🔷 Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппарат отырысы өтті. Күн тәртібінде биылғы тоғыз айда мемлекет кірісіне өндіру бағытында сот орындаушыларының атқарған жұмыстарының қорытындысы, қаладағы эпидемиологиялық ахуал және көгалдандыру ісінің барысы қаралды.
🔷 Қалалық әділет департаментінің басшысы Айнұр Исабекованың айтуынша, жыл басынан бері Шымкентте сот орындаушыларының өндірісінде мемлекет пайдасына өндіру туралы 187 мыңнан астам атқару құжаты болған. Оның 70 мыңнан астамы аяқталған, ал нақты орындалғандарының үлесі 69,7 пайызды құрайды. Бұл санат бойынша өндірілген қаражат көлемі 2,3 миллиард теңге.
🔷 Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Талғат Сермаңизовтың мәліметінше, қалада санитариялық-эпидемиологиялық ахуал тұрақты. 2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша жұқпалы аурулардың өршуі тіркелмеген. Қаланың барлық аймағында профилактикалық және дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Барлық шаралар тұрғындардың денсаулығын қорғауға және аурудың алдын алуға бағытталған.
🔷 Қаланы көгалдандыру жұмыстарының барысы туралы қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілқайыр Оңғар баяндады. Айтуынша, бұрынғы тұрмыстық қалдықтар полигонының орнында салынып жатқан «Экопарк» аумағында ауқымды көгалдандыру жұмыстары қолға алынбақ.
🔷 Атап айтқанда, демеушілердің қолдауымен 5 мың ағаш отырғызылып, газондарды суару үшін 9 ұңғыма бұрғыланады және 13 гектар аумаққа автоматты суару жүйесі орнатылады. Бұдан бөлек, 1 800 жеміс ағашы отырғызылып, 8 гектар жерге тамшылатып суару жүйесі енгізіледі.
🔷 Сонымен қатар көктемгі ағаш отырғызу маусымында жаңа шағынаудандар мен басты көшелерде 3 мың көшет егілген. Ал күзде қосымша 7 800 ағаш отырғызу жоспарланып отыр.
🔷 Бұдан өзге, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қаладағы негізгі көшелер мен саябақтарда 22 мыңнан астам көпжылдық гүл отырғызылды. Жалпы, қала көлемінде 40 мың шаршы метр аумаққа 1,6 миллион қызғалдақ егілген.
🔷 Жиын қорытындысы бойынша қала әкімі жауапты басшыларға қойылған міндеттердің орындалуын қатаң бақылауға алып, барлық жоспарланған жұмыстардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.