Соңғы жылдары Шымкент қаласы Қазақстандағы ірі өнеркәсіптік орталықтардың біріне айналып келеді. Елдегі үшінші мегаполис ретінде Шымкенттің экономикалық әлеуеті жылдан-жылға артып, өндірістік қуаты едәуір күшейіп отыр. Қалалық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, бүгінде шаһарда жалпы көлемі 1 276 гектарды қамтитын 7 өнеркәсіптік аймақ белсенді жұмыс істеп тұр. Аталған аймақтарда жалпы құны 670,1 млрд теңге болатын 427 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде қазіргі күнге дейін 304 жоба толық аяқталып, 323,9 млрд теңге инвестиция игерілді. Бұл жобалар нәтижесінде 9 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, мыңдаған тұрғын жұмыспен қамтылды. Мәселен, қаладағы ірі өнеркәсіптік белдеу саналатын «Оңтүстік» индустриялық аймағында бүгінде құны 130 млрд теңгені құрайтын 96 кәсіпорын тіркелген. Бұл кәсіпорындарда 3 064 адамға жұмыс орны көзделген. Қазіргі таңда 83 кәсіпорын іске қосылып, 2 785 адам нақты жұмыспен қамтылған. Жалпы, осы аймақтағы жобаларды жүзеге асыру үшін 120 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған. Тек 2024 жылдың өзінде ғана бұл аймақта 3 жаңа инвестициялық жоба іске асырылып, 68 жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, полиэтилен өнімдерін шығаратын «Easy Pack» зауыты, картон өнімдерін өндіретін «Бумпром» кәсіпорны және электр жабдықтары мен аккумулятор шығаратын «Береке Инвест-5» жобалары жүзеге асты. Сол сияқты, «Тассай» индустриялық аймағында да өндірістік белсенділік жоғары. Мұнда жалпы құны 95,3 млрд теңгеге бағаланған 42 жоба тіркелсе, қазіргі таңда 33 кәсіпорын іске қосылып, 2 195 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Аталған аймақта да жаңа жобалар бой көтеруде. Мәселен, 2024 жылы «Shymkent-Reklama» ЖШС жарнамалық құрылымдар өндіретін кәсіпорынды іске қосты. Жобаға 100 млн теңге инвестиция салынған және кәсіпорында 10 адам жұмыс істейді. Бұдан бөлек, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы да өндірістің жаңа дәуіріне қадам басып отыр. Мұнда жалпы құны 67,9 млрд теңгеге бағаланған 41 жоба жүзеге асқан. Бұл аймақ та шымкенттік және шетелдік кәсіпкерлер үшін тиімді әрі ынталандырушы орта қалыптастырып отыр. 2024 жылы осы аймақта тағы 4 инвестициялық жоба іске қосылып, 7,8 млрд теңге инвестиция игерілді. Атап айтқанда, «Balabi textile» шұлық бұйымдарын өндіретін фабрика, «Cleans Fabric» ылғалды майлық шығаратын кәсіпорын, «Nappa.kz» аяқкиім тігу фабрикасы және «Hayat cosmetics» майлық өндіру зауыты жүздеген адамды тұрақты жұмыс орындарымен қамтып отыр. Жалпы алғанда, Шымкент қаласының индустриялық аймақтары ел экономикасын әртараптандыру жолындағы маңызды құралға айналып келеді. Әсіресе, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары, логистика және машина жасау сияқты түрлі салаларды қамтуы – қаланың өндірістік базасының кеңдігін көрсетеді. Бұған қоса, мемлекеттік қолдау шаралары, жергілікті әкімдіктің кәсіпкерлікке жасаған жағдайлары мен жеңілдетілген инфрақұрылым бұл аймақтардың дамуына ерекше серпін беруде. Сонымен қатар, шетелдік инвесторлар тарапынан да қызығушылық артып келеді. Индустриялық аймақтарда салықтық жеңілдіктер, кедендік преференциялар, жер телімдерін ұзақ мерзімге жалға беру сияқты ынталандыру шаралары жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде жаңа технологиялардың келуіне, экспорттық бағыттағы өндірістердің дамуына және бәсекеге қабілетті отандық өнімдердің өсуіне оң әсерін тигізіп отыр.
Қорыта айтқанда, Шымкент қаласының индустриялық аймақтары мен арнайы экономикалық аумақтары – өңір экономикасының қозғаушы күші. Мұнда жүздеген өндірістік жоба жүзеге асырылып, мыңдаған адам жұмыспен қамтылуда. Бұл тек қаланың емес, бүкіл елдің өнеркәсіптік дамуына қосылған салмақты үлес деп сеніммен айтуға болады.