ҚР ІІМ тергеу департаментінің бастығы Мұхтар Қожаевтің төрағалығымен өткен іс-шараға Шымкент қаласы, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары полиция департаменттерінің тергеушілері және прокуратура, сот, қаржылық мониторинг агенттігі және екінші деңгейдегі банктер өкілдері қатысты. Кездесу ҚР ІІМ Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығында ұйымдастырылды.
Шараға қатысушылар ғаламтордағы алаяқтықпен байланысты қылмыстық істерді тергеу процесінде туындайтын проблемаларды және оларды шешу, бұл құқық бұзушылықтардың алдын алу жолдарын талқылады. Онлайн түрде жасалатын алаяқтықтың профилактикасы мен оны болдырмау мақсатында полицейлермен кешенді шаралар қабылданып, белсенді жұмыс атқарылуда. Аталған қылмыстармен күресу үшін арнайы «Киберпол» бөлімдері де құрылған. Тұрғындармен интернет-алаяқтықтың құрбаны болмас үшін және одан сақтану бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде екені атап өтілді. Семинар барысында бірнеше сұрақтарға жауап берілді:
–Бұл алаяқтықтың басқа қылмыстардан қандай ерекшеліктерін айтар едіңіз?
–Ғаламторды торуылдайтын алаяқтар дәстүрлі алдау қағидаларын ұстанғанымен, олардың ерекше сипаттары да бар. Мәселен, олар интернетті пайдаланатындықтан, халықаралық деңгейде таралуымен ерекшеленеді. Яғни, бір елде отырып, екінші елдегі адамдарды алдап-арбай беретін шекара талғамау сипаты бар. Екіншіден, интернет-алаяқтар жасырын болып келеді. Яғни, олар жалған жеке және заңды тұлғалардың атынан жиі әрекет етеді.
Біздің бөліністің негізгі міндеті – ақпараттандыру және байланыс саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтарға қарсы күрес болып табылады. Сонымен бірге, кейбір квалификациялық белгілері бар қылмыстық құқық бұзушылықтарға, яғни ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын алаяқтық, ұрлық, қорлау, жала жабу және т.б. қарсы жұмыстар жүргізеді.
-Соңғы уақытта интернет-алаяқтықтың қандай түрлері көп кездесіп жүр?
–Елімізде көп кездесіп жүрген алаяқтық түрлеріне: интернет-дүкенмен байланысты алаяқтықтар, фишинг, интернет арқылы қайыр сұрау, телефон-алаяқтық, SMS-алаяқтық және интернет-банкинг арқылы жасалатын қылмыстар жатады.
Түсінікті болу үшін нақты мысалдарға тоқталғаным дұрыс шығар. Мысалы, қазіргі таңда адамдардың көпшілігі кез келген затты сату немесе алу үшін арнайы сайттарды пайдаланады. Жақында мынадай бір оқиға болды. Бір адам өзінің автокөлігін сату үшін арнайы сайтқа хабарландыру береді. Көп өтпей оған біреу хабарласып: «Маған сіздің көлігіңіз ұнап тұр. Сатып алайын деп едім», – дейді. «Жақсы, келіп көруіңізге болады», – дейді бұл. Бірақ, анау: «Мен барғанша сатып жібермейсіз бе? Мен Ресейде едім. Сізге барам дегенше 2-3 күн өтеді. Сондықтан, сізге 100 мың теңге кепілақы беріп қояйын. Сөйтіп, мен алып кеткенше сатпай ұстап тұрсаңыз», – дейді. Клиенттің табыла кеткеніне қуанған бұл адам да көп ойланбастан оған банк картасының нөмірін береді. Сәл уақыттан кейін қайта телефон шалған сатып алушы: «Мен сізге ақша аудардым. Қазір сізге бір хабарлама келуі тиіс. Сол хабарламадағы сандарды маған айтып жіберсеңіз, сізге ақша түседі», – дейді. Негізі, интернет-банкингті пайдаланатын адамдар біледі, ол жерде түрлі операцияларды орындағанда, банк код жібереді де, астында «Ешкімге бермеңіздер» деп жазып қояды. Бірақ, бұл кісі болса келген кодты айта салып, алаяққа алданып, сан соғып қалды. Өйткені, осы код арқылы әлгі адамның интернет-банкингіне кіріп, оның есеп-шоты бойынша кез келген операцияны жасай беруге болады.
