Кәсіпкерлерге шағын және орта бизнесті қолдау шаралары түсіндірілді
Қазақстанда, оның ішінде Шымкент қаласында шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қандай қолдау шаралары бар? Бұл туралы Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында өткен жиында айтылды.
Іскер әйелдердің салааралық кеңесінің отысына Палата директорының орынбасары Бауыржан Бердалиев, кеңес мүшелері мен кәсіпкерлер, тиісті сала мамандары қатысты.
«Шымкент қаласында бизнестің негізгі бөлігін шағын және орта кәсіп өкілдері құрайды. Ресми тіркелген бір ғана шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны қаламызда 120 мыңнан асып отыр. Осындай кәсіп түріне мемлекет тарапынан қолдау шаралары да баршылық. Бүгінгі жиналып отырған мақсатымыз да осы бағытта болмақ. Қолдау шаралары туралы толығырақ сала мамандары сіздерге толық түсіндіріп береді», – деді Бауыржан Бердалиев.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Шымкент қалалық филиалының өкілі Майра Балсүгірова қор тарапынан көрсетілетін бизнесті қолдау құралдарына тоқталды. Кәсіпкерлердің басқа қаржы институттарынан алған несиесінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау, кепілдендіру, несие беру және өңірлік бағдарламалар туралы айтқан Майра Балсүгірова қолдау шаралары әр кәсіпкермен жеке жүргізілетінін жеткізді.
Ал Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының өкілі Керемет Жадығұл 5 млн теңгеге дейінгі грант қаржысын алу туралы түсіндірді.
«Бес миллион теңгеге дейінгі мемлекеттік грант қаржысын алу үшін қажет әлеуметтік кәсіпкерлік санатында болу маңызды. Ол үшін кәсіпкерлік субъектісі қызметкерлерінің кемінде жартысы белгілі бір санаттағы азаматтар болуы керек. Яғни, мүмкіндігі шектеулі тұлғалар, ерекше балалардың ата-аналары немесе қамқоршылары, аз қамтылған, көп балалы немесе толық емес отбасындағы әйелдер, зейнеталды жасындағы азаматтар және тағы басқа санаттар. Әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне енгізу тоқсан сайын жүргізіледі. Хабарландыру жарияланған соң кәсіпкерлер тиісті құжаттарын басқармаға өткізеді. Біздің мамандар тексерген соң арнайым комиссияның қарауына жібереміз. Комиссия 5 жұмыс күнінің ішінде әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне енгізу немесе бас тарту туралы қорытынды шығарады. Бұл тізілімге енген кәсіпкер одан кейін жеңілдетілген несие немесе грант алуға өтінім тапсыра алады», – деді кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бас маманы Керемет Жадығұл.
Жиынға қатысушылар осы және басқа да тақырып бойынша, оның ішінде әлеуметтік кәсіпкерлік туралы қосымша сұрақтарын қойып, мамандардың жауабын алды.