0.3 C
Shymkent
25 ноября, 2024
Ақпарат

Президенттің «әкімдердің пайдасыз ісі» туралы қатаң сынының мәнісі анықталды

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев кешегі жолдауында Үкіметке бюджетаралық қарым-қатынастарды ретке келтіруді тапсырды.

«Шағын және орта бизнестен түсетін салықты аймақтардың өзінде қалдыру дұрыс әрі уақтылы қабылданған шешім болды. Бұл қадам кәсіпкерліктің дамуына едәуір серпін берді. Сонымен қатар әкімдердің дербестігін арттырды. Алайда кейбір әкімдер қосымша кіріс көзіне ие болған соң, оны елге пайдасыз іске шашып, тиімсіз жұмсайтын болды. Аса маңызды емес міндеттер мен жобаларға қаржы бөле бастады», – деді Қазақстан Президенті.

Шынында да, жергілікті биліктердің қазыналарына енді триллиондаған қаржы құйылуда. Арқырап аққан ақша өзенін көріп, әкімдер де ақ жолдан таймай ма?

«Үкімет өңірлердің бюджеттік дербестігін арттыру жұмысын тұрақты негізде жүргізіп жатыр. Талдау қорытындысы көрсеткендей, жергілікті бюджеттердің кіріс бөлігі қарқынды динамикамен толуда. Мысалы, 2020 жылы шағын және орта бизнестен жиналатын корпоративті табыс салығы (КТС) жергілікті әкімдіктерге берілді. Соның нәтижесінде, жергілікті бюджеттерге жалпы сомасы 3,4 триллионнан астам қосымша қаржы түскен. Тарата айтсам, КТС түсімі 2020 жылы – 0,5 трлн теңге, 2021 жылы – 0,7 трлн, 2022 жылы – 1 трлн, 2023 жылы – 1,2 триллион теңге болды», – деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов депутаттарға түсініктемесінде.

Әкімдерді ақшаның астында қалдырған тетіктер мұнымен таусылмайды. Премьердің мәліметінше, былтыр сондай-ақ бірқатар мемлекеттік баж алымдары, төлемдер және салықтық емес түсімдердің жекелеген түрлері де жергілікті деңгейлерге табысталды. Оларды енді орталықтағылар алып қоя алмайды. Жергілікті әкім ол қаржы тасқынын қайда бұрамын десе де өз еркі. Былтырдан бері осы баптар бойынша әкімдердің қоржынына тағы шамамен 90 миллиард теңге түскен. Бұл – тек басы, айыппұл түрлерінің, айлық есептік көрсеткіштің артуымен бірге бұқара мен бизнестен жиналатын сома да алда өсе береді.

Үкімет басшысы Президенттің 2022 жылғы 10 қыркүйектегі жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қаржыны басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, ағымдағы салықтар, жеке табыс салығы, әлеуметтік, көлік, мүлік және жер салықтары, өзге де алымдар жергілікті әкімдіктерге табысталғанын жеткізді.

«Бұл салықтар нақты территориялық бекітілген салықтық базадан, яғни сол облыс, қала, аудан, ауылдық елді мекенде тіркелген тұрғындар мен кәсіпорындардан жиналады. Ол ақша жергілікті бюджетті толтыратындықтан, әкімдер алым-салықтардың барынша мол жиналуына мүдделі және солай болуда. Аталған алым-салық түрлері жергілікті атқарушы органдардың тұрақты табыс көзіне айналды және оларға экономикалық дағдарыстардың әсері шамалы», – деді Бектенов.

Басқаша айтқанда, қанша жерден күйзеліс қысса да халық пен бизнес үшін салық мөлшері азайтылмайды. Төлей алмайды екенсің, банкрот бол деген сөз.

Ал, құбылмалы болып келетін (налоги, имеющие перераспределительный характер) салықтар орталықтың еншісінде қалды. Мысалы, Премьердің дерегінше, республикалық бюджетке түсетін салықтық түсімдердің жалпы сомасында ірі бизнестің корпоративті табыс салығының (КТС) үлесі – шамамен 30%, қосылған құн салығының (ҚҚС) үлесі – 40%-дан асады.

Бұл ретте 2023 жылы республикалық бюджетке аударылуға тиіс салықтар алапат 1,4 триллион теңге сомаға аз түсті. Сөйтіп, өткен жылы салықтық түсімдер бойынша жоспар орындалмай қалды. Бұл жағдай Парламентте қызу пікірталас туғызды. Орталық қазанға құйылатын салықтардың бұлайша құлдырауына 3 ірі салық – КТС, ішкі өндірістегі тауарларға қосылған құн салығы (ІӨТ-ға ҚҚС) және импортқа ҚҚС-тің кем түсуі ықпал етіпті. Жоғары аудиторлық палатаның мәліметінше, бұл «Үкіметтің осы үш салықтың түсімі бойынша қате болжам (тым артық жоспарлауы) салдарынан болды».