Бұдан бөлек, өткен жылдың қараша айынан бастап Халық банкінің банкоматтарында «Қолма-қол ақшаны картасыз алу» жаңа қызметі қолжетімді болды. Енді төлем картасынан қолма-қол ақшаны алу үшін мобильді телефонның болғаны жеткілікті, мұнда да оған банкоматтан ақша алу үшін банктен код жіберіледі. Бұл қызмет түрі дұрыс қолданған тұтынушылар үшін өте тиімді. Алайда, осы қызмет түрі бойынша да екі-үш айдың ішінде қаншама адамдар алаяқтарға алданды.
– Банктің бұл жаңа қызметі бойынша адамдарды қалай алдайды?
–Ол да жоғарыда айтылған оқиға секілді. Алдымен адамдардың сеніміне кіріп алады да, сосын «келген парольді айтып берсеңіз» дейді. Парольді қолына алған алаяқ оның шотындағы ақшаның бәрін өзіне аударып алады немесе қолма-қол шешіп алады.
Өткен жылы орын алған тағы бір мынадай ірі алаяқтық оқиғасын айта кетуге болады. Солтүстік Қазақстан облысында белгілі спортшы бар. Атын атамай-ақ қояйын. Сол жігіт қатерлі ісік ауруына шалдығып, дерті асқынған соң, анасы ұлының достарының қолдауымен әлеуметтік желіде көмек сұрау парақшасын ашады. Танымал жігітке, алғашқыда көптеген қазақстандықтар парақшада көрсетілген реквизиті бойынша қаражат аударып, қол ұштарын бере бастайды.
Содан 1 шілде күні белгісіз адам спортшының анасына телефон шалып: «Мен сізге көмек көрсетсем деймін. Қазір сізге Халық банкінен код келеді, соны маған айтсаңыз, мен шотыңызға қомақты қаржы аударып жіберем», – дейді. Біраздан кейін анасы өзіне келген смс-хабарламадағы кодты жаңағы көмектесемін деген адамға айтып береді. Алаяқ кодпен ана кісінің интернет-банкингіне кіріп, ондағы халықтан жиналған 6 млн. 884 мың теңге қаражатты басқа шотқа аударып жіберген.
Ал спортшының анасы көмектесем деп хабарласып жатқан адамдар көп болғандықтан, оған аса мән де бермеген. Шотын да тексермеген. Содан шілденің 4-і күні оған банктің қауіпсіздік қызметінен қоңырау шалынып: «1-і күні сіздің шотыңыздан басқа жаққа осынша сома аударылды. Оны білесіз бе?», – деп сұрайды. Жалпы, кез келген банкте осы секілді бірден қомақты сома аударымы жасалса, қауіпсіздік қызметі оның иесіне ескертіп отырады.
Алаяққа алданғанын сол кезде барып білген спортшының анасы құқық қорғау органдарына арыз жазып, біздің қызметкерлердің табанды іздестіруінің арқасында М. есімді азамат ұсталып, өткен жылдың 23 желтоқсанында оған сот өкімі шықты. Енді ол 6 жыл 8 ай уақытын темір тордың арғы жағында өткізетін болды.
–Соңғы уақыттарда болып жатқан интернет-алдаяқтық қылмыстарының негізі осы интернет-банкингпен, яғни ақша жымқырумен байланысты болғаны ғой?
Көшпелі семинар-кеңес қатысушылары тәжірибе алмасып, интернет-алаяқтықты тергеу сапасын жақсартуға ықпал ететін тәсілдер туралы пікірлерімен бөлісті.