0.3 C
Shymkent
5 февраля, 2025
adilettv

XXI ғасырдағы цифрлық әдеттер

Қазақстандағы оқиғалар туралы ақпарат көздері. Цифрлық капитализм дәуірінде медиа мен желілік кеңістіктің конфигурациясы күрделене түсуде, сонымен қатар желілік кеңістік дәстүрлі ақпарат құралдарын ығыстыруда. Осындай кездерде ағыл-тегіл ақпараттың сенімділігін анықтауды үйрену маңызды. Шынында да, көпшілігіміз жаңалықтарды алу үшін дәстүрлі, институционалдық байланыс арналарын (теледидар, радио және баспасөз) ғана емес, сонымен қатар жаңалықтар сайттары, әлеуметтік желілер, мессенджерлер және YouTube сияқты институционалдық емес жаңалықтар көздерін де пайдаланамыз. Бұл – XXI ғасырдың түбегейлі жаңа әдеті, яғни жаңалық көздерін таңдаудағы жаңа үрдіс.

Қазақстандағы оқиғалар туралы халық жаңалықтарды қалай қабылдайды? ҚСЗИ-дің тапсырысымен 2024 жылдың көктемінде жүргізілген сауалнама (іріктеме – 8000 респондент) бұл мәселеге біраз түсінік береді. Жаңалық алудың ең танымал көзі – интернет (жаңалық, талдамалық және ресми сайттар) – 54,3% респондент осы дереккөзді қолданады. Екінші ең танымал ақпарат көзі – әлеуметтік желілер (Facebook, ВКонтакте, Instagram, Одноклассники) – 48,2%. Ал үшінші орында – теледидар (43,8%). Сондай-ақ, YouTube платформасы да кеңінен қолданылады (20,1%), ал мессенджерлер (WhatsApp, Telegram) арқылы жаңалық алатындар 15,1%-ды құрайды. Осылайша, қазақстандықтардың басым көпшілігі жаңалықтарды цифрлық құрылғылар – смартфондар, планшеттер немесе компьютерлер арқылы алады.

Институционалдық жаңалық көздерін тұтыну деңгейі – теледидар (43,8% респондент), радио (4,1%) және баспасөз (4,1%) – цифрлық ақпарат көздерімен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Баспа жаңалықтарының дәуірі аяқталып келеді, «баспа капитализмінің» (Б.Андерсен) құлдырауы айқын байқалады. Баспа өнімдерінен (кітаптар мен газеттер) пайда табуға негізделген бұл капитализм екі ғасыр бойы адамдарды біртұтас ұлт ретінде қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Баспа арқылы миллиондаған адамдар ортақ тілдік кеңістікте өзін біртұтас қауымдастықтың мүшесі ретінде сезінді.

Жаңалықтарды тұтынушылардың демографиялық профилі. Жалпы алғанда, әйелдер ақпарат көздерін пайдалануда ерлерге қарағанда белсендірек. Мысалы, интернет-ресурстарды ерлердің 53,1%-ы, ал әйелдердің 55,3%-ы қолданады. Әлеуметтік желілер жаңалық көзі ретінде ерлердің 44,7%-ы, ал әйелдердің 51,1%-ы үшін маңызды. Баспасөзді оқитын ерлер – 3,6%, ал әйелдер – 4,5%. Радионы, керісінше, ерлер көбірек тыңдайды – 5,3%, ал әйелдер – 3,2%.

Қалалықтар ауыл тұрғындарымен салыстырғанда интернет, әлеуметтік желілер, мессенджерлер және YouTube қолдануда белсендірек. Ал ауыл тұрғындары (47,0%) теледидар мен баспасөзді қала тұрғындарымен (41,7%) салыстырғанда жиірек қолданады. Теледидардың ең белсенді тұтынушылары – 61 жастан асқан азаматтар, олар баспасөзді де ең жиі пайдаланатын топқа жатады. Білім деңгейі жоғары болған сайын интернет-ресурстарды пайдалану жиілігі артады. Әлеуметтік желілерді ең белсенді қолданушылар – жоғары білімді азаматтар. Отбасылық жағдайы бойынша үйленбеген, тұрмысқа шықпаған азаматтар әлеуметтік желілерді жиірек пайдаланады. Жұмыс істейтін азаматтар жұмыс істемейтіндерге (оның ішінде зейнеткерлер, студенттер, үй шаруасындағы әйелдер де бар) қарағанда интернетті (56,9% қарсы 47,7%) және әлеуметтік желілерді (51,2% қарсы 41,0%) көбірек қолданады. Әлеуметтік-экономикалық мәртебесі жоғары респонденттер интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерді жиірек тұтынады. Алайда мәртебенің мессенджерлер, YouTube және радио қолдануға ықпалы байқалмайды. Тілдік ерекшелікке байланысты, орыс тілінде сауалнама толтырғандар (55,7%) қазақ тілінде сауалнама толтырғандарға (52,%) қарағанда интернет-ресурстарды көбірек қолданады, ал қазақ тілінде жауап бергендер әлеуметтік желілерді жиірек (52,9% қарсы 45,0%) тұтынады.

Баспа және цифрлық ақпарат көздеріне деген сенім деңгейін алатын болсақ, баспа басылымдары журналистік этиканы сақтау және кәсіби стандарттарға сәйкес ақпараттың шынайылығын, ашықтығы мен жауапкершілігін қамтамасыз ету дәстүрін қалыптастырды. Ал цифрлық ақпарат көздерінің негізгі артықшылықтары – жаңалықтардың жеделдігі, қолжетімділігі, мультимедиялық мүмкіндіктері және іздеу жүйелерінің қолайлылығы. Дегенмен, ақпараттың қандай көзі болмасын, оны сыни тұрғыдан бағалау қажет, өйткені баспа материалдары да талдауды талап етеді.

Қорытындылай келе, біз коммуникацияның жаңа түрінің және жаңа капитал түрінің – коммуникациялық капиталдың (Дж. Дин) қалыптасуын бақылап отырмыз. «Баспа капитализмі» қалай жергілікті тілдерде баспа өнімдерін сату арқылы пайда табуды көздеген болса, дәл солай коммуникациялық капитализм де желілік құралдарды монетизациялау және капиталдандыру арқылы жаңа ықпал ету алаңын қалыптастыруда. Бұл үрдіс Қазақстанда жаңа билік иерархияларын – желілік иерархияларды тудырды, онда желілік контент жасаушылар (блогерлер, журналистер) жаңа билік құрылымдарының элементіне айналып, билік ресурстары мен коммуникация кеңістігінің күрделі құрылымына қосылды.

Бөлісу

Related posts

Кәсіпкерлер палатасында құрылыс саласындағы бірқатар мәселе талқыланды

AdiletTV

Түркістан облысы: Ордабасы аудандық ауруханасында «зорлық-зомбылыққа жол жоқ» тақырыбында семинар өтті.

AdiletTV

Город Шымкент: Человек труда — старший оперуполномоченный Енбекшинского РОВД отдела криминальной полиции по хищениям чужого имущества капитан полиции Дусенов Жанболат.

AdiletTV

Leave a Comment