Қорыта айтқанда, Үкімет өз салығын толық жинай алмай, жарға жықты. Салдарынан, республикалық бюджет Ұлттық қордан миллиардтап қаржы алып, болашақ ұрпақтың ақысын «жеуде». Дәл осы кезде әкімдер өздеріне тапсырылған салықтарды мол жинап, арттыруда. Онда неге өз жолдауында Президент Тоқаев әкімдерді сынайды?

Мұның бір мәнісін дәл жолдау дайындалып жатқанда, 28 тамызда Мемлекет басшысының қабылдауына кіріп, біраз ақыл қосып, мәлімет беріп шыққан Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) төрағасы Әлихан Смайылов білдірді. Мысалы, Смайылов Президентке мемлекеттік ревизорлардың Абай, Жетісу, Ұлытау, Алматы облыстарының бюджеттеріне аудит жүргізу барысында әшкерелеген былықтарын жайып салғанға ұқсайды. Оның кейбір жай-жапсарын ЖАП басшысы жұртшылыққа жария етті.

Оның сендіруінше, орталық деңгейде (Үкімет, министрліктер, ведомстволар) бюджет қаражаты жоғары дәрежеде игеріледі. Ал, үлкен қаржылық дербестікке қол жеткізген әкімдіктер астатөк ақшаға ауыл-аймақтың күрмеулі мәселелерін тегіс шешіп тастау орнына, керісінше төмен нәтижені паш еткен.

Жоғары аудиторлық палата төрағасының айтуынша, былтырғы бір жыл ішінде өңірлерге шамамен 5 триллион теңге субвенция берілген. Сөйтіп, дотация көлемі соңғы 3 жылда екі еседен артық өсті. Бұдан бөлек, барлық әкімдіктерге шамамен тағы 2 триллион теңге нысаналы трансферттер аударылды.

Әлихан Смайылов ақша молайған сайын, іс жүзінде әкімдіктердің бюджеттік тәртібі төмендеп бара жатқанын айтты. ЖАП 2023 жыл қорытындысында тек төрт өңірде – Абай, Жетісу, Ұлытау және Алматы облыстарында аудит жүргізген. Оларда бюджеттік қаржыға салынып жатқан инвестициялық жобалардың 27%-ы бойынша құрылыстың нормативтік мерзімдері сақталмағанын анықтады. Соның ішінде кейбір «сақалды құрылыстардың» іске асырылуы 10 жылға дейін созылып кеткен. Салдарынан, уақытында аяқталмаған жобалардың құны 60%-дан астамға қымбаттады. Жалпы, өңірлерде құрылысы қолға алынған, бірақ әкімдердің біліксіздігі, сылбыр-салғырттығы кесірінен дер кезінде бітпей қалған маңызды инженерлік және инфрақұрылымдық жобаларды аяқтау түбінде елге қаншаға түсетіні белгісіз, ЖАП аудиторлары «оны әлі анықтау керек» деп отыр.

Президенттің әкімдер ел қаржысын желге шашып отыр деп сынауы негізсіз емес. ЖАП дерегінше, небары 4 өңірде әкімдер орындалмаған жұмыстары үшін әлдебір компанияларға 3,4 миллиард теңге бюджет қаржысын ұстатып жіберген.

«Сондай-ақ өңірлерде өте маңызды және ел күтіп отырған объектілерді мақсатына сай пайдаланбау фактілері әшкереленді. Мысалы, Семей қаласында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы салдарынан, атап айтқанда, жанар-жағармай станциясына жақын орналасқандықтан, 2023 жылы 1,7 миллиард теңгеге салынған «Орталық» қазандығы іске қосылмай, қаңырап бос қалды. Жезқазған қаласында 2023 жылы шамамен 600 миллион теңгеге салынған тұрғын үйге әлі күнге дейін ешкім қоныстанбаған. Бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыру саласына тәртіп орнату керек», – деді Әлихан Смайылов.

Ол мысалға Жетісу облысын келтірді. Оны дотация құрдымынан шыға алмаған өңір деуге болады. Республикалық бюджеттен бөлінетін қаражатқа қатты тәуелді. Жергілікті деңгейде жиналатын кірістері жалпы шығыстардың 16%-ын ғана «жабады». Соған қарамастан, облыстық бюджет «нәтижеге толықтай бағдарланбаған». Басқаша айтқанда, бүкіл елдің қаржысын оңды-солды таратады. Ескі Қазақстандағыдай зауыт-кәсіпорындарды көзбояу қылып ашып, артынша онысы жабылып қалатын «дәстүр» жойылмаған көрінеді.

