adilettv

Инфрақұрылым құрылыс жұмыстары және инженерлік жүйелерді жетілдіру

Индустриялық аймақтардың тиімді және табысты жұмыс істеуі үшін ең басты алғышарт – бұл сапалы және толыққанды инженерлік инфрақұрылымның болуы. Онсыз заманауи өндірістерді орналастыру, инвесторларды тарту, тұрақты жұмыс орындарын құру мүмкін емес. Осыны ескерген Шымкент қаласының әкімдігі мен жергілікті атқарушы органдар инфрақұрылымдық мәселелерге ерекше назар аударып, бірқатар ауқымды жобаларды қолға алып отыр. Бұл жұмыстардың аясында электрмен жабдықтау, сумен қамту, кәріз жүйелері, газ желілері, жол-көлік инфрақұрылымы сияқты маңызды бағыттарда нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Мәселен, бүгінде «Жұлдыз» индустриялық аймағы қаланың негізгі даму нүктелерінің біріне айналуда. Бұл аймақтың инженерлік инфрақұрылымының құрылысы 90%-ға аяқталды. Жобаға республикалық және жергілікті бюджеттен 13,7 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген. Аймақ толық іске қосылған кезде мұнда 59 жаңа өндіріс ошағы салынбақ. Жобалардың толық жүзеге асуы нәтижесінде 4 000-нан астам адам жұмыспен қамтылатын болады. Қазірдің өзінде 7 кәсіпорын жұмысын бастап кеткен, оларда 951 адам еңбек етіп жүр. Бұл өндірістерге 39 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тартылған. Аталған 7 жобаның қатарында «Wan Sheng Ceramic» ЖШС-ның керамикалық тақта зауыты, «First Concrete Company» ЖШС-ның темір-бетон бұйымдары өндірісі, «Alem Stone» ЖШС-ның асфальт өндіру зауыты, «ДСК 17» ЖШС-ның үй құрылысы комбинаты, «Оңтүстік Ғимарат» ЖШС-ның асфальтбетон өндірісі, «Евро Знак» ЖШС-ның жол құрылысына арналған темір-бетон бұйымдары, сондай-ақ «Юг Oil Pro» фирмасының битум қабылдау және сақтау кешені бар. Тағы бір маңызды нысан – «Бозарық» агро-индустриялық аймағы. Оның жалпы аумағы 132 гектарды құрайды және мұнда 49,6 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылатын 25 жоба іске асырылмақ. Қазіргі таңда инженерлік инфрақұрылым желілерінің құрылысы 95%-ға орындалған. Бұл жұмыстарға 12,6 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар, аумақты сумен жабдықтау және кәріз жүйесіне қосу мақсатында бюджеттен қосымша 4,7 млрд теңге бағытталды. Аяқталғаннан кейін бұл аймақ ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындар үшін ыңғайлы алаңға айналады. Шымкенттің Сауда-логистикалық орталығы да кеңейту сатысында тұр. Орталықтың аумағы қосымша 136 гектарға ұлғайтылады. Бұл бағытта инженерлік инфрақұрылым тарту үшін қазіргі таңда техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) дайындалып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынған. Жоба аясында газ, су, кәріз, электр желілері, сондай-ақ автомобиль және теміржол жолдары тартылады. Жалпы, инфрақұрылымға жұмсалатын қаржы көлемі 8,9 млрд теңгені құрайды. Бұл – логистика мен көлік саласындағы жаңа жобаларға жол ашатын маңызды инвестиция. Энергетикалық инфрақұрылым саласында да елеулі қадамдар жасалуда. Қазіргі таңда қуаттылығы 100 мегаватт болатын «Жұлдыз» қосалқы стансасының жобасы дайындалып жатыр. Бұл станса 2026-2027 жылдары іске қосылады деп жоспарланған. Жобаның құны 15-18 млрд теңге шамасында. Бұл қосалқы станса іске қосылғаннан кейін «Жұлдыз» индустриялық аймағы мен оған жақын орналасқан өндірістік алаңдар электр қуатымен толық қамтамасыз етіледі. Бұл – өңірлік энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға және жаңа өндірістердің үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін аса маңызды жоба. Сонымен қатар, Шымкент қаласы әкімдігі индустриялық аймақтардың аумақтарын кеңейту бойынша да жұмыстар атқарып жатыр. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын 175 гектарға, ал «Жұлдыз» индустриялық аймағын 155 гектарға кеңейту үшін жалпы көлемі 330 гектар жерді мемлекет мұқтаждығына қайтару шаралары жүргізілуде. Бүгінде 288 гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне өтті, қалған бөлігі бойынша бағалау мен сот процестері әлі де жүріп жатыр. Жер мәселесі толық шешілгеннен кейін инженерлік инфрақұрылым жобалары дайындалып, іске аса бастайды. Осы кешенді шаралардың барлығы Шымкенттің инвестициялық тартымдылығын арттырып, индустриялық аймақтарды ұзақмерзімді даму сатысына шығарады. Инфрақұрылым – бұл экономикалық өсудің іргетасы. Заманауи инженерлік жүйелер, сенімді энергиямен жабдықтау, сапалы жолдар мен көлік қатынасы – бұларсыз ешқандай өндіріс тиімді жұмыс істей алмайды. Сондықтан да, қала әкімдігі индустриялық инфрақұрылымды дамытуға стратегиялық маңыз береді. Қорыта айтқанда, Шымкент қаласында инфрақұрылымдық жұмыстар жүйелі әрі нақты жоспарлар бойынша жүргізілуде. Бұл – өнеркәсіптік жобалардың сәтті жүзеге асуына, шетелдік және отандық инвесторлардың келуіне және жалпы қаланың экономикалық өсіміне тікелей әсер ететін негізгі фактор. Болашақта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатыны сөзсіз, себебі индустриялық даму – тұрақты әрі инклюзивті экономиканың кепілі.

Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

Министр қызметтен кететінін туған күні қарсаңында білген деседі

AdiletTV

КОНГО-ҚЫРЫМ ГЕМОРРАГИЯЛЫҚ ҚЫЗБАСЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ БАСТАЛАДЫ

AdiletTV

ЖАС АҚЫНДАРҒА ЖОЛ АШҚАН “КҮМІС ҚАЛАМ»

AdiletTV

Пікір қалдырыңыз