Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде креативті индустрияны дамытудың маңыздылығын атап өтіп, Үкімет пен жергілікті атқарушы билікке нақты тапсырмалар берген болатын. Осы тапсырма аясында 2025 жылы Шымкентте «Shymkent Creative Hub» креативті орталығы ашылды. Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан Әділхановтың айтуынша, орталықтың мақсаты – шығармашылық жобаларды қолдау, жаңа технологиялар мен идеяларды дамыту, салалар арасындағы ынтымақтастықты арттыру. Мұнда «Сақ» киностудиясы, дизайнерлер, суретшілер, зергерлер мен қолөнершілер жұмыс істейді. Хабта көрме, подиум, жұмыс аймақтары, конференц-залдар қарастырылған. Контент-мейкерлерге арналған шеберлік сабақтары да тұрақты түрде өткізіледі. Танымал видеограф Әділет Рахметолла үш күндік сабақ өткізіп, қатысушыларға заманауи контент жасау жолдарын үйретті. Сонымен қатар, «Креативті индустрияны дамыту: адамдар, идеялар, кеңістік» атты республикалық жиын өтті. Жыл басынан бері хаб бастамасымен 16 жәрмеңке ұйымдастырылып, кәсіпкерлер 3 млн теңгеден астам пайда тапты. Бүгінде креативті индустрия ассоциациясы құрамында 150-ден астам субъект тіркелген. Шымкентте креативті индустриямен қатар туризм де дамып келеді. Биылғы үш айда қалаға 100 мыңнан астам турист келді. Қалада 149 қонақүй жұмыс істейді. 2024–2025 жылдары 11 инвестициялық жоба іске асырылуда. Оның ішінде «Kazakh Hotel», «Diamond Hotel», «Mardan» және басқа да нысандар пайдалануға берілді. Инвестиция көлемі – 14,5 млрд теңге. Құрылыс барысында 240 тұрақты жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ «Hilton» қонақүйі салынып жатыр (35 млн доллар, 200 жұмыс орны). Бадам суқоймасы маңында «Omir Shymkent» глэмпингі құрылуда. Табиғат аясындағы демалысты ұсынатын бұл жоба ішкі туризмді дамытуға бағытталған. Қаладағы туристік нысандарға (Ибрагим ата, Цитадель, Дендросаябақ және т.б.) турникеттер орнатылып, «Visit-shymkent.com» порталы, 3D маршруттар, QR-кодтар іске қосылды. Шымкент халықаралық әуежайынан 12 ішкі және 12 халықаралық рейс ұшады, соның ішінде Сеул, Шанхай, Будапешт, Каир, Мюнхен қалалары бар.
Жыл сайын гастрономиялық «ДәмДәсTour», «Street Food Fest», «Drone Show» сынды фестивальдер ұйымдастырылады. Мысалы, «Drone Show» аясында аспанға 500 дрон ұшырылып, 50 мыңға жуық адам тамашалады. Сонымен қатар, «Blog tour» шеңберінде 30-ға жуық шетелдік блогер қатысқан іс-шара өтті.
Сыртқы байланыстар бойынша жыл басынан бері 25 дипломатиялық кездесу өтті. Франциямен бірлескен жол картасына қол қойылып, Парижде «Шымкент күндері» өтті. Сонымен қатар, Шымкентке ЕО елдерінің 18 елшісі, Қытайдың 12 компания өкілі, Ош қаласының делегациясы мен Болгария Президенті сапармен келді. Осы сапарлар аясында ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумға қол қойылды.
Жоғарыда айтылған бастамалар мен жобалар – Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының жүйелі жұмысының нақты нәтижесі.