25.3 C
Shymkent
21 августа, 2025
adilettv

КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУДА «ДАМУ» ҚОРЫНЫҢ ҚОЛДАУЫ КӨП – ШЫМКЕНТТЕ ТИІМДІ ТЕТІКТЕР ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Елімізде шағын және орта бизнес – экономиканың негізгі драйверлерінің бірі. Бұл сектордың тұрақты дамуы үшін мемлекет тарапынан кешенді қолдау шаралары іске асырылуда. Соның ішінде, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған басты қаржы институттарының бірі – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры. Шағын және орта бизнесті қолдаудың нақты тетіктері бүгінде Шымкент қаласында да сәтті жүзеге асуда. Президенттің тапсырмасы мен Үкіметтің 2 сәуірде қабылдаған қаулысына сәйкес, кәсіпкер алдында тұрған ең үлкен қиындықтардың бірі – банктен несие алу кезінде кепілзаттың жеткіліксіздігі екені анықталды. Көптеген кәсіпкерлер несие алғысы келгенімен, банктер талап ететін мүлікті немесе кепілді ұсына алмайды. Бұл мәселе әсіресе жаңа іс бастаған немесе айналымы шектеулі кәсіпкерлер үшін күрделі кедергіге айналуда. Осы мәселені жеңілдету үшін «Даму» қоры жаңа шешім ұсынып, екі түрлі кепілдік құралы енгізді. Бұл құралдардың көмегімен кәсіпкерлер банктен несие алу кезінде жетіспейтін кепілдіктің орнын мемлекет толтырады. Нәтижесінде бизнес иелері жобаларын жүзеге асыру үшін қаржыға қол жеткізе алады.Бұл жөнінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Шымкент қаласы бойынша аймақтық филиалының директоры Тілемісов Әсет Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
— Бірінші кепілдік қоры – құны 7 миллиард теңгеге дейінгі жобаларға арналған. Бұл қор шеңберінде шағын, орта және ірі бизнес субъектілері қатыса алады. Ал шарттары төмендегідей:
Қаржыландыру сомасы 7 млрд теңгеден аспауы керек;
Кепілдіктің ең жоғары мөлшері — қаржыландыру сомасының 85%-ына дейін, бірақ 3,5 млрд теңгеден аспауы тиіс;
Кепілдік мерзімі – 5 айға ұзартылған қаржыландыру мерзімі.
— Екінші кепілдік қоры ірі инвестициялық жобалар үшін қарастырылған. Жеке кәсіпкерлік субъектілері осы қолдауға қатыса алады. Негізгі шарттары:
Қаржыландыру сомасы 7 миллиард теңгеден жоғары;
Кепілдік мөлшері жоба құнының 30 пайызына дейін;
Мерзімі 15 жылға дейін.
Сонымен қатар, қаржыландыру мақсаты — айналым қаражатына, жоба құнының 40 пайызына дейін инвестиция және қайта қаржыландыру. Бұл қолдау агроөнеркәсіп кешені, өңдеуші және тау-кен өнеркәсібі (қайта өңдеу шартымен), энергетика, көлік, байланыс, туризм, білім және денсаулық сақтау салаларындағы инфрақұрылым жобаларына арналған. Шымкент қаласында осы қолдау құралдарына жүгінуші кәсіпкерлер саны жыл санап артып келеді. Қаладағы «Даму» қоры филиалының мәліметінше, соңғы бір жыл ішінде ондаған жоба мемлекеттік кепілдік арқылы қаржыландырылып, жаңа жұмыс орындары ашылған. Әсет Сағадатұлының айтуынша, Шымкентте кәсіпкерлікке деген қызығушылық жоғары, әсіресе өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласындағы жобалар белсенді дамып келеді. Кәсіпкерлік саласын дамытуда «Даму» қорының бұл қолдауы – Шымкент қаласы үшін де үлкен мүмкіндік. Қаржы табуға қол жеткізе алмай отырған кәсіпкерлер үшін мемлекеттік кепілдік – жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын сенімді құрал.

Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

Новый сервис: выездной персональный менеджер ЦОН

AdiletTV

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ ЕСКЕРТЕДІ

AdiletTV

Қазақстанда креативті экономика субъектілерінің саны 17% өсті: Шымкент қаласының үлесі

AdiletTV

Пікір қалдырыңыз