Шымкент қаласында кәсіпкерлермен бірге маңызды кездесу өтті. Жиынға ҚР энергетика министрлігі, Қаржы министрлігі, Сауда және интеграция министрлігі, сондай-ақ, Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері қатысты. Кездесуде мемлекеттің экономикалық саясаты мен жаңа Салық кодексінің мазмұны кеңінен түсіндірілді. Шараның мақсаты-кәсіпкерлерге заңнамадағы жаңашылдықтарды таныстырып, бизнесті дамытуға бағытталған мүмкіндіктерді талқылау.
ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті басқармасының басшысы Еділ Азимшайықтың айтуынша, жаңа Салық кодексінде бірқатар маңызды өзгерістер қарастырылған. Атап айтқанда, корпоративтік табыс салығына дифференциалды мөлшерлемелер енгізілді. Бұрын бұл салықтың мөлшері барлық заңды тұлғалар үшін 20 пайыз деңгейінде болса, 2026 жылдан бастап сала ерекшелігіне қарай әртүрлі мөлшерлеме қолданылады. Енді ірі банктер мен құмар ойындарын ұйымдастырушылары 25 пайыз көлемінде салық төлейді. Ал әлеуметтік бағыттағы ұйымдар мен ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін бұл көрсеткіш небәрі 3 пайыз болып белгіленді. Мамандардың пікірінше, мұндай өзгерістер салық жүйесін әділ әрі тиімді етіп, экономиканың нақты секторын қолдауға мүмкіндік береді.
ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов экономикалық саясаттың басты мақсаты – елдің тұрақты дамуы мен халықтың өмір сапасын арттыру екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда мемлекет бизнесті дамытуға және кәсіпкерлік ортаны жақсартуға ерекше көңіл бөлуде. Бұл бағытта салық және қаржы тетіктері жетілдіріліп, кәсіп иелеріне қолайлы жағдай жасалуда. Сонымен қатар Нұржанов Жәнібек тарифтік саясаттың маңыздылығына тоқталып, оның негізгі мақсаты – тұтынушылар мен қызмет көрсетуші ұйымдардың мүдделері арасындағы тепе-теңдікті сақтау екенін айтты. Мемлекет әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ете отырып, инфрақұрылымды жаңарту, инвестиция тарту және кәсіпорындардың тиімділігін арттыру арқылы тарифтік реттеуді кезең-кезеңімен жетілдіруде.
Айта кетейік, мамандардың айтуынша, құжат салық жүйесін әділ әрі тиімді етуге, кәсіпкерлікті қолдауға және экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар тарифтік саясатты жетілдіру мен әлеуметтік әділеттілікті сақтау мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
Келесі пост