«Жетісу облысының өңірлік Индустриалдандыру картасында 32 жоба бар. Алайда оның ішінде 10,5 миллиард теңге тұратын үшеуі жұмыс істемейді. 1,1 миллиард теңгенің тағы үш жобасын іске асыру уақытша тоқтатылды. Бір жоба тоқырап тұр. Яғни, 7 жоба бойынша еш нәтиже жоқ. Дұрысы, толық қуаттылықпен жұмыс істей алатын жобаларды ғана жоспарлау сатысында іріктеп алуы керек еді. Бұған ылан-ойран мемлекеттік қаражат жұмсалды, өңірдің инфрақұрылымдық әлеуеті босқа жұмылдырылды», – деді ЖАП басшысы Әлихан Смайылов.

Өңірде 14 жоба дер кезінде жүзеге асырылмай, құны шамамен 55 миллиард теңгеге қымбаттап шыға келген.

Бұл аймақта да әкімдер «гигантомания» дертіне шалдығыпты. Мәселен, мемлекеттік аудиторлар анықтағандай, «Қазақстанның 10 жылдығы» ауылында небары 69 оқушы бар. Оларға арнап, 120 орындық жаңа мектеп салынып жатыр. Бәлкім, сол арқылы бюджеттегі мол қаржыны игерген шығар? Осы кезде облыста 4 730-ға жуық оқушы орны тапшы.

Тағы бір мысал: әкімдік ғимаратын реконструкциялау жобасы аясында жергілікті билік әлдебір жеткізуші фирмадан 603 жиынтық компьютерлік техника сатып алған. Шынында, әкімдіктің нақты қажеттілігі небәрі 250 компьютер жиынтығын құрайды. Соның кесірінен, аудиторлар шаң басып жатқан 351 компьютерді қоймадан тауып алды.

Панфилов ауданында 60 пәтерлік төрт және 80 пәтерлік екі тұрғын үй 1,5 жылдан астам уақыт бойы қаңырап бос тұр. Оларды салуға жалпы құны шамамен 5,8 млирлиад теңге шығындалған. Неге оларға баспанасыз тұрғындар қоныстандырылмаған? Өйткені алты тұрғын үйге жылу, сумен жабдықтау және кәріз желілері тартылмаған.

Абай және Жетісу облыстарымен қатар, Ұлытау өңірі де Мемлекет басшысының жолдауымен 2022 жылғы мамырда құрылды. Одан да аудиторлар түңіліп қайтыпты.

«Облыс құрылған кезде болған өңірлік проблемалар сол бойы қордалануда: оларды іс жүзінде шешу бойынша пәрменді шаралар қабылданбаған. Кешенді жоспарда қолданыстағы сумен жабдықтау, кәріз және су бұру желілерін жаңарту, олардың тозуының жоғары деңгейін төмендету іс-шаралары қамтылмаған. Жаңа білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт объектілерін салу, сондай-ақ қолданыстағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін жөндеу деңгейі төмен», – делінген аудиторлық қорытындыда.

Мынадай масқара бар: аты жаңа облыста жас ұрпақ – балдырғандар апатты балабақшада тәрбиеленіп жатқанын көріп, аудиторлар жаға ұстапты. Облыста 7,8 мың бала үшін бар-жоғы 50 балабақша жұмыс істейді. 19 мемлекеттік балабақша ғимараттарының тозуы 65%-дан асып кеткен, ал, үшеуі – 100% (!) тозған. Орын тапшылығын жою орнына, облыс әкімдігі Жезқазған мен Сәтбаевта әрқайсысы 320 орындық балабақшалардың құрылысын аяқтау үшін тиісті шаралар қабылдамаған. Құрылыс 14–17% қымбаттап кетті және құрылысы 10 жылға дейін созылды.

ЖАП аудиторларының дерегінше, Жезқазған және Сәтбаев қалаларын ауыз сумен жабдықтаудың негізгі көзі – Кеңгір су қоймасын тазарту және ластаушы заттардың түсуін азайту бойынша тиімді шаралар қабылданбай тұр. Бұдан басқа, «жаңа» облыста орталықтандырылған су бұру желілері әбден тозған екен. Жекелеген аудандар құбырдағы ауыз сумен мүлдем жабдықталмаған. Тіпті тиісті жұмыстар жоспарланбағаны әшкереленді.

Осы және құпия басқа да мәліметтерді алғаннан кейін Президент түңіле сөйлемегенде қайтеді. Таяуда облыс әкімдері қатарында ауыс-түйіс болуы да ғажап емес. Атап өтетін жайт, мұндай жағдай барлық дерлік өңірде қалыптасқан. Бірақ Президенттің алдыңғы жолдауы аясында құрылған жаңа үш өңірдегі проблемалар бұрынғы жолдаудың лайықты орындалмағанын білдірсе керек.

Бөлісу

Related posts

«ЖАСЫЛ АЙМАҚ» АПТАЛЫҒЫ БАСТАУ АЛДЫ

ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛЫ ГУМАНИСТ-КҮРЕСКЕРІ АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВ ТУРАЛЫ ЖАҢА ФИЛЬМ ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ.

AdiletTV

Жапонияда жер сілкінісінен 13 адам зардап шекті

AdiletTV

Leave a Comment