4.3 C
Shymkent
26 декабря, 2024
Полиция

Шымкнт қаласы: зорлық-зомбылық пен қатігездікті жоюдың жолдары барма?

Бүгінде отбасылардағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары өте жиі кездеседі. Көбінесе әйелдер қауымы бұл туралы ашық айтпайды. Тұрмыста зорлық көрген әйелдер өзіне қол жұмсаған адаммен бір шаңырақтың астында тұрғылары келмейді. Әйелдердің дені қорқыныштан, болмаса баспанасыз қалмауы үшін көбіне көрсетілген зорлыққа амалсыз шыдауға бел байлайды. Зорлықтан зардап шегушілердің көбісі түрлі себептерге байланысты полицияға хабарласуға асықпайды. Бірі отбасы жағдайының төмендігін ойласа, енді бірі бұл қадамы онсыз да берекесі кеткен шаңырағын одан әрі шайқалтып кетер деп қауіптенеді.
Бүгінгі көтеріліп отырған тақырыптың өзектілігін бәріңіз білесіздер. Бүгінде барша әлем елдерінде белең алған тұрмыстық заңбұзушылық біздің елімізде де өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Отбасындағы жанжалдың кесірінен болатын қылмыстардың жиілеп кетуіне қоғам алаңдаулы. Зерттеулер бойынша оның басты себептерінің біріне – маскүнемдік, жұмыссыздық, соған байланысты тұрмыс жағдайының ауырлығы сияқты әлеуметтік жағдайлар жатады. Тұрмыста жапа шегетіндер негізінен әйел адамдар. Ал, біздің мемлекетіміз үшін әйел-ананы қорғау ерекше мәселе. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта қоғамның қарыштап дамуына қарамастан, әйелдерге қатысты отбасылық зорлық-зомбылық әрекеттер тыйылар емес. Оған өзіміз күнде куә болып отырмыз.

Негізінен, қай халық та отбасындағы зорлық-зомбылық туралы айтуды жөн санамаған. Әрі «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деген жазылмаған «заңдарымен» бекітіп қойған. «Ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі» деп үй ішіндегі дау-жанжалға араласудың орынсыз екендігін білдіреді. Зорлыққа төзімсіздік отбасында, баланың кішкентай кезінен бастап тәрбиеленуі керек. «Анасын көріп, қызын ал» дейміз. Өмір бойы таяқтан көз ашпай, үреймен күн кешсе де, «балаларым әкесіз өспесін» деген жалған намысты ұстанған ананың қызы зорлыққа қарсы тұра ала ма? Әкесі шешесін ұрып-соғатынын көріп өскен ұл өзі үйленгенде күйеу болудың жөні осы деп, жұдырығын ала жүгіруге бейім болатыны да рас. Осындайда, шыдамның да шегі бар және оның салдары да қорқынышты екенін айта кетуіміз керек.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесінде ең маңыздысы – құқық бұзушыны жазалау емес, отбасын қолдау және сақтау. Жазалау шараларынан гөрі алдын алу шараларын қарастыру, құпиялылық, өмірлік қиын жағдайда жүрген әрбір адаммен жеке жұмыс жүргізу сияқты прин цип т е р басшылыққа алынады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық – әкімшілік құқық бұзушылық немесе отбасылық мәселе емес, кез-келген басқа зорлық сияқты қылмысқа жатады. Әйелдер күш көрсетіп жатса да төзімділік танытады, жұрт алдындағы абыройын ойлап, күйеулеріне қарсы берген арыздарын да қайтып алып жатады. Біз отбасында зәбір көрген әр әйелге тығырықтан шығудың жолы барын, қоғамның көзқарасынан қорықпай, заң шеңберінде мәселесін шешуге талпыну керектігін түсіндіреміз. Үнемі жұдырық жұмсайтын күйеуіне аяушылық танытып, арызын кейін қайтарып алатын әйелдер өз өмірлерін, денсаулықтарын ойлауға шамасы келе бермейді. Ондай әйелдер көбінесе психологиялық және материалдық тұрғыда күйеулеріне тәуелді болып келеді. Тек күйеуінен ғана емес, жігіт болған баласынан зәбір жейтін аналар да бар.

