Шымкент қаласында ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті бастамасымен «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруға арналған өңірлік сессия ұйымдастырылды. Сессия жұмысына комитет өкілі Арман Мәлік төрағалық етті. Ол өз сөзінде бұл ұлттық жобаның ел экономикасының тұрақты дамуына, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және инженерлік инфрақұрылымның тиімділігін күшейтуге бағытталғанын ерекше атап өтті.
Сессия жұмысына қала әкімінің орынбасары Арман Сәбитов, табиғи монополия субъектілері, құрылыс және жобалау компаниялары, отандық өндірушілер мен кәсіпкерлер, қаржы институттары, салалық қауымдастықтар, сондай-ақ Түркістан және Жамбыл облыстарынан арнайы делегациялар қатысты. Іс-шара аясында энергетика мен коммуналдық секторларды жаңғырту бағытында жүзеге асырылып жатқан нақты жобалар, олардың нәтижелері мен инвестициялық мүмкіндіктері кеңінен талқыланды.
«Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы 2025–2029 жылдар аралығында еліміздің барлық өңірлерінде кезең-кезеңімен іске асырылады. Ұлттық жобаның жалпы құны – 13,6 трлн теңге шамасында бағаланып отыр. Бұл қаржының басым бөлігі электр желілерін, жылу және сумен жабдықтау жүйелерін, кәріз инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталады. Мысалы, тек электр энергетикасын дамытуға 3,8 трлн теңге, жылумен жабдықтауға 1,3 трлн теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Бұл жобалар елдегі инфрақұрылымның тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендетуге және апаттылықты 20%-ға азайтуға мүмкіндік береді.
Шымкент қаласы үшін бұл жоба аса өзекті. Себебі қазіргі таңда қаладағы кәріз жүйесінің 73,5%-ы, электр желілерінің 57%-ы, жылу желілерінің 37%-ы тозған. Аталған көрсеткіштер қаланың тұрақты дамуына, халықтың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруіне айтарлықтай қауіп төндіреді. Осыған байланысты, ұлттық жоба аясында Шымкентте 164,4 шақырым кәріз желісін жаңғырту жоспарланған. Бұл шара нәтижесінде жүйенің тозуы 16%-ға дейін төмендемек. 2026 жылға дейін қалада осы мақсатқа бөлінетін инвестиция көлемі 44,9 млрд теңгеге жетеді.
Сонымен қатар, қаладағы электр инфрақұрылымын жаңарту бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биылдың өзінде 180 шақырым электр желісі жаңартылып, 50-ден астам трансформатор ауыстырылды. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС 2025–2029 жылдары аралығында шамамен 39,5 млрд теңгенің жұмысын атқаруға міндеттеліп отыр. Бұл ретте тарифтерге түсетін салмақ 3–5% шамасында ғана өсетіні болжануда, бұл тұтынушыларға үлкен салмақ түсірмей, инфрақұрылымның сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сессияда ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, «Қазцентр ЖКХ» АҚ және «Қазақстан Даму Банкі» АҚ өкілдері жобаның іске асырылу барысы және алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады. Олар мемлекеттік қолдау, қаржыландыру тетіктері, инвестициялық модельдер мен бизнесті тарту жолдарын егжей-тегжейлі түсіндірді.
Ұлттық жобаны тиімді жүзеге асыру үшін мемлекеттік құрылымдар, бизнес өкілдері және сарапшылар қауымдастығы арасында тығыз әріптестік орнату қажет. Осы ретте, жобаны іске асыру барысында отандық өндірушілер мен құрылыс саласындағы компанияларды белсенді түрде тарту негізгі басымдықтардың бірі болып отыр. Бұл өз кезегінде ішкі нарықты дамытуға, жұмыс орындарын құруға және өнімдер мен қызметтердің отандық құрамын арттыруға ықпал етеді.
Өңірлік сессияның басты мақсаты – ұлттық жобаның мазмұнын түсіндіру, тәжірибе алмасу, сондай-ақ коммуналдық инфрақұрылымдарды жаңғырту үдерісіне барлық мүдделі тараптарды тарту болды. Арман Мәлік атап өткендей, жоба тек мемлекеттік құрылымдардың ғана емес, сонымен қатар жеке сектор мен қаржы институттарының белсенді қатысуымен жүзеге асырылуы тиіс. Инфрақұрылымды жаңарту – бұл тек экономикалық көрсеткіштерді жақсарту емес, сонымен бірге халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ұзақмерзімді стратегиялық қадам.
Қорытындылай келе, «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы – Шымкент қаласының инфрақұрылымын түбегейлі жаңартуға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, сонымен қатар экономиканың түрлі секторларында тұрақты өсімге қол жеткізуге бағытталған маңызды бастама. Бұл жоба арқылы қаланың энергетикалық қауіпсіздігі артып, тұрғындардың тұрмысы жақсарып, бизнеске де қолайлы жағдай жасалатын болады.