Қалалық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Біржан Әзімбердиевтің мәлімдеуінше, мемлекеттік бюджеттен 61,7 млрд теңге, ал жекеменшік сектордан 170,6 млрд теңге инвестиция келген. Бұл көрсеткіштер қаланың экономикалық әлеуетінің айтарлықтай өскенін және кәсіпкерлік саласына мемлекет пен жеке сектордың сенім артқанын көрсетеді. Жалпы, биыл қалаға 1 триллион теңгеден астам инвестиция тарту жоспарда тұр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 38%-ға жоғары. Қазіргі таңда 1,9 триллион теңгеге бағаланатын 190 инвестициялық жобаның пулі жасақталған, олардың 51-і 2025 жылы іске қосылады. Осы жобалардың іске асырылуы нәтижесінде 26 мың адамға жаңа жұмыс орындары беріледі, ал биыл 4 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл жобалар экономиканың түрлі салаларын қамтиды және өңдеу өнеркәсібін, құрылыс, химия және жеңіл өнеркәсіп сияқты секторларды қамтитын кешенді жоспардың бір бөлігі болып табылады.
Қала әкімдігі өңдеу өнеркәсібін дамытуға ерекше көңіл бөлу үстінде. Алдағы төрт жылға 115 инвестициялық жоба белгіленіп, олар арқылы 9 мыңнан астам жұмыс орны құрылмақ. Биыл 22 жаңа кәсіпорын ашылып, олардың құрылысына шамамен 80 млрд теңге инвестиция салынбақ. Бұл кәсіпорындардың ішінде желатин өндірісімен айналысатын «Shymkent Dehui Gelatin Ltd.», автоклавты газдыбетон шығаратын «Sauran Bricks», тоқыма емес материалдар өндіретін «Marvik Partners», полимерлі құбырлар өндіретін «КазТермоПласт», мақта-мата мен киімге арналған маталар шығарумен айналысатын «Шабитекс» сияқты кәсіпорындар бар. Сондай-ақ ылғалды майлықтар шығаратын «Cleans Fabric», қағаз өнімдерін өндіретін «Ontustik qagaz kompaniasy», минералды тыңайтқыштар өндірісімен айналысатын «Qz chemical impex», биофармацевтикалық өнімдер шығаратын «AnDa Company», алюминий қаптамасындағы ыдыстар өндірісі «QazAlPack» және тағы басқа жобалар қала экономикасына жаңа тыныс беруге бағытталған. Қалада шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. Биыл І тоқсанда кәсіпкерлікпен айналысатындардың саны 138,8 мыңға жетіп, былтырғыға қарағанда 7% өскен. Бұл көрсеткіш шаһардағы бизнес белсенділігінің артып келе жатқанын білдіреді. ШОБ секторындағы жұмыспен қамтылғандар саны 250 мыңнан асты, ал өнім көлемі 3,5 триллион теңгеге жетті. Бұл – Шымкенттің жалпы өңірлік өніміндегі шағын және орта бизнес үлесінің 54,8%-ға жеткенін көрсетеді. Яғни, шағын және орта кәсіпкерлік қаланың экономикасын қалыптастыруда негізгі драйверге айналған. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына мемлекет тарапынан да қолдау зор. «Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы» Үкіметтің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі №754 қаулысына сәйкес «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында 2025 жылы кәсіпкерлерге 20 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы субсидиялар, банк несиелерінің пайыздық мөлшерлемесін төлеуге көмек, және несие кепілдіктері сияқты бағыттарға бағытталады. Қаңтар-наурыз айларында 1385 жобаға 2 млрд теңгеден астам қаржылай көмек көрсетілді. Осылайша, қалада шағын өнеркәсіптік алаңдар құру жұмыстары қарқынды жүргізіліп, оған 22,2 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл шағын өндіріс орындары шаһардағы кәсіпкерлік экожүйесін одан әрі кеңейтіп, өндіріс қуатын арттыруға септігін тигізеді. Қалада үш шағын өнеркәсіптік аймақ – «Orda NS Building», «Standard Steel KZ» және «Энерготранс-3» орналасқан. Олар жалпы 76 мың шаршы метр аумақты қамтиды. Шағын өнеркәсіптік аймақтардың бірінші кезең құрылысына 9,8 млрд теңге бөлініп, биылғы ІІ тоқсанда 45 мың шаршы метр аумақтың құрылысы аяқталды. Бұл аймақтарда 150-ден астам жаңа өндіріс орны ашылып, 500 адам жұмысқа тартылады деп күтілуде. Сонымен бірге, бюджетке 1 млрд теңге салық түсімі қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар, қалада бөлшек сауда көлемі де өсіп келеді. Биылғы үш айдың қорытындысы бойынша сауда саласындағы табыс 222 млрд теңгеден асты. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 1 триллион теңгеден асыру көзделуде. Мұндай өсімге 8 жаңа сауда және ойын-сауық орталығының ашылуы, 11 сауда үйінің қызметін бастауы, 10 жаңа сауда нүктесінің іске қосылуы және базарларды жаңғырту жұмыстары әсер етеді. Кәсіпкерлік саласының дамуымен бірге, сауда-саттық көлемі де артты. Мегаполисте көтерме сауда көлемі 3 триллион теңгеден асты, ал жалпы сауда саласының табысы 5,3 триллион теңгеге жетті. Шымкент республикалық маңызы бар үлкен қала болғандықтан, мұнда сауда және өндіріс салалары жылдан-жылға тұрақты өсуде. Қаланың адам капиталы мен инвестициялық әлеуеті өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Әсіресе тұрмысқа қажетті қарапайым заттар мен экспортқа негізделген инновациялық технологияларға басымдық берілмек. Осылайша, болашақта Шымкент өндірістік орталыққа айналып, аймақ экономикасының моторы болу бағытында іргелі қадамдар жасалуда. Мұнымен қатар, қаладағы базарлар да қайта жаңғыртылып жатыр. Қазіргі кезде 19 базардың 10-ы әмбебап базар болып табылады, ал қалғаны арнаулы сауда орындары санатына жатады. Базарларды қайта құру «Сауда қызметін реттеу туралы» заң талаптарына сәйкес жүргізілуде. Осы заңның 10-бабы 2-3 тармақтары базарларды құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкестендіруді және жаңғыртуды міндеттейді. Бұл талаптар шеңберінде қаланың 19 базары модернизациялануы тиіс. Қазірдің өзінде «Бекжан», «Шымкент Тұлпар», «Алаш», «Исатай (Алатау)», «Акбар», «Самал», «Ынтық ата», «Барыс», «Көктем», «Жібек жолы», «Көмеш бұлақ», «Нұр Сайрам», «Дархан», «Айна», «Жаңа шахар» базарлары толық жаңғыртылған. Қалған төрт базар — «Авто Нұр», «Қырғы базар», «Назым апа» және «Жабық базар» жыл соңына дейін толықтай модернизацияланбақ. Осылайша, Шымкент қаласының инвестициялық тартымдылығы артып, шағын және орта бизнес дамып, өндіріс пен сауда секторы кеңейіп келеді. Мемлекет пен жергілікті билік тарапынан қолдау шаралары жүйелі түрде іске асып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі серпін беруде. Барлық бұл қадамдар Шымкентті Қазақстанның ірі индустриялық және сауда орталығы ретінде қалыптастыруға бағытталған стратегиялық жоспардың айқын көрінісі болып табылады.
АЛДЫҢҒЫ ПОСТ