adilettv

Шымкентте Бірыңғай есеп күні өтті

Шымкент қаласының әкімдігінде дәстүрлі Бірыңай есеп күні өтті. Қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімовтың төрағалығымен өткен жиынға Шымкент қалалық прокуратурасы басқармасының басшысы Бақытжан Байғозиев, Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің және басқа да бақылау-қадағалау органдарының, салалық
басқармалар мен аумақтық департаменттердің басшылары, кәсіпкерлер қатысты.

Қала әкімінің орынбасары жыл сайын өткізілетін ауқымды жиынның мақсаты ҚР заң талаптары бұзылуының алдын алу, мемлекеттік органдар мен бизнес-қауымдастық арасындағы байланысты нығайту екеніне тоқталды.

Қалалық прокуратура басқармасының басшысы Бақытжан Байғозиев құзырлы органдар тарапынан кәсіпкерлікті қолдау жұмыстары басты назарда тұрғанын айтты.

«Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті қолдауға ерекше назар аударуда. Бұл тұста прокуратура тарапынан да тиісті жұмыстар атқарылуда. Жалпы, ҚР заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу бағытында барлығымыз белсенділік танытуға тиіспіз. Себебі мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерлік субъектілерін тексеру барысында көптеген өзекті мәселелер туындайды, кейбір жағдайда кәсіпкердің құқығы да бұзылып жатады. Келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында мемлекеттік органдардың заңды кәсіпкерлікке араласпауын қамтамасыз ету үшін жыл басынан бері «прокурорлық сүзгі» жобасы енгізілді. Енді алдағы уақытта Президенттің Жарлығына сәйкес прокурорлармен келісу процесі жыл соңына дейін заңды деңгейде бекітілмек. Себебі, сот даулары басталғанға дейін прокурорлық алдын алу жұмыстары инвесторлар үшін маңызды», – деді Бақытжан Байғозиев.

Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова Палата тарапынан кәсіпкерлерге кәсіби құқықтық көмек тұрақты көрсетіліп, олардың мүдделері жергілікті мемлекеттік, құқық қорғау органдарында және сот отырыстарының барлық сатыларында қамтамасыз етілетініне тоқталды.

«Жыл сайын Палатаның қарауына бизнес субъектілерінен 500-ден астам өтініш келіп түседі, олардың басым бөлігі бизнесті қорғау желісі бойынша. Атқарылған тиісті жұмыстардың нәтижесінде осы өтініштердің шамамен 60% бизнестің пайдасына шешілді. Мысалы, 2024 жылдың басынан бері 110 млн теңгеден астам сомаға кәсіпкерлердің құқығы қорғалды. Кәсіпкерлер палатасында құқық қорғау және мемлекеттік органдармен, сотпен өзара іс-қимыл тығыз жолға қойылған. Бірлескен іс-шаралар жоспарлары бекітіліп, бизнес проблемаларына жедел ден қою үшін мобильді және жұмыс топтары құрылды. Жылда Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы бизнеске әкімшілік қысым индексін есептейді. 2024 жылдың 1 жарты жылдығының қорытындысы бойынша бизнестің шамамен 40 пайызы төрт жылдық тексерулерге мораторийдің оң әсерін сезінді. Өткен жылмен салыстырғанда оң жауаптардың үлесі 42 пайыз құрады. Ал бизнеске әкімшілік жүктеменің жалпы көлемін айтсақ, кәсіпкерлердің пікірінше, кәсіпке жалпы жүктеме көлемі 20% құрап, бизнесті жүргізу «қымбаттаған». Оған қоса әкімшілік жауапкершілікке тартылған бизнес субъектілерінің үлесі жоғарылаған, ескертулердің үлесі төмен деңгейде, бақылау-қадағалау іс-шараларын бұзғаны үшін инспекторларды жауапқа тарту деңгейі өте аз. Дегенмен, бизнесті заңсыз тексерулердің үлесі төмендеген. Бұл – әрине, өте жақсы көрсеткіш», – деді Сабира Адамбекова.

Бұдан кейін мемлекеттік органдардың басшылары сөз алып, 8 айда атқарылған жұмыстары туралы баяндама жасады, кәсіпкерлерге қатысты атқарылған жұмыстары туралы айтып берді.

Мысалы, Шымкент қалалық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сапарбек Ешанқұлов тиісті жұмыстар нәтижесінде ашықтыққа ұмтылған кәсіпкерлер саны артқанын айтып, нәтижесінде бюджетке түсімдер көбейгеніне тоқталды.

«Өздеріңізге белгілі, жыл басынан бері жан-жақты жұмыс жүргізу нәтижесінде Шымкент қаласының бөлшек салық мөлшерлемесі 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетілді. Оған қоса өзін өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы салық режимін қолдану жеңілдетілді. Сонымен қоса салық берешегін мәжбүрлеп өндіру барысына өзгеріс енгізілді», – деді Сапарбек Ешанқұлов.

Осы тұста қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов бөлшек салық мөшлермемесінің екі есеге төмендегені туралы кәсіпкерлер түгел хабарлама алмағандарын, осы мақсатта түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, ашық есік күндерін өткізуді ұсынды.

Баяндамашыға сұрақ қойған Шымкент қаласы прокуратурасы басқармасының басшысы Бақытжан Байғозиев кәсіпкерлердің банктегі шоттарын заңсыз бұғаттау мәселесіне тоқталып, алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктің алдын алу қажеттігін ескертті.

Ал «Бал Текстиль» ЖШС жетекшісі Талғат Исхақов дайын өнімдерді жіберу барысындағы процестердің ұзақтығына тоқталып, кеден және салық қызметтерін цифрландыру туралы ұсынысын айтты. Бұған жауап берген мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сапарбек Ешанқұлов жыл соңына дейін «Кеден» жүйесі іске қосылатынын айтып, жиында айтылған ұсыныстар мен ескертулердің қабылданғанына тоқталды.

Жалпы, жиында оннан астам аумақтық департамент және басқарма басшылары атқарылған жұмыстары туралы баяндама жасап, кәсіпкерлердің қойған сұрақтарына жауап берді. Әсіресе, ветеринарлық бақылау, санитарлық-эпидемиологиялық және фармацевтикалық қадағалау департаменттерінің өкілдеріне жиі сұрақтар қойылып, өзара талқылауға ұласты.

Бөлісу

Related posts

ӘСКЕРИ ПРОКУРАТУРА ОРГАНДАРЫНЫҢ ЖОЛДАНЫМДАРДЫ ҚАРАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТУРАЛЫ

AdiletTV

Республикалық мектеп оқушылары арасында «Таза энергетика» сурет байқауы бастау алғанын хабарлаймыз.

AdiletTV

Г. Шымкент: на административной территории УПП №66 под АПБ Туран с начала года проведена масштабная работа на тему насилия.

AdiletTV

Leave a Comment