adilettv

ШЫМКЕНТ: ТЕКЕСУ ТҰРҒЫН АЛАБЫНДА СУМЕН ЖАБДЫҚТАУ ЖҮЙЕСІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Текесу тұрғын алабында іске қосылған ауыз су жүйесінің жұмысымен танысты. Қала басшысы жергілікті халықты көптен күткен маңызды оқиғамен құттықтап, жобаның өңірлік инфрақұрылымды дамыту мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудағы рөлін ерекше атап өтті. Аталған жоба қала әкімінің тапсырмасы негізінде, халықпен өткен кездесулер барысында айтылған өтініштерді ескере отырып жүзеге асырылды. Тұрғындар ауыз суға тұрақты әрі үздіксіз қол жеткізе алмай отырғандарын көтеріп, өзекті мәселе ретінде ұсынған болатын. Нәтижесінде, жалпы ұзындығы 14 шақырымды құрайтын су құбыры тартылып, 130 абонент (шамамен 600-700 тұрғын) сапалы ауыз сумен қамтылды. Ең маңыздысы – бұл жұмыс демеушілердің қолдауымен, яғни жеке инвестициялар және әлеуметтік жауапкершілік қағидаттары негізінде жүзеге асырылды.
Жобаның жалпы құны – 160 миллион теңгені құрады. Сумен жабдықтау желілері қазіргі заманғы стандарттарға сәйкес жүргізілді. Құбырлар сапалы материалдармен төселіп, барлық санитарлық-экологиялық талаптар ескерілді. Жүйе үздіксіз жұмыс істеуге, тұрғындарды тәулік бойы таза, сапалы ауыз сумен қамтуға қабілетті. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жобаның сәтті жүзеге асуына үлес қосқан демеуші кәсіпкерлерге және мердігер ұйымдарға алғысын білдіріп, әлеуметтік жауапкершіліктің айқын көрінісі екенін атап өтті:
«Бүгінгі таңда қаламызда әрбір елді мекеннің тіршілігі үшін аса маңызды инфрақұрылымдық жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеміз. Текесу тұрғын алабындағы ауыз су мәселесін шешуге атсалысқан кәсіпкерлер мен құрылысшыларға шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл — халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған ортақ бастама», — деді қала әкімі. Мұндай жобалар халықтың өмір сүру деңгейін арттырумен қатар, өңірдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң ықпал етеді. Ең бастысы – тұрғындар енді сапалы, санитарлық талаптарға сай келетін, үнемі қолжетімді ауыз су тұтына алады. Айта кету керек, Текесу — ауыз су мәселесі өзекті болған елді мекендердің бірі еді. Бұған дейін тұрғындар суды тасымалдау арқылы немесе құдықтардан алып келген. Бұл, өз кезегінде, тұрмыстық қолайсыздықтар туғызып, денсаулыққа кері әсер ету қаупін арттыратын. Енді бұл мәселе толығымен шешімін тапты.
Шымкент қаласы әкімдігі алдағы уақытта да демеушілік тетіктерін кеңінен пайдалану арқылы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жалғастыратын болады. Ауыз сумен қамту деңгейін арттыру — мегаполис дамуының негізгі стратегиялық бағыттарының бірі.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

Новое производство в Шымкенте: фабрика по выпуску 70 миллионов тетрадей в год

AdiletTV

Түркістан облысы: Ордабасы аудандық орталық ауруханасында қатерлі ісіктің себеп-салдары түсіндірілді.

AdiletTV

Город Шымкент: снят флешмоб в рамках Международной 16-дневной акции по борьбе с насилием

AdiletTV

Пікір қалдырыңыз