2025 жылы Шымкент қаласында туристік саланы ілгерілету, өңірдің мәдени-гастрономиялық әлеуетін таныту және ішкі туризмді дамыту мақсатында бірнеше кең көлемді іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл бастамалар қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер сыйлап қана қоймай, Шымкенттің туристік имиджін халықаралық деңгейде танытуға елеулі үлес қосты.
«ДәмДәсTour – 2025» гастрономиялық фестивалі
2025 жылдың 30 наурыз күні дәстүрге айналған «ДәмДәсTour» гастрономиялық фестивалі кезекті рет жоғары деңгейде өтті. Аталған шара Шымкент қаласының ұлттық және заманауи асханасын таныстыратын маңызды гастрооқиға ретінде қалыптасқан.
Фестивальге қаланың және өңірдің 50-ден астам жетекші қоғамдық тамақтандыру орындары қатысып, келушілерге өздерінің дәмді әрі ерекше тағамдарын ұсынды. Сонымен қатар, шара барысында аспаздар шеберлік сабақтарын өткізіп, ұлттық тағам дайындаудың қыр-сырымен бөлісті. Фестиваль қала тұрғындары мен қонақтарының кең қызығушылығына ие болып, гастрономиялық туризмді дамытуға серпін берді.
Халықаралық «Blog Tour – 2025» ақпараттық туры2025 жылдың 9–11 мамыр күндері аралығында Шымкент қаласының туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған кезекті халықаралық «Blog Tour» өткізілді. Бұл дәстүрлі ақпараттық тур аясында Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Украина, Үндістан сынды елдерден және Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен келген 30-ға жуық танымал travel-блогер қатысты.
Блог-тур барысында қатысушылар қаланың көрікті орындарын аралап, тарихи-мәдени нысандар, туристік инфрақұрылым, гастрономиялық ерекшеліктер мен қонақжайлық сервистерімен танысты. Нәтижесінде, әлеуметтік желілер мен халықаралық платформаларда Шымкент туралы ондаған сапалы фото, бейнерепортаждар мен шолулар жарияланып, қаланың туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етті.
«Drone Show – 2025» әуе шоуы
2025 жылдың 19 маусымы күні, Шымкент қаласының күніне орай ерекше форматта «Drone Show» ұйымдастырылды. Бұл – қала тарихындағы ең ауқымды дрон шоуының бірі болды. Аспанға 500 дрон ұшырылып, түрлі көркем бейнелер мен жазулар арқылы қаланың символикасы мен мерекелік рухын бейнелейтін әсерлі көрініс ұсынылды.
Жалпы іс-шараға 50 мыңға жуық тұрғын мен қала қонақтары қатысты. Бұл дрон шоуы инновациялық технологияны мәдени іс-шаралармен ұштастырудың үлгісіне айналып, көрермендер тарапынан үлкен қызығушылық пен оң бағасын алды.
«Street Food Fest – 2025» көше тағамдары фестивалі
2025 жылдың 19 шілдесі күні қаладағы «Арбат» жаяу жүргіншілер аллеясында «Street Food Fest» көше тағамдарының фестивалі ұйымдастырылды. Аталған шара қаланың үздік көше тағамдарын насихаттап, тұрғындар мен қонақтар үшін ерекше атмосфера ұсынды.
Фестиваль аясында:
аспаздардан шеберлік сағаттары;
жанды концерттік бағдарлама;
көше билері мен би баттлдары;
қолөнершілер бұрышы мен шығармашылық көрмелер ұйымдастырылды.
Фестиваль аясында жергілікті өнім өндірушілер мен қолөнершілерге қолдау көрсетіліп, қала тұрғындарының белсенді қатысуымен шығармашылық диалог алаңы қалыптасты.
Қорытынды
Аталған іс-шаралардың барлығы Шымкент қаласының туристік имиджін қалыптастыруда, ішкі және халықаралық туризм ағынын арттыруда, сонымен қатар қала тұрғындарының мәдени өмірін байытуда маңызды рөл атқарды. Шымкент қаласы әкімдігі алдағы уақытта да туризмді қолдау және ілгерілету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды жоспарлап отыр.