2025 жылы Шымкент қаласы инвесторлар үшін қолайлы әрі ашық инвестициялық орта қалыптастыру бағытындағы жұмысын жалғастырды. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басым бағыттардың бірі ретінде инвестиция тарту мәселесі қала әкімдігінің күн тәртібінде тұрақты түрде қаралып келеді.
Инвесторлар үшін ашықтық пен жеңілдіктер Инвестициялық саясаттың басты қағидаттарының бірі – ашықтық, болжамдылық және бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау. Инвесторларға ұсынылатын жеңілдіктердің қатарында:
инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету,
жер телімдерін индустриялық аймақтардан бөлу,
корпоративтік табыс салығы, мүлік салығы және жер салығы бойынша салықтық преференциялар,
кедендік баждан босату,
инвестициялық субсидиялар бар.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Шымкент қаласында жалпы көлемі 245,6 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. Оның ішінде 58%-ын жеке инвестициялар, ал 42%-ын шетелдік инвестициялар құрады. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 12,3%-ға жоғары. «Бір терезе» қағидаты бойынша инвесторларды сүйемелдеу
Инвесторлар үшін рәсімдік процестерді оңайлату мақсатында «бір терезе» қағидаты тиімді іске асырылуда. Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы «Shymkent Invest» фронт-офисі инвесторларға жобаларды жоспарлау кезеңінен бастап, іске асыруға дейін толық сүйемелдеу қызметін ұсынады. Орталық арқылы инвесторлар келесі қызметтерді ала алады:
рұқсат құжаттарын алу,
техникалық шарттармен қамтамасыз ету,
жер мәселелерін шешу,
мемлекеттік қолдау тетіктері туралы кеңес алу,
инвестициялық жобаларды ілгерілету және жылжыту.
2025 жылы осы «бір терезе» қағидаты бойынша 120-дан астам инвесторға қызмет көрсетіліп, оның ішінде 27 жоба нақты жүзеге асырылды.
Халықаралық әріптестік
Шымкент қаласы халықаралық экономикалық байланыстарын нығайту арқылы шетелдік инвесторлармен белсенді жұмыс жүргізуде. 2025 жылы қала әкімдігі мен шетелдік сауда-өнеркәсіп палаталары, дипломатиялық өкілдіктер және халықаралық даму институттарымен 15-тен астам ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Нәтижесінде Германия, Түркия, Корея Республикасы, Қытай және БАӘ елдерінен келген компаниялармен өңдеу өнеркәсібі, логистика, ауыл шаруашылығы және туризм салаларында бірлескен жобалар қолға алынды. Инвестициялық форумдар мен көрмелер
Шымкент қаласында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын инвестициялық іс-шаралар аясында 2025 жылы «Shymkent Investment Forum – 2025» халықаралық форум өткізілді. Форумға 18 елден 300-ден астам шетелдік және отандық қатысушы қатысты, оның ішінде ірі инвесторлар, қаржы институттары және халықаралық ұйым өкілдері болды. Форум қорытындысы бойынша жалпы сомасы 132 млрд теңгені құрайтын 14 меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар, «Shymkent EXPO 2025» көрмесі аясында өңір кәсіпорындарының инвестициялық әлеуеті, индустриялық аймақтар мен өндірістік алаңдар таныстырылды. Аталған көрме шетелдік әріптестермен тікелей байланыс орнатуға және B2B форматында келіссөздер жүргізуге мүмкіндік берді.
Қорытындылай келе, Шымкент қаласы 2025 жылы инвесторлар үшін ашық әрі қолайлы алаң ретінде қалыптасып, шетелдік және отандық инвестицияларды тарту бойынша айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, мемлекеттік қолдау тетіктері мен халықаралық әріптестік қала экономикасын дамытуға серпін беріп отыр.