27.3 C
Shymkent
21 августа, 2025
adilettv

ҚАРАБАСТАУ ШАҒЫН АУДАНЫ ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН ГАЗ ЖҮЙЕСІНЕ ҚОСЫЛДЫ

Шымкент қаласындағы Қарабастау шағынауданының тұрғындары үшін маңызды оқиға орын алды – елді мекен толықтай орталықтандырылған табиғи газ жүйесіне қосылды. Аталған жобаның іске қосылу рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, жергілікті тұрғындармен бірге газ беруді салтанатты түрде іске қосты. Жоба аясында жалпы саны 1408 жеке тұрғын үйге көгілдір отын жеткізу мүмкін болды. Бұл шамамен 9 мыңға жуық тұрғынды табиғи газбен қамтуға жол ашты. Осыған дейін елді мекен тұрғындары қатты отынды (көмір мен отын) пайдаланып келген болатын, бұл тұрмыстық қолайсыздықтармен қатар экологиялық мәселелерге де себеп болатын. Ауқымды жобаны іске асыру үшін жергілікті бюджеттен және мемлекеттік бағдарламалар аясында 1,6 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Құрылыс-монтаж жұмыстары мен инфрақұрылымды тарту бойынша барлық жұмыстарды мердігер мекемелер мен жауапты техникалық қызметтер бірлесіп жүзеге асырды. Жобалау-сметалық құжаттар мен газ құбырларын тарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілді. Нәтижесінде белгіленген мерзім ішінде барлық жұмыстар сапалы әрі талаптарға сай орындалды.

Қала әкімі өз сөзінде:
«Газдандыру – бұл тек инфрақұрылымға қосылу емес, сонымен қатар халықтың өмір сүру сапасын арттырып, аймақтың орнықты дамуына үлес қосатын маңызды қадам. Газбен қамту тұрғындар үшін үлкен жеңілдік туғызып, экологиялық жағдайға да оң әсер етеді», – деп атап өтті. Сонымен қатар қала басшысы жобаның іске асуына үлес қосқан барлық мердігер ұйымдарға, техникалық мамандарға және әкімдік құрылымдарына алғысын білдірді. Газдандырудың нәтижесінде қатты отынға деген тәуелділік едәуір азайып, ауа сапасының жақсаруына септігін тигізеді.
Қазіргі таңда Қарабастау шағынауданында көгілдір отынға қосылу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, тұрғындар үй ішілік жүйелерге қосылу арқылы толыққанды табиғи газ тұтынуға мүмкіндік алып отыр. Газдандыру процесі тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, қауіпсіздік деңгейін де арттыра түседі. Бұл жоба – Шымкент қаласында жүргізіліп жатқан ауқымды газдандыру бағдарламасының бір бөлігі. Қала әкімдігі алдағы уақытта өзге де газсыз елді мекендерді орталықтандырылған жүйеге қосу бойынша жұмыстарды жалғастыра бермек.

Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ТУЫЛҒАН СӘТТЕ ЖҮРЕГІ ТОҚТАП ҚАЛҒАН: ДӘРІГЕРЛЕР АУЫР ЖАҒДАЙДАҒЫ СӘБИДІ АМАН АЛЫП ҚАЛДЫ

AdiletTV

«Made in Shymkent» брендіне ие болған кәсіпорындардың жұмыс барысы!

AdiletTV

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫ ЕРЛАН ҚОШАНОВТЫ ҚАБЫЛДАДЫ

AdiletTV

Пікір қалдырыңыз