыздан келгеннің бәрін жасадық, тырыстық. Бірақ қарсыластың бағы басым болды. Жалпы, финал өте әсерлі, қызықты өтті (Нұрбек Оралбайдың кездесуі – ред). Бұл менің пікірім ғана емес, жекпе-жекті басқа жаттықтырушылар да жоғары бағалады. Біздің боксшыларға реніш жоқ. Олар шаршамады, шаршы алаңда бар білгенін көрсетті», — деді ол.
Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп орындалмаған уәделер үшін жауапкершілік оған және жаттықтырушыларға жүктелгенін бірден кесіп айтты.
«Барлығы біздің қателік пен кемшілікті көрді. Біз қорытындыға келдік. Қазақстан бокс федерациясы үлкен реформаға мұқтаж, — деді ол.
Дегенмен, мұндай сөздер халықаралық аренадағы әрбір сәтсіздіктен кейін спорт функционерлерінің аузынан шығатыны үйреншікті жағдайға айналғаны қашан. Қазақстандықтар әлі күнге дейін әлеуметтік желілерде бокстың «болдырып» қалғанын жазып жатыр.
Спорт комментаторы Ербол Қайыров қазақстандық боксшылардың нәтижелері нашарлап баратынын жасырмайды.
«Себебі, ұлттық құраманың жаттықтырушылары да, функционерлері де, тіпті шенеуніктер де өз боксшыларына бәс тігуде. Бұған жалақы мен сыйлықақыларды қосыңыз. Көптеген боксшылар хоккейшілер мен футболшылардан әлдеқайда көп ақша таба бастады. Бұған қарсы емеспін, бірақ бұл прогреске ынталандыруды айтарлықтай төмендетеді. Олимпиада ойындарында медаль алдың ба, марапатыңды ал. Егер екі-үш жыл нәтиже көрсетпесең, орныңды басқа өршіл боксшыларға бер», — деді ол.
Ербол Қайыров сәтсіздіктерден кейін үлкен реформалар қолға алынып, оң өзгерістер болатынына сенімді.
«Тың идеяны тиімді жүзеге асыратын кандидатураны таңдау қажет. Ең алдымен, сыбайлас жемқорлықты жою керек. Бірақ спортпен қатар өзге салалар жемқорлықтың қамытын кисе, қайтпек керек? — деп түйіндеді ол.
Кім кінәлі?
Олимпиада, кешірім сұрау, үлкен өзгерістер туралы уәделер – таң қалатын жағдай емес. Өзгерген жалғыз дүние бар: бокс федерациясының спортшылар мен жаңа таланттарды даярлау шығындары.
Токио Олимпиадасына қатысу үшін қазақстандық спортшыларды даярлауға 15 млрд теңге бөлінген. 2016 жылы Рио ойындарына 6 млрд теңге жеткілікті болыпты. Париж Олимпиадасына дайындық үшін шығындарды миллиардқа дейін қысқарған (980 миллион теңге). Спортқа жауапты мамандар алтын алмаудың себебін шығындардың азаюымен байланыстыра қоймас.
Өкінішке қарай, әр Олимпиадада бокстан алтын алу арманға айналып, тарих біз қалағандай жазылып жатқан жоқ. Бұл спорттағы мәселелер ара-тұра айтылса да, жүйелі өзгеріс алғанын көрмедік. Жас таланттардың кәсіби боксқа қадам басуы немесе өзге салаға кетуі көп нәрсені аңғартқандай.
Лондон мен Рио Олимпиадасында бокстан ерлер құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов болды. 2019 жылы оның орнына Ғалымбек Кенжебаев, ал 2021 жылы Қайрат Сәтжанов тағайындалды. Соңғысы 2023 жылы өз қызметін Айтжановқа қайта тапсырды. Егер бокс федерациясы қателіктерді жаттықтырушыларды ауыстырумен реттейміз десе, бұл Олимпиадағы сәтсіздік нені білдіреді, кім кінәлі?
Қазақстандық боксшыларды енді кім баптайды?
Қазақстан Бокс федерациясы Париж Олимпиадасының қорытындысы бойынша кеңес өткізіп, бокстан ерлер командасының бапкерлік құрамы толығымен жұмыстан шеттетілді.
Атап айтсақ, бас бапкер Мырзағали Айтжанов пен жаттықтырушылар штабының 10 маманы қызметінен босатылды. Сондай-ақ Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Әзиз Қожамбетов қызметінен кетті.
Ал, ҚР бокстан еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов Қазақстан бокс федерациясы президентінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды.
Ал жаңа жаттықтырушылар құрамы кейінірек таныстырылмақ.