Зорлық-зомбылық құрбандары саналатын әйелдердің проблемасы – барлық елдер заң шеңберінде тыйым салуға талпынып жатқан үлкен мәселе, әрі жиі қайталанатын қылмыстар санатына жатады. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдердің нақты санын дәл айту мүмкін емес. Себебі, олардың барлығы арнайы органдарға барып шағымданбайды. Әсіресе қазақ отбасындағы әйелдер зорлық-зомбылыққа төзіп жүре береді. Кейбір әйелдер, дәл сол мезетте ашуын біреуге жеткізіп алса, одан кейін кешіріммен қарап, әрі қарай өмір сүре береді. Олар ешқашан өз ерлерін жаманатты қылғысы келмейді. Дегенмен, оны түсінетін ер адамдар қазіргі таңда сиреп барады. Сондықтан, оларды арнайы заңмен жауапқа тарту керек.
Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдау керектігін айтқан болатын. Талқыланып жатқан заң жобасы, тек әйелдерге ғана емес, отбасының басқа да мүшелерінің тең құқы сақталып, тұрмыстағы қысымды болдырмауға көмек болатыны сөзсіз. Осындай ұзақ төзудің соңы әйелдің денсаулығына зиянын тигізіп жатады. Мәселен біздің орталыққа әйелдердің басым бөлігі жағдайдың ушығып, бар амалы таусылған сәтінде барып хабарласады. Тіпті күйеуінен немесе оның туыстарынан қаймығып қоңырау шалуға қорқатынын, олармен біздің сөйлесуімізді өтінетіндер де бар, мүмкіндігінше отбасын сақтап қалу мақсатында ол әйелдің жолдасымен, қажет болса туған-туыстарымен әңгімелесіп, татуластыру жұмыстары жүргізіледі.
Зорлық көрген әйелдер балаларын алып, үйінен, жып жылы шаңырағынан кетуге мәжбүр, не үшін? Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен дағдарыс орталықтары жұмыс істейді, ал агрессор ер азаматтармен жұмыс жүргізілмейді. Осыған байланысты біздің елімізде пилоттық жоба ретінде арнайы жоба қолға алынып жатыр. Осы бағдарлама аясында отбасындағы агрессияның пайда болуының негізгі себебі анықталып, жақындарына қол көтеріп үйренген ер адамға ашуды жеңудің әдіс-тәсілдерін үйретеді. Психолог, психотерапевт мамандар оның ызасы не себепті пайда болғанын, неге біреуді ұруға әуес екенін зерттейді.
Негізгі мақсаты – агрессордың істеген зорлық-зомбылығының қылмыс екеніне көңіл аудартып, мойнына жауапкершілікті алуына және келешекте осындай қатыгездікке қайта бармауына ықпал ету. Осы пилоттық жоба нәтижелі болса, бүкіл Қазақстанда жүзеге асырылады. Осындай сабақтарды, заң аясында барлық агрессор ер азаматтарды оқытуды міндеттеу керек. Әйелдер мен балалар отбасының ең әлсіз мүшелері болғанымен, олар жанұяның негізгі құраушылары. Әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылық тек бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның алдында тұрған қатер. Қоршаған ортада болып жатқан мән-жайларға бейжай қарамай құқық бұзушылықпен, зорлық-зомбылыққа қарсы күресу әрбір азаматтың өз ар-ұяты алдындағы борышы. Зорлық-зомбылық – жалпыға ортақ мәселе және бұл аналардың қасіреті, бұл – бүлінген тағдырлар. Келешекте өзі құрған шаңырақты шайқалтпасын десек, қыз баланың тәрбиесімен бірге, ұл баланың тәрбиесіне ерте жастан көңіл бөлу қажет. Әр жеткіншек қыз бала мен ананы сыйлауды, әйел затын қадірлеуді бала күнінен бойына сіңіріп өссе, отбасында зорлық-зомбылыққа орын болмас еді. Айбаршын ИМАНҒАЛИЕВА,
Үшінші мегаполисте отбасында зорлық-зомбылыққа ұшыраған тұрғындарға психологиялық, медициналық және әлеуметтік қолдау көрсететін «Көмек» дағдарыс орталығы бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалын жанындағы Әйелдер қанатының бір топ белсенділері аталмыш орталыққа арнайы барып, жұмысымен таныстық.
Мекеме мамандарының айтуынша, соңғы уақытта мұнда қиын жағдайға тап болғандар емес масылдыққа салынғандар да көптеп келеді екен. Осы ретте орталық мамандары әкімшілік немесе қылмыстық жазаға тартылған азаматтар, агрессорлармен түзету жұмыстарын жүргізу үшін арнайы жобалар әзірлеу; Зорлық-зомбылық белгілерін анықтауда балалар ісіне қатысты арнайы хаттама түзу; Абақтыдан шыққан азаматтардың отбасы мүшелерімен жұмыс жасауға; Жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік пен суицидтің алдын алу бойынша арнайы жобалар жасау туралы ұсыныстар айтты.

Бөлісу

Related posts

Город Шымкент: Почти 200 граждан проконсультировали полицейские в ходе акции “Приемная на дороге”

AdiletTV

Шымкент қаласы: мектеп жасындағы балалардың құқық бұзушылықтан аулақ болуға шақырды

AdiletTV

30 кг конопли изъяли из огорода шымкентца

AdiletTV

Leave a Comment