ШЫМКЕНТТЕ БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТТЫ ДАМЫТУҒА АРНАЛҒАН ІС-ШАРАЛАР ЖӘНЕ 2025 ЖЫЛҒЫ ЖОСПАРЛАР
2024 жылы қала тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттау және дене шынықтырумен айналысуға тарту мақсатында 371 спорттық іс-шара өткізілді. Оған 54 721 адам қатысты. Ауқымды спорттық іс-шаралардың қатарында «Шымкент марафоны 2024», мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиада, аула чемпионаты және ардагерлер арасында түрлі спорт түрлерінен жарыстар өткізілді. Сондай-ақ, мектеп оқушылары арасында «Шымкент жастар лигасы» ұйымдастырылып, спорттың 9 түрінен жарыстар өтті. 9000-нан астам оқушы қатысқан бұл лига жастарды спортқа тартуға ықпал етті.
2025 жылы қалада бірнеше спорт нысанының құрылысын жүргізу жоспарлануда. Жаңа футбол стадионы, «Паралимпиадалық, сурдлимпиадалық спорт кешені», жеңіл құрастырмалы модульді спорттық нысандар және Тұран шағын ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жоспарланып отыр. Сонымен қатар, «Орталық су спорт кешені», «Мұз сарайы» және Кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінің спорттық ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Қала тұрғындары үшін спорттық инфрақұрылым жетілдіріліп, шалғай аудандардағы елді мекендерде жаңа спорт нысандарының құрылысы жүзеге асырылмақ. Бұдан басқа, Қажымұқан атындағы орталық стадионының футбол алаңы мен жеңіл атлетикалық жолағына жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қаладағы спорттық инфрақұрылымды дамыту жоспарлары қаланың барлық аймақтарында тұрғындардың спортпен айналысу мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мықтыбеков Маратбек Саменбекұлы баяндады.