Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Күн тәртібінде мемлекеттік мүлікті жалға беру, тәркіленген және коммуналдық меншікке қабылданған мүліктерді тиімді пайдалану, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға бағытталған іс-шаралар кешені талқыланды.
Мәжіліс барысында Қаржы басқармасының басшысы Ринат Бақтыбаев мемлекеттік мүлікті тиімді пайдалану бағытында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, 2025 жылдың басынан бері жалпы көлемі 23,7 мың шаршы метрді құрайтын 183 нысан жалға берілген. Сонымен қатар, ғимараттары жоқ мекемелерді уақытша орналастыру мақсатында және білім беру ұйымдарында алғашқы медициналық көмек көрсету кабинеттерін ұйымдастыру үшін 63 нысан көлемінде 22,1 шаршы метр аумақ өтеусіз негізде мүліктік жалдауға берілді.
Аталған шаралар мемлекеттік мүлікті тиімді әрі мақсатты пайдалануға, сондай-ақ қалалық бюджетке қосымша қаржы түсімін қамтамасыз етуге бағытталған. Жыл басынан бері жалға берілген мүліктерден түсетін түсімдердің жоспары 200 миллион теңгені құрап отыр. Бүгінгі күнге дейін нақты 139,3 миллион теңге немесе жоспардың 69,6 пайызы көлемінде түсім қамтамасыз етілген.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шараларына қатысты болды. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Талғат Мекамбаев баяндама жасады. Оның мәліметінше, қала халқы жылына шамамен 600 мың тонна көлемінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін тұтынады. Бұл тауарлар тізіміне ұн, макарон өнімдері, нан, ет, көкөніс және басқа да бірінші қажеттіліктегі азық-түлік түрлері кіреді.
Қазіргі таңда тұрғындар ұн, рожки және нан өнімдерімен толықтай — 100% көлемінде қамтамасыз етілуде. Алайда, кейбір тауар түрлері бойынша әлі де импорттық тәуелділік байқалады. Мәселен, сиыр етімен қала өзін-өзі небәрі 17% көлемінде қамтамасыз етуде. Қалған қажеттілік Түркістан облысы және басқа да өңірлерден тасымал арқылы өтеледі.
Бағаны тұрақтандыру бағытында жергілікті билік бірқатар кешенді шаралар қабылдауда. Атап айтқанда, өңірлік тұрақтандыру қоры арқылы негізгі азық-түлік түрлерін төмен бағамен сату, көтерме сауда желілерімен тікелей байланыс орнату және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен ұзақмерзімді келісімшарттар жасау жұмыстары жүргізілуде.
Мәжіліс соңында қала әкімі Ғ. Сыздықбеков салалық басқарма басшыларына мемлекеттік мүлікті тиімді басқару, бюджеттік түсімді арттыру, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында мониторингтік бақылауды күшейтуді тапсырды.