Шымкент қаласында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жаңа мүмкіндік ашылды. 2025 жылдың 29 қазаны мен 5 қарашасы аралығында әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін қайтарымсыз мемлекеттік гранттарға өтінім қабылдау басталады. Өтінімдер kezekte.kz электронды порталы арқылы қабылданады.
Гранттарға әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері тізіліміне енгізілген кәсіпкерлер мен «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалистері қатыса алады.
Өтінім беру тәртібі қарапайым:
1. Электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы kezekte.kz порталына тіркелу;
2. Пайдаланушы келісіміне қол қою;
3. Белгіленген үлгі бойынша бизнес-жоспар әзірлеу;
4. Өтінімді жіберу.
Мемлекеттік гранттар төмендегі мақсаттарға беріледі:
• Тауар өндіру немесе қызмет көрсетуге қажетті негізгі құралдарды алу, жаңғырту, реконструкциялау немесе күрделі жөндеу;
• Шикізат пен материалдар сатып алу;
• Материалдық емес активтер мен технология сатып алу;
• Франчайзингке құқық иелену;
• Зерттеу жұмыстары мен жаңа технологияларды енгізу шығындарын өтеу.
Грант иегерлері арнайы комиссия шешімімен анықталады. Үміткерлер өз жобаларын комиссия алдында таныстырып, қорғауы тиіс. Бағалау барысында жобаның әлеуметтік бағыты, тиімділігі, дайындық деңгейі, инфрақұрылымның болуы, бәсекеге қабілеттілігі мен экономикалық негіздемесі ескеріледі.
Комиссияның шешімі үміткердің kezekte.kz порталындағы жеке кабинетіне жіберіледі. Егер жоба қолдау тапса, кәсіпкермен келісімшарт жасалып, қаражат тікелей оның есепшотына аударылады.
Бұл бастама – әлеуметтік кәсіпкерлікті жандандырып, қоғам игілігіне қызмет ететін жобаларды қолдауға бағытталған маңызды қадам.