

Бүгін Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына орай «Әзірбайжан этносының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі» атты мерекелік іс-шара өтті.
⠀
Іс-шараны «Шымкент қалалық әзербайжан мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі мен Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бірлесе өткізді.
Мерекелік жиынға Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының м.а. Заңғарбек Үсіпахметов, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нүркен Әлімқұлов, қаламыздағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері, мәдениет және білім саласының қызметкерлері, сондай-ақ жастар ұйымдарының белсенді мүшелері қатысты.
Іс-шараның ашылуында Заңғарбек Үсіпахметов құттықтау сөз сөйлеп, жиналғандарды Республика күнімен құттықтады.
⠀
«Бүгінгі мереке – халқымыздың бірлігін, этностар арасындағы татулық пен өзара құрметті айғақтайтын тағылымды шара. Қазақстан халқының мәдени байлығы мен тілдік алуандығы – біздің ең үлкен құндылығымыз. Республика күні қарсаңында осындай іс-шаралардың өтуі еліміздегі бірлік пен келісімнің айқын көрінісі», – деді ол өз сөзінде.
Мерекелік бағдарлама аясында көрермендерге әзірбайжан халқының көне дәстүрі мен заманауи мәдениетінің үйлесімін бейнелейтін түрлі қойылымдар ұсынылды. Кеш барысында ұлттық би және ән өнері, поэзиялық композициялар, әзірбайжан тіліндегі халық әндері орындалды.
⠀
Балалардың орындауындағы Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қазақ және әзірбайжан тілдерінде оқылған поэтикалық нөмірлер көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Жексенбілік мектептің шәкірттері өз өнерлерін ортаға салып, белсенді қатысқаны үшін алғыс хаттар мен грамоталармен марапатталды.
⠀
Сонымен қатар, қонақтар әйгілі әзірбайжан композиторларының туындыларын тыңдап, ұлттық музыкалық аспаптар – тар, кеманча және нақараның үнімен безендірілген әуендерді тамашалады. Іс-шара соңында қатысушылар этностар арасындағы достық пен мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтті.
⠀
Мерекелік кеш қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, көпұлтты Қазақстандағы ынтымақ пен өзара түсіністіктің жарқын үлгісіне айналды.
