▪️Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің «Тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күніне» арналған мерекелік іс-шарасы өтті. Аталған шара этномәдени бірлестіктердің ұлттық көрмесін тамашалаумен басталды.
▪️Салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері, облыстық ҚХА жанындағы «Ел бірлігі» депутаттық тобы мен облыстық ҚХА мүшелері, облыстық ҚХА жанындағы құрылымдардың, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, сондай-ақ Ассамблея жастары, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
▪️Мерекелік іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев және облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов сөз сөйлеп, қоғамдық келісім мен елдің бірлігі мемлекетіміздің басты байлығы екендігін атап өтті.
▪️Өзбекстанның Алматы қаласындағы Консулдығының бірінші хатшысы Эркинжан Абдукоюмов Қазақстанның толеранттылық ұстанымы әлемдік қауымдастыққа ерекше үлгі екенін тілге тиек етсе, Қазақстан өзбектері «Достық» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов, облыстық өзбек этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бахадир Ирисметов жүрекжарды лебіздерін білдіріп, ынтымақ-бірлігімізді көздің қарашығындай сақтауға шақырды.
▪️Мерекелік жиында этносаралық татулықты нығайтуға, еліміздің өркендеуіне елеулі үлестерін қосып жүрген бірқатар азаматтар Президент Жарлығымен бекітілген «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» және Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестігінің «Дуслик» қауымдастығына 30 жыл» мерекелік медалдарымен, ҚХА-ның «Алғыс» төсбелгісімен, сондай-ақ ҚХА-ның, Қазақстан өзбектері «Достық» қауымдастығының Алғыс хаттарымен, Түркістан облыстық мәлихатының Грамотасымен және Түркістан облысы әкімі орынбасарының Алғыс хатымен марапатталды.
▪️Берекелі бірлікке үндеген іс-шара облысқа танымал мәдениет саласы өнерпаздары мен этномәдени бірлестіктер өкілдерінің мерекелік гала-концертіне ұласты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
АЛДЫҢҒЫ ПОСТ