Шетелдік туристерге арналған ақпараттық қолжетімділік
Шетелдік туристер үшін үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын) әзірленген 2025 жылға арналған мерекелік және мәдени іс-шаралар күнтізбесі дайындалып, туристік ұйымдарға, қонақ үйлерге, мейрамханаларға және туристік операторлар мен агенттіктерге таратылды. Сондай-ақ күнтізбе мазмұны әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланып, ашық қолжетімділік қамтамасыз етілді.
Цифрлық қолжетімділік пен навигация
Шетелдік қонақтар үшін арнайы әзірленген «Kazakhstan.travel» ұлттық туристік интернет-порталына кіретін QR-кодтар Шымкент қаласының халықаралық әуежайы, теміржол вокзалы мен автовокзалдарында орналастырылды. Бұл шетелдік туристерге Қазақстан бойынша саяхат мүмкіндіктері мен нысандар туралы жедел әрі толық ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Visit Shymkent порталы мен цифрлық жаңартулар
Қазіргі уақытта «Visit-Shymkent.com» туристік интернет-ресурсы тұрақты режимде жұмыс жасауда. 2025 жылы порталға мынадай жаңа цифрлық функцияларды енгізу және оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде:
Интерактивті карта;
Қала нысандарының 3D-маршруттары;
Қонақ үйге немесе іс-шараларға билет алу және броньдау жүйесі.
Ақпараттық бағыттандыру жүйесі және мобильді қосымшаларАғымдағы жылы «2ГИС» қалалық навигациялық қосымшасына туристік бағыттар мен нысандар енгізілді. Сонымен қатар, Сайрам тұрғын алабында туристер үшін 4 ақпараттық-бағыттаушы навигациялық тақта орнатылды.
Аймақаралық ақпараттық қолдау
Шымкент қаласының туристік әлеуетін еліміздің өзге өңірлерінде насихаттау мақсатында Алматы, Бурабай және Өскемен қалаларында «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының бұрыштары ашылды. Бұл бастама ішкі туризмді ілгерілетуге және аймақаралық туризм ағынын арттыруға оң ықпал етуде.