Шымкент қаласында «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық кеңестің көшпелі отырысы өтті. Жиын барысында қаладағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің қазіргі ахуалы мен партияның сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы жан-жақты сараланды.
Отырыста сөз алған Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров еліміздегі сыбайлас жемқорлықтың кең тараған тетіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар тарапынан мемлекеттік бағдарламалар аясында өткізілетін сатып алулар барысында және еңбекақы мен түрлі үстемақыларды төлеу кезінде парақорлық пен бюджет қаражатын жымқыру фактілері жиі кездеседі.
«Мемлекеттік қызмет жүйесінде болып жатқан жемқорлық схемаларға жол бермеу үшін нақты әрі пәрменді іс-шаралар қажет. Шымкент қаласындағы жемқорлықтың жай-күйі әлі де жүйелі күресті талап етеді. Мәселен, салалар бойынша алғанда, жемқорлық фактілері ең көп анықталған бағыттар – денсаулық сақтау (39 жағдай) және білім беру саласы (31 жағдай). Бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін салаларда бақылауды күшейтуді қажет етеді», – деді Ерлан Саиров.
«Шымкент қаласында жемқорлықтың алдын алу, онымен профилатикалық әдістермен күресу жүйелі түрде жүргізілуде. Шымкенттегі Білім саласындағы бұл індептпен күресу әдістері өте ұтымды»,- деп атап өтті Е. Саиров.
Дегенмен проблемалар да жеткілікті. Жалпы 2022–2024 жылдар аралығында Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 270 қылмыс тіркеген. Оның 195-і пара алу, 67-сі ұрлық және 5-еуі қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану фактілері. Бұл қылмыстардан келген залал сомасы 7,4 млрд теңгені құрап, оның 5,9 млрд теңгесі мемлекетке қайтарылған. Осы кезеңде 278 тұлға сыбайлас жемқорлық фактілеріне қатысы бар деп танылып, олардың 35-і – облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі басшылар.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздыбеков «Шымкент қаласында жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта құқық қорғау органдары өкілдерімен бірге әр-бір мемлекеттік органда нақты алдын алу іс-шарасы өтеді. Жемқорлыққа профилаттика процессіне қоғам өкілдері де белсенен араласады» деп атап өтті.
Жиында «AMANAT» партиясының Шымкенттегі қоғамдық қабылдау бөлімдерінің жұмысы да айтылды. Партия Хатшысы Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, 2023–2024 жылдары қала-аудандық қоғамдық қабылдауларға 11 735 арыз-шағым келіп түскен.
«Арыз-шағымдардың дені әлеуметтік көмекке мұқтаждық, тұрғын үй, жер, жұмысқа орналасу, заңсыз жұмыстан шығару, еңбек ақы төлеу мен денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты. Партия халықтың өтініштеріне жүйелі түрде назар аударып, шешімін табуға ықпал етіп келеді», – деді Ержан Жылқыбаев.
Сондай-ақ жиында Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссия жұмысының нәтижелері талқыланды. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов өз сөзінде партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
«Мәслихаттағы партия фракциясының 21 мүшесі бағдарлама тармақтарына жеке-жеке бекітілген. 2024 жылға жоспарланған 96 тармақтың 90-ы орындалды. Бағдарлама аясында 1,3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2 127 азамат пәтермен қамтылды. «Қамқор» өңірлік бағдарламасы аясында тағы 150 азамат баспана алды. 2 878 медицина қызметкері симуляциялық орталықтарда біліктілігін арттырды. Сонымен қатар, 30 284 адам жұмыспен қамтылса, «Кедергісіз келешек» жобасы арқылы 43 640 мүмкіндігі шектеулі азаматтың өтініштері қанағаттандырылды. Бұл – бағдарламаның тиімді іске асып жатқанын көрсетеді», – деді А.Кәрімов.
Жиын барысында жуырда жария болған шулы оқиға – Шымкент қаласында жүргізуші куәліктерін заңсыз беру фактісі де назардан тыс қалмады. Қаржылық мониторинг агенттігі прокуратурамен бірлесе отырып, бұл салада ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін әшкерелеген.
Сонымен қатар басқосу барысында Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте бірқатар жүйелі кемшіліктердің бар екенін атап өтті. Депутат әкімдік басқармалары тарапынан жүргізіліп жатқан шараларда формализм басым екенін және шешім қабылдауда ашықтықтың жеткіліксіз екенін баса айтты.
«Жемқорлықпен күресте белгілі бір нәтижелер болғанымен, негізгі проблемалар – пара алу, ұрлық және өкілеттікті асыра пайдалану әлі де бар. Бұл қылмыстар көбіне жергілікті атқарушы органдар мен полиция өкілдері тарапынан жасалады. Осы салаларда нақты алдын алу шаралары қажет. Партияның сайлауалды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламалары шеңберіндегі жол карталарын сапалы іске асыру үшін олардың орындалуын партия алаңдарында тұрақты түрде талқылап отыру керек», – деді депутат.
Жалпы, көшпелі отырыс барысында Шымкент қаласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарының нақты нәтиже бар екендігін атап өтті.
Бұл індетпен күресу әдістері бойынша, алдағы кезеңге арналған нақты ұсыныстар мен міндеттер айқындалды. Жүйелі жұмыстар мен партиялық бақылаудың арқасында қалада бұл бағыттағы жұмыстар жаңа қарқын алмақ.
#AMANAT