Ордабасы ауданына қарасты Абай жббм, М.Әуезов жббм, Қарақұм жббм, Қалаш бастауыш мектебі, Қажымұқан жббм, Таукехан жалпы білім беретін мекемелерінде «Абайлаңыз балалар» акциясының аясында мектеп оқушыларына олардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күнделікті сабақтар мен дәрістер өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Шара барысында балалар жол жүру қауіпсіздігі ережелеріне қатысты білімдерін тексеріп, жаяу жүргіншілер мен жүргізушілер жіберген қателіктерді іздеді, оқушылар жолда жүру ережесін меңгеріп, келе жатқан автокөліктің алдынан кесе жүгірмеу керек екендігін, жолда үнемі жаяу жүргіншілерге арналған жол арқылы жүру керек екендігін түсініп, басқа да көптеген ережелермен танысты.
Қай жерде жүруге болады
Қалада жаяу жүргіншілер тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүру керек. Жақын маңда тротуар болмаса, велосипед жолымен жүру қажет. Мұндай жағдайда барынша жол шетімен жүріп, велосипед немесе самокаттан абай болған жөн. Егер көшеде тротуар болмаса, жол жиегімен жүруге рұқсат етіледі.
Қай жерде жүруге болмайды
Жаяу жүргіншілердің жүруіне тыйым салатын белгі (ақ-қызыл фонды шеңберде жүріп бара жатқан адамды қиғаш сызған) тұрған жерде жүруге болмайды. Веложол және веложолақпен де еркін қозғала алмайсыз. Сондай-ақ жаяу жүргінші автомобиль жолына шықпауы қажет.
Жолдан қай жерден өтуге болады
Ең қауіпсізі — бағдаршам бар қиылыстан өту. Егер жақын жерде бағдаршам болмаса, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелі деп аталатын «зебрамен» жүрген жөн. Егер бағдаршам немесе жаяу жүргіншілер өткелі жоқ болып, жолды тек кесіп өтуге тура келсе, қауіпсіздікке баса мән бере отырып, тіке (90 градус) өту қажет. Жолдың екі жағы да анық көрінетін тұстан өткен абзал.
Ірі қалаларда жаяу жүргіншілер көпірі және жерасты өткелі болады. Олар бәрінен қауіпсіз, жолдан өткенде ерінбей осылармен жүрген дұрыс.
Жолдан қалай өту қажет
Автомобиль екі бағытта жүретін жолдан өтердегі басты ереже мынау: жолға шығар алдында солға қарап, қауіпсіз екеніне көз жеткізіңіз, ал жол ортасына жеткенде оң жаққа қарау қажет. Көшені қай жерден кесіп өтсеңіз де, осы ережені естен шығармаңыз.
Ал үлкен даңғыл немесе бір жақты көшеден өтерде автобус немесе веложол бар-жоғына мән беру керек. Егер бар болса, жолға шығарда екі жаққа да қарап, келе жатқан көлік жоқ екеніне көз жеткізіңіз!
Бағдаршам
Реттелетін қиылыстан өтерде әркім бағдаршамға бағынуға тиіс. Жасыл жанғанда жүріп, қызыл жанғанда тоқтайды. Бірақ жасыл жанды екен деп жолға жүгіріп шығуға болмайды. Алдымен екі бағыттағы машиналардың тоқтағанына көз жеткізіңіз.
Жол қозғалысын реттеуші
Қалада бағдаршам үнемі жұмыс істеп тұрмайды. Кейде оларды жол қозғалысын реттейтін полицей ауыстырады. Олар қиылыста тұрып, қызыл таяқшамен қайда жүру керек екенін көрсетеді. Полицейдің қимылын қалай түсінуге болады? Егер жол реттеуші сізге қарап тұрса немесе оның арқа тұсында тұрсаңыз, жүрмейсіз. Ал бүйір жағында тұрсаңыз, жүруге болады. Таяқ ұстаған қолын алға созып тұрса, полицейдің арт жағынан ғана өте аласыз.
Егер бала велосипед немесе самокат мініп жүрсе, жолдан өтерде одан түсу (түсіру) керек.
Зебра
Реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде жоғарыда айтылған негізгі ережелер қолданылады. Жолға шықпас бұрын қауіпсіз екеніне көз жеткізу керек. Ереже бойынша машина жаяу жүргіншіге жол беруге міндетті, бірақ барлық жүргізуші ережені сақтай бермейді.
Сол үшін жолға шығар алдында алдымен солға қарап, көліктер тоқтағанына көз жеткізіп алған дұрыс. Ал жол ортасына таяғанда оңға қарап, машиналар тоқтап тұрса, қозғалыты жалғастырамыз.
Құлаққап, капюшон және қара киім
ҚР жол ережесінде құлаққап тағуға және капюшон немесе қара киім киюге тыйым салынбаған. Бірақ бұлар жолда қауіпті болуы мүмкін.
Капюшон жаяу жүргіншінің жолды көру бұрышын тарылтады, сол үшін жолға жақындағанда оны шешу қажет. Құлаққап туралы да осыны айтуға болады. Жұртқа мүлде құлаққап тақпа деу қиын, бірақ жолдан өтерде оны алып, жан-жаққа назар аударған абзал.
Ал қара киім түнде, әсіресе қараңғы көшелерде қауіпті болады. Үстіне тұтас қара киім киген адамды жүргізушілер көрмей қалуы мүмкін. Егер қара киім кисеңіз, жарыққа шағылысатын элемент таққан дұрыс болады. Жолдан өтерде смартфон жарығын жағуға болады, бірақ ол мәселені толық шешпейді, жолда аса сақ болу керек. Осындай қарапайым ғана мысылдарды мектеп жасындағы балаларға түсіндірілді. Бұл ережелер біз үшін және бала үшін өте маңызды. Өскелең ұрпақтың қателікке ұрынбауы үшін, олардың жол ережесі бойынша сауаттылығын арттыру үшін осы тектес іс-шаралардың маңызы зор.
АЛДЫҢҒЫ ПОСТ